Елорда • 10 Ақпан, 2024

Study UK Alumni Awards жеңімпаздары анықталды

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақсандағы Британ Кеңесі (British Council) Study UK Alumni Awards 2023-24 байқауының финалистерін марапаттап, жеңімпаздарын анықтады. Марапаттау рәсіміне Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Роберт Тейлор және білім-ғылым саласындағы ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. Әрбір финалистке сертификат табысталып, жеңімпаздар кубок пен кәсіби дамулары үшін £2,000 көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды.

Study UK Alumni Awards жеңімпаздары анықталды

«Study UK Alumni Award жеңімпаздары мен финалистері қоғамға, индустрияға, жалпы елдің дамуына оң үлестерін қосу үшін Ұлыбритания университетінде алған білімі мен тәжірибесін тиімді пайдаланған өз саласының көшбасшылары. Бұл беделді сыйақы Ұлыбританияның жоғары білімінің құндылығы мен түлектердің мансаптық және жеке дамуларына ықпалын байқатады, сондай-ақ, британдық түлектер мен оқыған университеттерінің халықаралық беделін арттырады. Аталған сыйақыны Британ Кеңесі тоғыз жыл қатарынан дүние жүзіндегі Ұлыбританияның халықаралық түлектеріне жоғары жетістіктері үшін табыстап келеді. Ал, Қазақстанда бұл байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр», деді Британ Кеңесінің Коммуникация бойынша кеңесшісі Шынар Шәкенова.

Биыл аталған байқауға 43 үміткер қатысып, 12 финалист таңдап алынған, оның ішінде төрт санат бойынша төрт жеңімпаз анықталды.

Айта кетейік, «Culture and Creativity» номинация бойынша финалистер арасында «Egemen Qazaqstan» газетінің «Саясат және Құқық» бөлімінің аға тілшісі Гүлнар Жолжан бар. Ол 2017 жылы Ұлыбританияның Newcastle университетінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алды. 

Ал «Social Action» номинациясының жеңімпазы Халида Әжіғұлова «Болашақ» бағдарламасымен 2019 жылы Ұлыбританияның Leicester университетінің докторантурасында білім алып, Заң докторы дәрежесін иеленген. Халида – адам құқықтары жөніндегі заңгер, Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы сексуалдық қанаушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша халықаралық кеңесші. Халиданың қоғамдық жұмысы балаларды қорлауға тыйым салатын және барлық Қазақстан мектептерінде зорлық-зомбылыққа қарсы ішкі саясатты жүргізуге міндеттейтін заңнаманы қабылдауға негіз болды. Қазір ол Қазақстандағы балалардың әл-ауқаты мен қорғалуы туралы тиімді заңдарды қабылдау үшін зерттеу және ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізіп жүр.

«Қазақстандағы Study UK Alumni Awards сыйлығының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Ұлыбритания университеттерін тәмамдаған Қазақстан түлектері британ білімінің озықтығын көрсетіп, екі ел арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайтып жатыр. Ең бастысы, біздің түлектерді Қазақстанды инновациялар мен өзгерістерге жетелейтін тұлғалар, өз салаларының нағыз сарапшылары және ойшыл көшбасшылары деуге болады. Мен осындай тамаша жастардың Қазақстанның болашағын құруда Ұлыбританияның білімі мен озық тәжірибесін әкеліп жатқанын мақтан тұтамын», деді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич.

Сонымен қатар Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Роберт Тейлор: «Британ Кеңесінің білім беру бойынша жұмысы білім беру мен дағдыларды дамытуды интернационалдандыруға, Ұлыбританияның тәжірибесі мен инновациясын әлеммен бөлісуге және бірлескен жобаларда іске асыру үшін серіктестерді біріктіруге бағытталған. Биыл Британ Кеңесі халықаралық қызметінің 90 жылдығын, сондай-ақ, Қазақстандағы ұзақ мерзімді дипломатиялық қатынасының 30 жылдығын атап өтеді. Байқау финалистері Ұлыбританиядағы білім беру тәжірибесін үлкен жетістіктерге жету үшін тиімді қолдана білген дарынды түлектердің шағын өкілдері», деп атап өтті.