Саясат • 09 Ақпан, 2024

Жауапкершілік кезеңі

161 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылы жалпы экономика 5,1 пайызға өсіп, даму қарқыны бәсеңдемеді. Десек те қазір Үкіметке жайбарақат отыратын емес, жаңа серпінмен іске кірісетін уақыт. Мақсат айқын, бағыт белгілі, енді қателіктерді жою қажет.

Жауапкершілік кезеңі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерді орындау үшін Үкімет пен әкімдіктерге берілген құзырет дұрыс қолданылмай, сал­да­ры­­нан реформалардың жүзеге асы­рыл­май жатқанын айтып, жұ­мыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуді, ұста­ным­дарын жүйелеуді, эконо­ми­каның ұзақ­мерзімді дамуын қам­та­масыз ету­ді тапсырды.

Кейінгі бес жылда салық тапшы­лы­ғы 11 трлн теңгеден асып кеткен. Бизнестің өркендеуіне салық кедергі болып жатқан жағдайлар бар. Сон­дық­тан бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, нақты қолдауды көбейтіп, салықты жүйесіз өсіруден бұрын Үкіметке алдымен қуатты эко­­номика қалыптастыру керек. Пре­зидент салық жеңілдіктерін 20%-ға азайту тапсырмасының орын­дал­мағаны мен шешу жолда­рының әзірленбегеніне тоқталды. Сондай-ақ салық жүйесі цифрландырылмақшы. Президент мемлекеттік кірістер ко­­митетінде 2000-2014 жылдары қо­сылған 14 ақпараттық жүйенің кеңінен қолданылмағанына, жаңа халықаралық жүйеге ауыспағанына назар аударып, ведомствоның бар­лық ақпараттық жүйесіне ІТ-аудит жүргізуді, жаңа Салық кодексін әзір­леу­мен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырды. Жалпы, салық және бюджет саласын түбегейлі реформалап, соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасап, осылайша ұлттық та­бысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптастырылмақшы. Бұл – Үкі­­меттің алдында тұрған негізгі басым­дық болмақ.

Президент негізгі капиталға са­лын­ған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесінің аза­йып кеткені елдің даму қарқынына қауіпті екенін жеткізді. Ішкі-сыртқы инвестицияны көбейту қанша айтылса да айтарлықтай орындалмай келеді. Мысалы, көптеген облыс отыз жылдан бері дотацияға қарап, тіпті аудандардың облыс пен республикалық бюджетке кі­ріп­­тарлығы – инвестиция тарту мен экономикалық дамуға деген жайбасарлықтың салдары. Бізде барлық дерлік сала сыбайлас жемқорлықтың салдарынан оңалмай жатыр. Президент ақша жүретін жерге мейлінше адами факторды араластырмай, барынша бюрократиялық міндеттемелерді азайтып, тіпті инвесторларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сол сияқты жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу да өте құптарлық іс. Депутаттар жарты жылда бір рет аудан аралап, құрылыс нысандарымен танысамыз. Әбден қаңқасын тұрғызып, қабырғасы қаланып, едені төселіп қойғанда сапалы салынуын талап етуге кеш болады. Сондықтан мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін құрылыс, мемлекеттік қолдау аясында іске қосылатын жобаларға міндетті түрде мониторинг жүргізу керек. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Заң нормаларын әркімнің өз қалауына қарай икемдеуге тыйым салынды. Тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар мен белгіленген мерзімді бұзғаны, жұмысты сапасыз атқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек. Өйткені құрылыс саласында олқылық өте көп. Сондықтан сапаға мән беріліп жатыр.

Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау – мемлекеттің эконо­ми­калық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуына мүм­кін­дік беретін реформа екені айтылды. Президент отын-энергетика нары­ғын­дағы қателіктердің соңы немен аяқталғанын еске салды.

Қолдан тапшылық тудыра берсе, жанар-жағармайға да сұраныс төмендейтін қауіп бар. Көлік индустриясында озып кеткен елдер электрокарлар шығарып, күн көзінен қуат алып жүретін көліктер нарықты жаулайтын келешек келе жатыр. Мәселен, Өзбекстан өз көліктерімен алдымен ішкі сұранысты толықтай дерлік қамтамасыз етіп, сосын сыртқы нарыққа шығарды. Кез келген экономикасы мықты мемлекет алдымен өз өнімдерінің саудасын өз елдерінде жүргізеді. Бұл – әрі экономика әрі идеология үшін тиімді тактика. Біздің елге көліктің ескісі де, жаңасы да шеттен әкелінеді. Бір монополисті қолдау үшін ескі көлік мініп жүргендерге экология мен салықты сылтауратып тиіспеу керек. Өйткені шеттен келген арзан көліктің де бағасы утиль алым мен жоғары салық, одан қалса автосалондар мен банктердің өсімінің кесірінен қымбаттап кетіп жатыр. Ел ішінде «Сергектің» миллиондаған айыппұлынан арзан ескі көлік міне­тіндер өте көп және олардың нақты ақшаға сатып алуға қаражаты жоқ. Көпшілігі банктерден несиеге алса, жағдайы жетпейтін жастар арендаға алып, күніне 13-15 мыңнан төлеп те мініп жүр. Өз күнін өзі көріп жүргендерге аяққа нық тұрып кеткенше, ең болмаса, жаңасын алғанша ескісіне, борышынан құтылғанша көлік иелерін тығырыққа тіремеу керек деп есептеймін. Олар да ескі көлікті бекер мініп жүрген жоқ. Күнкөріс, жанбағыстың қамы үшін мініске жаратып жүр емес пе?

Ұялы байланыс, интернет сапасы­ның нашарлығы мен мүлде жоқтығы, тариф төлемдерінің өсіп кеткені Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмапты. Қазір көп жұмыс, тіпті оқушылардың сабақтары да бай­ланыс жүйесіне байланып тұрған­дық­тан, қызмет көрсету сапасы жоғары болуы керек. Өкінішке қарай, абоненттердің мұқтаждығы мен мәжбүрлігін пайдаланып өз қалтасын ойлап жатқан ұялы байланыс операторлары да заңсыздықтар мен бассыздықтарға барып жатыр. Бұл саладағы бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, жалпы заңсыздықтарды жою міндеті қойылды. Президент Үкіметке мем­ле­кеттік меншік тізілімін қайта қа­рауды және жекешелендіру үдері­сі­нің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды. Жекешелендіруді тиімді жүргізу экономиканың еркін дамуына жол ашады.

Индустрия саясатын жүргізу үшін арнайы министрлік құрылғанына бір жылдан асты. Өндірістің өркендеуіне тың серпін береді деген үміт ар­тыл­­ғанымен сенім әлі ақталған жоқ. Ми­нистрліктің алдына даму бағ­дарын анықтап, озық технология қолданылатын жаңа өндірістер ашу міндеті тұр. Жобалар дайын болса жос­пар әзір емес. Өндірісті жүйелі дамыту үшін де Үкімет жетекшілік етуі керек. Әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай өндірісті жүргізу керек. Әсіресе ауылдарда жұмыссыздықты жою үшін зауыт-фабрикалар салу керек. Жүйе жұмыс істемей тұр. Сол үшін де Президент ел дамуына білімімен үлес қосатын экономистермен жұ­ды­рықтай жұмылуға шақырды.

Ауыл шаруашылығының ахуалы нашар. Былтыр қант қызылшасы мен мақта өсірген өңірлерде диқан­дар еккенін орса да, төккен тері ақтал­мады. Қызылша іріп, жүгері шіріп кетті. Батысқа малға жем жетпей жатты. Су тапшылығынан да шы­ғынға ұшырағандар бар. Прези­дент айтқандай агроөнеркәсіпке бөлі­нетін қаржы көлемін екі есе ұлғайтып, оңалту қажет. Көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несие көлемін 1,5 трлн теңгеге, ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд теңгеге, лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд теңге бөлінетінін естіп, қуанып қал­дық. Шынымен де жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 па­йызы жаңартылса, жалпы өнім көлемі 2 есеге ұлғаяды.

Ешбір қазба байлығы жоқ жерде ауыл шаруашылығын дамыту әлемдік тәжірибеде бар. Агрономдар осы бағытта зерттеулер жүргізіп, әр аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарын түзу керек. Әркім өз бетінше егін салса да, бәрібір біз осы сала арқылы да мол табысқа жетуді көздесек жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылығы – кей облыстың көшін бастап отырған күретамыр. Сондықтан министрлік мамандары ауылдарды аралап, өз көз­дерімен көріп, жағдайды түзесе, игі еді.

Бюджеттен бөлінген қаржы мақ­сат­ты жұмсалып, жөнімен иге­рілсе, барлық бастама сапалы атқарылып, пайдалануға берілсе, ешбір мәселе қайта-қайта туындамас. Осы жолда жаңадан іске кіріскен Үкіметке де сәттілік тілейміз. 

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты