Кино • 11 Ақпан, 2024

Тәшеновті сомдаған Төлеубек

301 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы қатарлы үлкен лауазымды қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов қазақ жерінің бүгінгі тұтастығына зор үлес қосқан тұлға екені сөзсіз.

Тәшеновті сомдаған Төлеубек

Д.Қонаев (рөлде Нартай Сауданбек) , Ж.Ташенов (рөлде Төлеубек Көңбайұлы)

Тарихта Маңғыстауды Тү­рік­менстанға, Тың өлкесіне бірік­тірілген солтүстік облыстар­ды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбек­станға қосу жөніндегі ұсыныстарға қарсы шығып, тойтарыс берген де Тәшенов еді. Қилы да қиын тағдыр кешкен Тәшенов тұлғасына қатысты тарих беттерінде теріс пікір кездескен емес.

Өткен жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы бірқатар арыс­тарымыз туралы телесериал түсіріп, көрермен назарына ұсынған еді. Оның ішінде жоғарыда аты аталған Тәшенов тұл­ғасына қатысты «Тәшенов. Тайталас» атты телехикая да тү­сірілді. Бұл сериал өз дәуірінде жеке мансабы мен отбасының қауіпсіздігіне қарамастан кеңес одағының көсемі болған Никита Хрущевтің қазақ жерін бөлудегі идеясына ашық қарсылық біл­дірген, Қазақстанның ірі қоғам қайраткері, саятсаткер Тәшенов тұлғасына арналған. Теле­се­риалдың режиссері – бел­гілі кинорежиссер Жасұлан По­ша­нов, сценаристері Мұхамед Ма­мырбеков, Жайық Сыздықов. Телехикаяның басты рөлін сом­даған Шахмет Құсайынов атын­дағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының белді актері Төлеубек Көңбайұлы. Осыған орай Тәшеновтің кинодағы образы жөнінде актерді әңгімеге тартқан едік.

аа

– Төлеубек Көңбайұлы, бұл сіздің кинодағы алғашқы басты рөліңіз бе?

– Иә, бұл – кино саласындағы алғашқы сомдаған басты рөлім. Бірақ оған дейін басты рөлге жетеғабыл рөлдерде ойнап жүр­дім. Мәселен, «Алмасай» телехикаясында сондай маңызды рөлге түскенім бар.

– Сізді ең бірінші театр актері ретінде жақсы білеміз. Ақ­мола облыстық театрында көп жылдан бері өнер көрсетіп келесіз. Әңгімеміздің басын театр саласынан бастасақ. «Театр ак­терлері киноға келсе, киноны театрландырып жібереді» деген де пікір айтылып жатады, бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Біз қазақ өнерінің қара­ша­ңырағы Т.Жүргенов атындағы өнер ордасынан білім алдық. (Ол кезде иниститут еді). Он­да көп басымдық театр актер­леріне беріледі. Институтта кино­герлердің бірнеше тобы болды. Киносценарий жазатын, кино­режиссураға қызығатындар білім алатын. Соның бірі – Талғат Те­меновтің курсы. Онда киноға керекті нәрселер үйретіледі. Мә­селен, кино тілі деген тәрізді. Ки­ноға көп актер театр арқылы келеді. Ал кино табиғи болуы үшін құрамға кейде қарапайым адамдарды алып жатады. Бірақ ол 10 дубльмен бір сахнаны аяқтауы мүмкін. Ал театр актері дайын келеді. Өйткені театр актердің демін, даусын, сенімділігін, жүріс-тұрысын және көрерменмен байланысын қалыптастырады. Мысалы, кинодан театрға келген адамды көрмеппін. Театр деген синтездік, синкретті өнер деп бекер айтылмайды. Голливудты айтпағанда, ТМД елдерінің киножұлдыздарын қарасаңыз, бәрі – театрдан шыққан актерлер. Бізде ондай мысал көп. Мәселен, көзі тірі аңыз адамдар – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов. Сол секілді барша мықты актер театрдан шықты.

– Демек олай бөле-жару дұ­рыс емес пе?

– Жоқ, ол жерде мынандай бір қағида бар кинорежиссерлер түсірілім басталарда ескертеді: «театрланып кетпесін, өмірге жақын болсын» деп. Сондай талап бар кинода. Мысалы, Ресей киноларын театрландырып ойнайды. Бірақ қабылданады. Ал біздегі кейбір ресжиссерлер театр­лануды құп көрмейді. Біздердікі де дұрыс. Кино көрерменге кино тілімен жетсе дейді. Басты нәрсе – киноның сценариі, ол мықты болса, актер алып шығады.

– Тәшеновтің рөліне дейін қанша кинода ойнадыңыз?

– Айдын Сахаман фильм­дерінде, Жасұлан Пошановтың «Ән-аға» киносында және Баян­ғали Әлімжанов ағамыздың Паң Нұрмағанбет атындағы киностудиясында біршама рөлдерде ойнадым. Одан кейін деректі фильмдерге түстім. Нұрлан Қази­ұлы түсірген «Өмір жолы» және Мая Бекбаеваның «Дәуір даналары» атты Тәшенов туралы деректі фильмдерде де Жұмабек ағамыздың рөлін сомдадым.

– Оны сұрап отырған себебім төрт сериалы телехикаяттағы Тәше­новтің образына дайынды­ғыңызды білмек едім?

– Мұндай жауапты рөлді ойнау өте қиын болды. Өйткені жауапкершілік жоғары. Ол кісі ХХ ғасырда өмір сүрді. Көзін көрген адамдар әлі де бар. Фотосы, видео­сы сақталған. Мысалы, кинодан кейін бір көзкөрген адамдар «ол кісі ондай еді, былай болса дұрыс болар еді» деген секілді пікір айтылады. Кейбір көрермен тұлғаның тарихи образына емес, түр әл­петінің ұқсастығына мән беріп жатады. Жалпы, ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғаны сомдау қиынның қиыны. Жас ұрпақ белгілі бір деңгейде тарихи тұлғаның образын кино арқылы қабылдап алады. Оның түсінігіндегі тау тұлға қораш біреу болып шықса, ұрпақ одан жериді. Егер мықты болса, оның идеалына айналады. Маңызы осында. Мысалы, одан арғы замандағы тұлғаларды сомдау жеңілірек. Гриммен жасау арқылы да кейіпкерді сомдауға болады. Ал мұндай берідегі тұлғаны сомдау тіпті қиын. Бұлар «партийный» адамдар. Эмоциясын шығара бермейді. Олардың өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері де өзгеше. Мол ізденісті қажет етеді. Оның үстіне мәтіннің 70 пайызы орысша. Оның көбі саяси сөздер. Орыс тілінде менде акцент бар, бірақ Тәшенов атамыз да акцентпен сөйлеген деседі.

Қостанай театрының негізін қалаушылардың бірі Ерсайын Төлеубай деген тарихшы, драматург ағамыз бар. Алматының Жасөспірімдер және балалар театрында, Әуезов театрында, Семей­дегі театрда көп жыл істеген. Қазақтың қайраткер тұлғалары туралы біраз драма жазды. Сол кісі Тәшенов жөнінде көптен толғандырған «Алдаспан» деген пьеса жазған екен. Ол дүниесін еліміздегі біраз театрға ұсыныпты. Сөйтіп, Шахмет Құсайынов атын­дағы Ақмола облыстық қазақ му­зыкалық-драма театры қоятын болды. Ол кезде Марал Қажы­кенқызы деген басшымыз бар еді, келісім берді. Ерсайын Төлеубай режиссер ретінде өзі қойды. Ак­терлер құрамын да өзі таңдады. Тәшеновтің рөліне таңдау маған түсті. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды. Осылайша, алғаш рет қазақ театр сахнасында Тәшеновтің рөлін сомдадым. Сол кезден бастап мен бұл кісінің өмірбаянын зерттей бастадым.

– Тарихи тұлғаларды сом­дағанда біздің көрермен көп жағ­дайда актердің сол адамға ұқсас­тығына қатты мән беретіні рас. Ал сіз Тәшеновке көбірек ұқс­айды деп естідік.

– Жалпы, сыртқы пошымымыз, натурамызда ұқсастықтар бар тәрізді. Ол кісінің менен бойы сәл-пәл аласалау болған, көзі домалақ, ал жалпы түр-әлпетімізде ұқсастық бар. Жоғарыда айтқан «Алдаспан» спектаклін Алматыда қойдық. Тәшеновтің Саян деген ұлы, Фатима деген келіні бар. Сол кісілер спектакльге келіпті. Қойылым біткен соң сахнаның арт жағына келіп, ұлы мені «папа» деп құшақтады. Сол сахнада Фатима апай: «Әкемізді көз алдымызға әкелдіңіз, қайта тірілткендей болдыңыз. Мынау сол кісінің сағаты», деп қолыма сағатын тағып кетті. Күні бүгін қолымнан тастаған емеспін.

– Ал кино жарыққа шық­қаннан кейін көрермен қалай қабылдады?

– Кино шыққан соң, бір аптадан кейін Фатима апайға хабарластым. Апай ризашылығын білдірді. Адамның ешқашан өз-өзіне көңілі толмайды. Бірақ көп адамның пікірі жақсы болды. Өйткені Тәшенов тұлғасы тұңғыш рет көрерменге жол тартты.

– Режиссермен келіспей қал­ған тұстар болды ма?

– Жасұлан Пошанов негізінде актерлерге көп еркіндік береді. Сценарийден ауытқып кетпесең болды, өз сахнаңда өз қиялыңмен ойнауға болады. Актерге мол мүмкіндік беріледі. Сондықтан келіспей қалатын тұстар бола қойған жоқ. Жасұлан – елімізге белгілі, тәжірибелі кинорежиссер. Бұл телехикаяның осылай жарқырап шығуы – Жасұланның жасампаздығы. Өйткені бұл – әркім бара бермейді өте қиын тақырып.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan»