Пікір • 09 Ақпан, 2024

Өзекті зәруліктерді ескерген жөн

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстарын үнемді пайдалану және фермерлерге жан-жақты қолдау көрсету мәселелеріне баса назар аударды.

Өзекті зәруліктерді ескерген жөн

«Негізгі мәселе – қажетті қаржының жеткіліксіз бөлінуі. Сондай-ақ инвестиция тапшылығы бар, бұл техниканың тозуына, егіннің жоғалуына және өнімнің тапшылығына әкеледі. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат екі есе ұлғайтылуға тиіс. Көктемгі далалық және күзгі жұмыстарға, сондай-ақ инвестицияланған жобаларға және лизинг беруге кредиттерді ұлғайту қажет. Есептеулерге сәйкес, бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есе арттыруға ықпал етеді», деді Президент.

Өңірдің даму болашағы жалпы мемлекетіміздің өркендеуі мен қауіпсіздігіне зор ықпал етеді. Бұл бағытта Сенат депутаттары ауқымды жұмыс атқарып келеді.

Алматы мен Жетісу өңірлерінің су жүйесі мәселесімен Үкіметке бірқатар депутаттық сауал да жолданды. Нақты айтатын болсақ, Алматы мен Жетісу облыстарында су қоймасын салу қажет. Балқаш ауданындағы «Тасмұрын» магистральдік каналының бойын шөгінділер мен су өсімдіктерінен, бұталардан тазарту керек. Бұл егістікті қажетті тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бастысы, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жол ашады.

Президент өткен жылы Жамбыл облысының фермерлері су тапшылығынан қатты зардап шеккенін,  биыл да құрғақшылық болуы мүмкін екенін ескертті. Түркістан және Қызылорда облыс­тарында су тапшылығы ерекше жоғары екенін де ескерді. Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Агралық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитеті ақпан айына «Су ресурстары: тұрақты сумен қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында Қызылорда облысында көшпелі отырыс өткізеді. Іс-шарада өңірдегі су, суармалы жерлердің жай-күйі, суа­ру жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту мәселелерін Үкімет әзірлеген жаңа Су кодексі жобасы аясында талдау жоспарланып отыр.

Су ресурстарына сұраныстың өсуі басқару мен пайдалану шараларының тиімсіздігінен туындап отыр, суды ортақ басқару тәжірибесін ұсыну қажет. Бұл тараптардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді және бассейннің барлық параметрі бойынша пайда мен тәуекелдерді бөлісуді қамтиды. Президент айтып өткендей, мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну қажет, салалық қаржы институттарының қызметтерін біріктірген жөн.

Сондай-ақ  Үкімет отырысында айтылған аграрлық-кредиттік корпорацияның әлеуетін күшейту және оған ауыл шаруашылығын субсидиялау жөніндегі әкімдіктердің функцияларын беру қажеттігі – орынды идея. Ол үшін бір цифрлық платформа аясында АӨК субъектілерін жеңілдетілген кредиттеу және субсидия­лау қызметтерін біріктіру қажет.

Ұлттық мүдделерді қорғау осы бағытта жүргізілуі керек. Ең алдымен, мемлекетке тиімді мәселелерді шешуіміз қажет. Сондықтан су мәселесін Орталық Азия мемлекеттері арасында басым бағыт ретінде көтеретін уақыт келді. Сонымен қатар Орталық Азияда гидрология және оның мониторингі толық зерттелмеген, сонымен қоса ғылыми зерттеулер, әлеуметтік сауалнамалар жүргізілмеген. Бұл шешімін бірлесіп табатын мәселеге айналды.

 

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

Сенат депутаты