Сұхбат • 09 Ақпан, 2024

Әли Әкбар Джоукар: Мәдени және туристік байланыстың әлеуеті зор

262 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» дейді. Бір қызығы, дәл осы мәндегі мақал парсы халқында да бар екен. Бұл – қай елде, қай заманда болсын тату көршіліктің тұғыры әрдайым биік екенін білдіретін пәлсапа. Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Әли Әкбар Джоукармен сұхбатымызда да біз екі ел арасындағы достық байланыстар мен ортақ құндылықтар жайын әңгіме арқауына айналдырдық.

Әли Әкбар Джоукар: Мәдени және туристік байланыстың әлеуеті зор

– Мәртебелі Әли Әкбар мырза, 11 ақпан – Иранның ұлттық күні, яғни биыл Иран Ислам Революциясының жеңісіне 45 жыл толады. Сізді осы айтулы мерекемен құттықтаймыз. Бізге парсы халқы үшін бұл күннің мәні мен маңызы жайында айтып берсеңіз?

– Ең біріншіден, «Egemen Qazaqstan» – Қазақ­стандағы тарихы терең басылым­ның бірі екенін және өз басым бұл газет­­ке аса құрметпен қарайтынымды айт­қым келеді. Осыдан бірнеше ай бұ­рын сіздердің редакцияларыңызда болу ба­қыты бұйырды. Басшылықпен кездесіп, пікір алмасып, ынтымақтастық жа­йын тал­қы­ла­дық. Газетке жазылып, әр нөмірін алып тұрамыз. Өздеріңіз секілді ақпарат құралдарының мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға ықпалы зор екеніне үлкен сеніммен қараймын. «Egemen Qazaqstan» газетінің де үнемі елдік мәселелерді көтеретінін жақсы білемін, сондықтан біз елшілік тарапынан сіздермен жақын байланыс орнатып, Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігімізді тигіземіз деп ойлаймын.

Ислам революциясына келсек, біздің халқымыз үшін оның маңызы аса зор. Бұл оқиғаға дейін Иранда шахтық жүйе сал­танат құрғанын білесіздер. Яғни елді пат­шалар басқарды. Ал революциядан ке­йін ел тізгіні халықтың қолына өтті. Бұ­рынғы режім сыртқы державаларға тәуел­ді болған еді. Атап айтқанда, батыс ел­дері­нің қас-қабағына қарап күн кеше­тін. Бұған қоса, ішкі диктатура да асқы­нып кеткен-тін. Ол уақытта елде пар­ла­мент жұмыс істегенімен, халықтың мұ­ңы мен үніне құлақ аса бермейтін. Ислам революциясы орнағаннан кейін билік халықтың қолына өтіп, ғасырлар бойы армандаған мақсат-мұратына жетті.

Жаңа республика орнағаннан кейін елдің саяси жүйесін ұлттық мүдде тұр­­ғы­­сынан қалыптастыруға күш са­лын­ды. Ол кезде көптеген мемлекет капиталистік Батыстың немесе социа­листік Шығыстың ықпалында болатын. Ал біз екі блокқа да қосылмай, өз саясатымызды дербес жүргіземіз деп шештік. Сондықтан Ислам революциясы ел өмірінде бұрын-соңғы болмаған саяси ерекшелікке ие болды.

Негізінен парсы халқының бостан­дыққа жетуге талпынған күресі революциядан көп уақыт бұрын басталған еді. Біз Таяу Шығыс аймағында бірінші болып парламентімізді жасақтадық. Осы тұрғыдан алғанда Иран – демократия құндылықтарын орнатуда аймақ­та­ғы көшбасы елдердің бірі. Парсы хал­қы еркіндікке жету үшін қаншама боз­дағынан айырылды, көп зиян шекті, алайда арманы орындалды.

– Бүгінде Қазақстан мен Иран арасындағы байланыстар негізінен қандай бағыттарда жүріп жатыр?

– Екі ел арасындағы байланыстар қазіргі күні барлық саланы қамтиды. Біз ынтымақтастықтың жан-жақты жолдарын дамытып келеміз. Бірақ мен біздің өз мүмкіндіктерімізді толыққанды пайдалана алмай келе жатқанымызды айтқым келеді. Саяси тұрғыдан алсақ, байланыстарымыз өте жоғары деңгейде. Екі елдің басшылары мен саясаткерлері үнемі бір-біріне сапарлап, кездесіп, пікір алмасып тұрады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді аймақтық құрылымдар шеңберінде де қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Ал дәл қазіргі таңда Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстардың нығаюына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен ден қойып отыр. Оның 2022 жылғы Иранға сапары өзара ынты­мақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.

Мәдени байланыстарға келсек, бұл салада екі халықтың көзқарастары мен бағыттары өте ұқсас және біздің мәдениетіміз, сеніміміз, тарихымыз бір-бірімен сабақтасып жатыр. Сондықтан әрбір іс-әрекетіміз бен талпынысымыз біздің мәдени, діни, басқа да байланыстарын тереңдетуге бағытталған. Дегенмен бұл салада да өз әлеуеттерімізді әлі толық көлемде пайдаланып жатқан жоқпыз. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек деп ойлаймын.

– Мысалы, қандай мәселеге көңіл бөлген жөн?

– Мәселен, жоғары оқу орындары­мызда, ғылыми-зерттеу орталық­тарын­­да екі ел туралы қандай зерттеу­лер жүр­­гізіліп жатыр? Кино саласын ала­йық, Иранда Қазақстан фильм­дері­нің қан­шасы көрсетіледі немесе қазақ режис­серлері Иран туралы қан­ша фильм тү­сірді? Екі елдің көр­нек­­ті тұлға­­ларын халықтарымызға таныс­­­тыр­атын қанша кітап шықты? Бұқара­лық ақпарат құрал­дарымыз біздің мемле­кет­теріміз жайында жиі жаза ма? Осындай мысалдарды жалғас­тыра беруге болады. Мысалы, Иран­да өтетін өнер, мәдениет, кинофести­вальдеріне, тіпті кітап көрмелеріне Қазақ­станнан гөрі Еуропадан қатысатын адам­дар­дың саны көп. Сондай-ақ ирандықтар да Қазақ елі туралы көп біле бермейді.

Ал экономикалық салада қазір екі елдің тауар айналымы түрлі себептерге байланысты төмен деңгейде қалып отыр. Біз Каспий теңізі арқылы көршіміз. Бір географиялық және геосаяси аймақта орналасқанбыз. Екі мемлекетте де үлкен адами және табиғи ресурстар бар. Бірақ соған қарамастан, өкінішке қарай, экономикалық байланыстар әлі де төмен. Бұған өткен жылы екі елдің тауар айналымы 302 млн долларды ғана құрағанын айтсам жеткілікті.

Бұның себептерінің бірі – Иранға салынып отырған біржақты және заңсыз санкциялар.  Сондықтан біз қазір өз әлеуеттерімізді толық іске асыра алмай жатырмыз. Дегенмен ел басшылары өзара алыс-берісті арттыруға жігер танытып отыр. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ынтасы өте жоғары. Кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, жүйелі түрде жұмыс жүргізе береміз. Алдағы уақытта екіжақты бірлескен шаралардың арқасында экономикалық байланыстарымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенемін.

– Иран тарапынан біздің елімізге нақты қандай тауарлар жеткізіледі және біз сіздерге нені экспорттаймыз?

– Иран да, Қазақстан да мұнай өн­діру­ші елдер болғандықтан, екі арада мұнай саудасы жүрмейді. Қазақстаннан Иранға экспортталатын тауарлардың көп­шілігі – ауыл шаруашылығы дақыл­дары, атап айтқанда бидай, арпа, жүгері, ет өнімдері. Ал Ираннан Қазақстанға негізінен өңделген азық-түлік, жеміс-жидектер, көкөністер, жуғыш заттар, поли­мерлер және құрылыс материал­дары экспортталады. Санкциялар жағ­дайында болғандықтан, біз көп тауарды өз елімізде шығарамыз. Мысалы, тұр­мыс­тық заттар, үй жиһазын, т.б. өндіру бойынша тамаша жетістіктерге жетіп отырмыз.

– Иранның ғылым және қорғаныс са­лас­ындағы жетістіктерін де естіп жа­тыр­мыз. Бір-екі мысал келтіре аласыз ба?

– Иә, біздің еліміз көпжылғы санкциялар мен шектеулерге қарамастан, ғылым-білім саласында зор табысқа жетті. Өзіңіз айтқандай, әскери-қорғаныс саласында ауыз толтырып айтарлық жетістік­тер бар. Ядролық салада МАГАТЭ-нің толық қадағалауымен ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз нәтижесін беріп келеді. Мұның бәрі тек бейбіт мақсатта жүргізіледі, мысалы, атом электр станса­сын салу, медициналық мақсатта және ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулер үшін пайдаланамыз.

Қуанышты хабардың тағы бірі – жуырда Иран ғарышқа екі зымыран тасығыш ұшырып, орбитаға 4 жасанды жерсерігін шығарды. Сондай-ақ біз кейінгі жылдары озық медицинаға, нано-технологиялық өнімдерге қол жеткіздік, стартаптарымыз өте қарқынды даму үстінде және инновациялық экономика саласында үздік нәтижелеріміз бар. Батыс елдерімен салыстырғанда біз ғылыми жаңалықтарымызды өзге мемлекеттермен бөлісуге дайынбыз.

– Жоғарыда екі елдің мәдени байланыстарын сөз еттіңіз. Биыл біздің газетімізге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту керек екенін айтты. Білуімізше, Иран елінде де бұл мереке айрықша тойланады. Осы тұрғыда екі елдің бір-бірінен үйренері көп секілді...

– Өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлын өте қатты құрметтеймін. Ол кісі – озық ойлы әрі терең білімді, халқының мүд­десі жолында еңбек етіп жүрген адам. Газет­теріңізге берген сұхбатында Нау­рыз мерекесінің мәртебесін арттыру ту­ралы ойын да халықтың ұлттық құнды­лық­тарына деген жанашырлығы деп білемін.

Орталық Азия мен Иранда мыңдаған жылдан бері жаңа жыл Наурыздан бастал­ған. Сондықтан бұл мереке аймақ жұрт­шы­лығы үшін ұлттық құндылық саналады. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурызға қатысты бастамасы – өңір елдерінің байланыстарын бұрын­ғыдан да нығайту жолындағы маңызды қадам.

Иранға келер болсақ, Наурыз – біздің басты мерекелеріміздің бірі, шәмси жыл санауы бойынша Жаңа жылдың бастауы. Парсы халқы Наурызды табиғаттың жандануымен байланыстырып, тіршіліктің жаңаруының символы санайды. Иранда сіздердің күнтізбелеріңіз бойынша ақ­панның соңында эсфанд айы басталады. Бұл – біздің күнтізбеміздегі соңғы 12-ай. Осы кезде халқымыз жаппай Наурызға дайындалады. Батыс елдерінде жаңа жыл қарсаңында, яғни желтоқсан айында сауда-саттық қызатын болса, бізде эсфанд айында адамдар үйлеріне зат сатып алып, бір-біріне сыйлық дайындап, мәре-сәре күйге енеді. Наурыз қарсаңында орындалатын игі дәстүрлердің бірі – жұртшылық үйлерін толық тазалайды және рухани тұрғыда да тазаруға қадам жасайды. Мысалы, ренжіскен адамдар болса, бір-бірін кешіреді. Тіпті араласпай кеткен адамдар бір-бірінің үйіне арнайы барып, татуласып, үзілген қатынасты жалғап жатады. Негізі бұл мейрам жа­йында өте көп нәрсе айтуға болады. Бәлкім мереке қарсаңында оған арнайы сұхбат ұйымдастырғанымыз дұрыс шығар. Өйткені мұның өзі – бір сұхбатқа жүк болардай үлкен тақырып.

– Елдеріміздің теңіз арқылы түйісіп жатқан қоңсы мемлекеттер екенін айттыңыз. Туристік қатынастарымыз қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазақстан туристерін Иран несімен қызықтыра алады?

– Өте маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, Иран мен Қазақстанның туризм саласындағы қарым-қатынасы тым төмен деңгейде қалып отыр. Мүлдем дамымаған десем де болады. Статистикаға назар салсақ, былтыр екі елді қосқанда 3 мыңдай ғана турист бір-біріне сапар шеккен. Олардың көп бөлігі кәсіпкерлер, іс-шараларға қатысу үшін келген қонақ болуы мүмкін. Біз дос елдерміз, тарихи тамырымыз, мәдениетіміз ортақ, алайда бір-біріміздің тамашалауға тұратын тартымды жерлерімізді көруге бара бер­мейміз. Жыл сайын Иранның мил­лиондаған азаматы Түркия, Кавказ, Парсы шығанағы, Еуропа елдеріне сая­хаттайды. Ал Қазақстан тарапы әзірге көзден таса қалып тұр.

Иран осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында туризм саласын дамытуға күш салып отыр. Жыл сайын наурыз айынан қыркүйекке дейін Алматыдан және Ақтаудан Иранға қатынайтын ар­найы чартерлік рейстер ашылады. Менің ойымша, Қазақстан туристеріне Иран елі өте қызықты болуға тиіс. Елі­міз­дің сол­түстігінде, Каспий теңізі жаға­ла­уын­дағы Гүлстан провинциясында қазақ­тар көп тұрады. Әлемдік туризмде өзін­дік орны бар тарихи мекендеріміз жетер­лік. Шираз, Исфахан, Йезд, Табриз, Шуш­тар секілді көне қалаларымыздың көне сәу­леттік ескерткіштерімен көз тартады.

Жалпы, географиясы, әлемдік өрке­ниет­тегі орны, тарихи-мәдени жерлері жағынан Иран дүниежүзілік туризм ошақтарының бірі саналады. Қазақстан халқы білмейтін шығар, әлемдегі ең ірі сулы үңгір біздің елімізде орналасқан. Әли-Садр деп аталатын бұл үңгірдің ішінде қайықпен серуендеуге болады. Қазақстанда қақаған қыс кезінде Иранға келіп демалуға тамаша мүмкіндіктер бар. Мысалы, елдің оңтүстігіндегі Парсы шығанағында Киш, Кешм, Хенгам атты туристік аралдарымыз көпке танымал. Ол жақтың ауа райы да жайлы, табиғаты да керемет. Сондай-ақ Иран ұлттық тағамдарының алуандығы, қолөнер бұйымдарының ерекшелігі бойынша да әлем туристерінің назарында. Мұны да сіздер көп біле қоймайтын шығарсыздар. Сондықтан бұл бағытта қолға алатын жұмыс көп. Оны өздеріңіз секілді БАҚ өкілдері насихаттап жатса құба-құп.

Қазіргі күні Қазақстанда парсы тілі мен әдебиеті факультетінде оқып жат­қан студенттердің саны Еуропаның кіш­кентай мемлекеттеріндегі студенттерден де аз. Ал қазақ тілі мен әдебиеті Иранда тіпті оқытылмайды десе де болады. Осы мәселеге екі жақ та көңіл аударуы керек. Өйткені біз не болса да, бір аймақта өмір сүріп жатқан халықтармыз және мәңгі көрші болып қаламыз. Екі ел жұрты бір-бірін жақсырақ танитын болса, басқа да саладағы байланыстарымыз беки түседі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары екі елдің ұлы тұлғаларын, тарихи жерлерін, ұлттық құндылықтарын насихаттауда белсенді рөл атқарса деймін. Біздің елшілігіміз де, консулдықтарымыз да осы мақсатта жұмыс жүргізіп жатыр.

– Соңғы сұрағым, Қазақстан – әлемдік мұхиттарға шыға алмайтын ең үл­кен ел. Біздің білуімізше, кезінде Иран аумағы арқылы Каспийден Пар­сы шығанағына су арнасын қазып, кеме жүздіру туралы жоспарлар бол­ған екен. Бұдан хабарыңыз бар ма?

– Ол жайында естігенім бар. Алайда бұл – өте күрделі әрі қымбат жоба. Оның өзі толық зерттелді деп айта алмаймын.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»