Футбол • 11 Ақпан, 2024

Ұлттар лигасының жеребесі тартылды

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парижде Ұлттар лигасының 2024-2025 жылдарғы маусымының жеребесі тартылды. Қазақстанның футболшылары В лигасында Аустрия, Норвегия және Словения құрамаларына қарсы ойнайды. Бұл бәсекелер 5 қазан мен 19 қараша аралығында өтеді.

Ұлттар лигасының жеребесі тартылды

Былтырғы маусымда Магомед Адиевтің шәкірттері С лигасында өнер көрсетті. Ол жарыста біздің жігіттер өте жақсы ойнап, өз көрермендерін қуантты. Жерлестеріміз Әзербайжан (2:0), Словакия (1:0, 2:1) және Бела­русьтен (2:1) басым түсті. Одан бөлек, беларусь­термен (1:1) тең түсіп, Қап тауы қырандарына (0:3) есе жіберді. Нәти­жесінде, 13 ұпайды қоржынға салып, бірінші орынды иеленді. Соның арқа­сында дәрежеміз өсіп, келесі жылы В тобында күш сынасу құрметіне ие болдық.

Биылғы маусымда 3-топқа түскен Қазақстанның қарсыластарының ешбірі осал емес. Норвегияның аяқ­доп шеберлері сонау 1936 жылы Бер­лин Олимпиадасында үшінші орын алды. Әлем чемпионатына үш мәрте қатысып, екі рет (1938, 1998 жылдары) 1/8 финалға дейін жетті. Еуропа бірін­шілігінде бір рет (2000) бой көрсетті. Скандинавиялықтардың құрамында бұл күндері «Манчестер Ситидің» сапында қарасыластар қақпасына топырлатып гол соғып жүрген Эрлинг Холанд сынды дүлдүл бар. Мартин Эдегор (Арсенал), Юлиан Рюэрсон (Боруссия Дортмунд), Лео Эстигор (Наполи), Оскар Боббты да (Манчестер Сити) ерекше атап өтуге болады. Осы орайда біз тек үздік командаларда өнер көрсететін ойыншыларды ғана тілге тиек еттік. Олардан бөлек, Испания, Португалия, Бельгияның танымал клубтарының жейдесін киген Норвегияның белді футболшылары жетерлік. Қазірі кезде олар ФИФА рейтингінде 44-орында.

Дүниежүзілік рейтингте Аустрия құрамасы норвегиялықтардан әлдеқайда жоғары тұр. Неміс маманы Ральф Ранг­ник жаттықтыратын команда 24-сатыға жайғасты. Олардың ең зор та­бысы – Олимпия ойындарының күміс (1936) және әлем чемпионатының қола (1954) жүлдесі. Дүниежүзілік додада жеті және құрлық біріншілігінде үш рет бақ сынады. Аустрияның сапында да мықты футболшылар жетерлік. Солардың арасында Давид Алаба (Реал Мадрид), Марсель Забитцер (Боруссия Дортмунд), Кристоф Баумгартнер мен Кон­рад Лаймердің (Лейпциг) орны бөлек.

Словения 1991 жылдан бастап халықаралық додаларға қатыса бастады. Сол аралықта әлем және Еуропа чемпио­наттарына екі реттен қатысып үлгерді. ФИФА рейтингінде олар 54-орынды еншілеп тұр. Словениялықтардың сапындағы «Атлетико» Мадридтің қақпашысы Ян Облак, «Фенербахченің» жартылай қорғаушысы Миха Зайц және «Лейпцигтің» 20 жастағы шабуылшысы Беньямин Шешко өрелі өнерлерімен көзге түсіп жүр.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Магомед Адиев осы топтағы коман­далардың мықты екенін атап өтті. «Әр қарсыласқа жеке-жеке дайындалып, әрбір матчта жеңіске жету үшін барынша күш саламыз. Иә, Холанд, Алаба секілді жұлдыздарға қарсы ойнағанда күллі әлем жанкүйерлерінің назары осы матчтарға ауатыны анық. Ал Словения – біздің сыралғы қарсыласымыз. Бұл жолы олардың сазайын беруге тырысамыз», дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.

В лигасында бізден бөлек мына командалар өзара күш сынасады: 1-топта – Чехия, Украина, Албания, Грузия. 2-топта – Англия, Финляндия, Ирландия, Грекия. 4-топта – Уэльс, Исландия, Черногория және Түркия. Ал ең мәртебелі А лигасында мына мемлекет футболшыларының тартысын тамашалаймыз: 1-топта – Хорватия, Португалия, Польша, Шотландия. 2-топта – Италия, Бельгия, Франция, Израиль. 3-топта – Нидерланд, Мажарстан, Германия, Босния мен Герцеговина. 4-топта – Испания, Дания, Швейцария және Сербия.