Үкімет • 09 Ақпан, 2024

Президент жүктеген міндеттер айрықша назарда

126 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды ратификациялап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Президент жүктеген міндеттер айрықша назарда

Жаңа қызметіне сәттілік тіледі

Палата төрағасы алдымен Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сын­да Мемлекет басшысы белгі­леп берген әлеуметтік-эконо­микалық дамуға қатысты міндет­терге тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмаларын іске асыру жолында барлық мүдделі тарап күш жұмылдырып, өзара іс-қимылды арттыру қажет екенін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген міндеттер депутаттардың ерекше назарында болуы керек. Палатаның іс-шараларын ұйымдастыру кезінде де жан-жақты ескеруіміз қажет. Сенат жүктелген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондықтан барлық мемлекеттік органмен қоян-қолтық жұмы­сы­мызды жалғастыра береміз. Алдағы уақытта елімізді одан әрі дамыту жолында жаңа Үкіметпен бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», деді Сенат төрағасы.

Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев әріптесіне заң шығару ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Еуразиялық экономикалық одақ ішінде және ҚҚС төлеудің ашық тетігі бар үшінші елдермен де салық салудың тең жағдайын жасауға ықпал етеді. Ол үшін хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында көрсетілетін элек­трон­дық қызметтер үшін жанама салық мәселелерін реттейді. Осылайша, заң салық салынатын базаны кеңейтуге, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Палата отырысында «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да мақұлданды. Аталған келісім екі ел арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалады. Келісімді ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы шаралар ын­тымақтастығын арттыруға және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізбек.

 

Тұлғалар есімі тасада қалып келеді

Сенаторлар отырыста маңыз­ды мәселелерге қатысты депутат­тық сауалдарын жолдады. Мәсе­лен, Бибігүл Жексенбай еліміздің ке­ңестік кезеңде де ұлтқа қыз­мет еткен көрнекті тұлғалар ең­бегін зерделеуді және мерейтой шең­берінен шығып, жүйелі жұмыс жүр­гізуді ұсынды. Бұл патриотизм мен мемлекетке қызмет ету­ді нығайта түседі. Депутаттың ай­туынша, Қазақстанның кеңес ода­ғы кезіндегі тарихында те­рең білім, қажырлы еңбегі және табан­дылығымен елдің ұлттық мүд­десін батыл қорғап, қоғамдағы түр­лі саланың дамуына баға жетпес үлес қосқан мемлекет және қо­ғам қайраткерлері жеткілікті. Сена­тор ұлттық білім, ғылым жүйе­сін қалыптастыруға жә­не қазақ тілін дамытуға зор үлес қосқан Шайсұлтан Шаях­метов та осындай өнегелі жан екенін атап өтті.

«Шайсұлтан Шаяхметов – 1960-1986 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден аса қазақ мектебінің негізсіз жабылып, аралас мектепке айналғанын тота­ли­тарлық жүйеден қаймық­пай, ашық жазған тұңғыш саясат­­кер. 1992 жылы 18 қаң­тар­да қабылданған тәуелсіз Қазақ­станның тұңғыш «Білім туралы» заңын Ш.Шаяхметов әзірлеп, сол «Шаяхметовтің заңы» елі­міздегі мемлекеттік емес оқу орын­дарының құры­луы­на, же­ке­меншік балабақша, мектеп­тердің ашылуына негіз болды. «Болашақ» бағдарламасының негізін салып, 1989-1991 жыл­дары министрлік 15 шет мем­лекеттің министрлігімен, жоғары оқу орындарымен байланыс жасады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына бастамашылық етіп, мемлекеттік тілді жедел оқыту орталығын ашуға мұрындық болды. Қазақ терминологиясының тәуелсіздік жылдарында дамуына да үлкен үлес қосты. Осы уақытқа дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегін бағалау назардан тыс қалып келеді», деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор танымал тарихи тұл­ғалардың өмірбаянын жоғары оқу орындарының бағдарламасында белсенді түрде зерттеуді ұсынды. Атап айтқанда, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының сту­денттері үшін Шайсұлтан Шаях­­метов атындағы стипен­дия тағайындау туралы мәсе­лені қа­рау керек. Депутат сонымен қатар Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практи­ка­лық орталығын толыққанды ұлт­­тық ғылыми институт ретін­де қай­та құру, сондай-ақ Алма­ты қа­ласындағы педагог кадр­лар­­дың біліктілігін арттырудың рес­­пуб­­ликалық институтына Ш.Шаях­метовтің есімін беруді ұсынды.

 

Жауапкершілік бәріне ортақ

Депутат Андрей Лукин анық­тал­ған құқық бұзушылық факті­лері, кәсіпкерлердің мүдде­лері мен жауапқа тартылған кінәлі­лердің саны арасындағы тең­герімсіздік мәселесіне назар аударды. Сенатор бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жетілдірілмеуі себеп екенін айтып, құжатқа бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

2023 жылы бизнес субъек­тілеріне қатысты 14 мың заңсыз тыйым алынып тасталды, 500 млн-нан астам теңге болатын 4,5 мыңның үстінде айыппұл жойылды. Заң талаптарының бұзылғаны үшін мемлекеттік органдар тарапынан 680 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 121 адам әкімшілік жазаға тар­тылды. Сенатор кінәлі қыз­меткерлер көп жағдайда тәртіптік жазаға тартылу немесе жауапты болудан мүлдем жалтаратынын атап өтті.

«Бірінші кезекте, алшақтық ӘҚБтК-нің 173-бабы құрамы құ­ры­лымының әлсіздігіне байланысты болып отыр. Кейінгі 6 жылда осы баппен 63 құқық бұзушылық тіркелді. Осы құқық бұзушылықтың субъектілері – тек қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, ал қалған мемлекеттік органдарды осы баппен жазаға тартуға болмайды», деді А.Лукин.

Сенатор айтқан алшақтықтың тағы бір себебі – ӘҚБтК-нің 32-ба­бына сәйкес тәртіптік жа­за­ла­нуға тиіс әскери қыз­мет­­шілерді, арнаулы және құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін кәсіпкерлік қызмет­ке заңсыз араласқанына әкім­шілік жауаптылыққа тарту мүм­кіндігінің болмауы. «Осы құқық­тық олқылықты жою мақсатында ӘҚБтК-нің 173-бабының диспозициясын қайта қарауды ұсынамыз. Кодекстің 173-бабы 2-бөлігімен толықтырылсын, егер оларда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, заңды кәсіпкерлік қызметпен ай­налысуға кедергі келтіруге бай­ланысты іс-әрекеттерге жа­уап­тылық көзделсін», деді сенатор.

 

Шекаралық ауылдар өркениеттен шет қала ма?

Үкімет шекара маңындағы ауыл­дарда тұратын азаматтардың өмірін жақсарту жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет. Сена­тор Арман Өтеғұлов депу­таттық сауалында ауыл тұрғын­дарының мәселелерін жария етті.

Оның мәліметінше, еліміз­дің шекаралас аудандарында 1 мил­лион 786 мың адам тұра­тын 1 892 елді мекен орналас­қан. Оның ішінде Батыс Қазақ­стан облысындағы шекара ма­ңындағы 121 ауылда 91 мың­нан астам халық тұрады. Депу­тат олардың барлығы дер­лік жолдың нашар екендігі, су­дың жетіспеуі, интернет пен ұялы байланыс сапасының төмен­дігі, жұ­мыс­сыздық деңгейі­нің жо­ғары­лығы және т.б. мәселе­лермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.

«7 ауданның 25 елді мекені ауызсумен толық қамтылмай, суды құдықтан немесе тасымалдау арқылы ішіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласына субсидия мен микрокредиттер шекара маңындағы ауылдарды толық қамтымайды. 10-нан астам елді мекенде интернет мүлдем жоқ, ал электр энергетикасы жүйесінің тозу деңгейі 90%-ға жетіп отыр. Облыс орталықтарынан өте алыс жерде орналасқан елді мекендердің көптігін есепке алғанда оларды жалғайтын жолдар да тозығы жеткен», деді сенатор.

Сенатор Өтеғұлов Премьер-министрге арнаған сауалында осы мәселелерді шешу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар арасында шекаралас елді мекендер үшін ерекше артықшылықтар беруді, сондай-ақ шекаралас елді мекендерге инвестициялық салымдардың тартымдылығын арттыру үшін шығыстардың өтеу пайызын салыстырмалы түрде жоғарылатуды ұсынамын. Ауыл шаруашылығы саласына инвесторларды тарту арқылы өндіріс қуатын ұлғайту керек. Сондай-ақ ауыл кәсіпкерлігін дамытудың негізгі проблемаларына, оның ішінде кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты несие ресурсына қол жеткізу мүмкін еместігіне назар аудару қажет», деді депутат Арман Өтеғұлов.

Сондай-ақ отырыс барысында сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысының «Ертіс Орманы» орман резерватында ауылдарды су басу және өрт шығу қаупі төніп тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты депутат Үкіметті аталған проблемаларды шешуге арналған шараларды қаржыландыруға ықпал етуге шақырды. Ольга Булавкина да Абай облысында орман шаруашылығы және жан­уарлар дүниесі қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын арттыру мәселесін көтерді.

Депутат Жанболат Жөрген­баев Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институты генетикалық банкі­нің қызметін жандандыруды және ауыл шаруашылығы дақыл­дарының негізгі ресурстарын то­лықтыру, сақтау, өсімін молай­ту бағытындағы жұмысты тиісті дең­гейде қаржыландырып, оған «Ұлттық» мәртебе беруді ұсынды.

Ал Руслан Рүстемов Сыр өңірінде суармалы жерлердің тұздануына байланысты алаң­даушы­лық білдірді. Депутат атап өт­кендей, қазіргі таңда Қызыл­орда облысында мамандан­дырылған топырақтану зертханасын ашу қажеттілігі артып отыр.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев елдегі әуежайлар қауіпсіздік стан­дарт­тарына сәйкес келмейті­нін және әуекомпаниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығын айтса, Бекболат Орынбеков «Қарасу-Өтеген» учаскесіндегі республикалық жолды күрделі жөндеуге және «Қордай» ше­каралық өткізу бекетінің жұмы­сын жақсартуға қатысты мәселені қозғап, сауал жолдады.