Медицина • 11 Ақпан, 2024

Педиатрияның алтын діңгегі

228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кейбір сәбилер үшін анасының құрсағына біткен сәттен бастап жарық дүниеге келгенше күрес басталады. Дүниеге шыр етіп келген шараналардың өмірі қыл үстінде тұратын кездер аз емес. Осындай күрделі сәт туғанда Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының педиатрлары жанкештілікпен сәбилердің өмірі үшін арпалысып жатады.

Педиатрияның алтын діңгегі

Күн сайын шамамен 250-ге жуық жаны шырқыраған ең кішкентай пациент жедел жәрдеммен орталыққа жеткізіледі. Өйткені әлі ақыл-есі кірмеген ойын баласы ауыр жарақат, көкөністерді тұздайтын сірке суы қосылған суды, басқа да сұйықтықтарды ішіп қою, бөгде затты жұтып қою, улану, аппендицит немесе ауыр созылмалы кеселдердің өршуі сияқты санап тауыса алмайтын жағдайларға душар болып жатады. Бұған қоса перзентханалардан реанимобильдер де туабітті күрделі кеселдерімен туған шараналарды адам қатарына қосылып кетеді деген үмітпен шұғыл операция жасату үшін жеткізеді. Осындайда өмірге жаңа келген жұдырықтай ғана пациенттің қолы жеңіл, тәжірибесі мол мамандардың қолына түсуін Құдайдың қарасқаны деп білеміз.

Бүкіл саналы ғұмырын меди­цина ғылымдарын дамытуға, бала­ларға хирургиялық көмекті жетіл­діруге бағыштап жүрген маман­дар бар. Ал сағаттарға созыл­ған, күр­делі операциялардың нәти­же­­сінде табылған инновациялар, меди­ци­на­лық әзірлемелер, хирур­гиялық емдеудің жаңа әдістері – қарапайым адам үшін жай ғана медицинадағы жетістіктер деп аталады. Бірақ сол жетістіктің артында орасан еңбек, қателік, төгілген тер жатқанын бі­реуі білсе, біреуі білмес. Мысалы, Ал­маты қалалық Балалар шұғыл ме­дициналық жәрдем орталығының іріңді-торакалды және неонатальды хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, 35 жылдық еңбек өтілі бар балалар хирургі Саматбек Мырзахметті сәбилердің жебеушісі десек, әсіре сөз емес. Тіпті орталықтың өз ма­ман­­дары да ол кісіні солай атайды. Мыңдаған баланың өмірін ұзарт­­қан қарапайым ғана балалар хи­рур­гінің бойынан бірнеше қабі­летті санамалап шығуға болады. Мысалы, Саматбек Мырзахмет фиброэзофагогастроскопия, бронхоскопия, фиброколоноскопия, лапароскопия, торакоскопия сияқты диагностикалық зерттеу әдістерін меңгерген. Сондай-ақ балалар мен жаңа туған нәрестелердегі кеуде және құрсақ қуысы, кіші жам­бас ауру­лары кезіндегі жедел хирур­гиялық емдеу әдістерін игерген.

«Біріншіден, инновацияларды үздіксіз іздеу, білім көкжиегін ұдайы кеңейте беру қажет. Екін­ші­ден, тәжірибені үнемі жетілдіру, үшін­шіден, батылдық қажет. «Хи­рург­тің ақылы ұшқыр, көзі өткір, қол­дары батыл, жүрегі жалынды бо­луы керек», деген қанатты сөз текке тумаған», дейді Саматбек Әбді­мана­пұлы.

Кейіпкеріміз үнемі тәжірибе байы­тып отырғанына қарамастан, шет мемлекеттерде, Ресейде ла­па­роскопиялық холецистэктомия әдісін игеріп, жаңа туған нәрес­телердегі туабітті кеселдер мен жүре пайда болған патологияны диагностикалау мен емдеу курсын зерттеуге бақандай 20 жылын жұм­саған. Оған қоса неонатальды хирургия және өңеш хирургиясы мамандығы бойынша біліктілігін арттырады. Мәселен, медицинамен бірге даму дегенге келсек, балалар хирургі травматология және орто­педия, гастроинтестинальды эн­дос­копия, урология бойынша тағы­лымдамадан өткен. Шетелдік кли­ни­каларда балалардың шұғыл хирургия циклі, эндоскопиялық диаг­­ностика әдістері мен жаңа туған нәрес­телер хирургиясы бойынша біліктілігін арттырғанын атап өтуге болады.

«Жасөспірім кезімде Сабыр аға дейтін стоматолог болды. Сол кісі мен үшін идеал еді. Кабинетіне кіріп ұзақ уақыт оны бақылап отыратынмын. Аппақ халат кигені, жүріс-тұрысы, әр құралды ұқыптылықпен пайдалануы, атқарған ісі қатты ұна­ғандықтан, мен де сондай сто­ма­толог боламын деп шешім қабылдадым. Содан стоматология факультетіне тапсырамын деп жүргенде ол жерге іріктеуден өту өте қиын болып, педиатрия факультетіне тапсыруға мәжбүр болдым. Бірақ бір жылдан кейін стоматология факультетіне ауысамын деген ой болды. Содан педиатрия факультетінің бірінші курсын бітіргеннен кейін осы оймен деканатқа бардым. Декан орынбасары ол кезде Ерболат Сәлменов деген адам еді. Ол кісі ерінбей бір сағаттай маған педиатрия мамандығының маңызы жөнінде баяндап, осы ма­ман­­дықта қалуыма себепкер болды. «Балалармен жұмыс істеу – үл­кен бақыт» дегені есімде. 5-курс­ты аяқ­тағаннан кейін мен балалар хирур­гиясын таңдадым», дейді дәрігер.

«Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы» ШЖҚ іріңді-то­ра­калды және неонатальды хирур­гия бөлімшесіне келсек, қазір мұнда 30 төсектік орын бар. Халық бұл бө­лім­шенің қызметкерлерін ақ халат киген періштелер деп атайды. Осы бөлімнің мықты мамандары туралы жақсы ақпарат жұртпен тарап, емделуге, түрлі операциялар жасатуға республикамыздың бас­қа өңірлерінен де пациенттер келіп жатады. Айтпақшы, бізбен сұхбаттасқан күні Саматбек Әбді­манапұлы туа салысымен перзентханадан бірден орталыққа шұғыл түрде жеткізіліп, күрделі операцияны өткерген 12 күндік Жайна атты сәбиді аман-есен үйіне шығарып жатыр екен.

«Бұл нәрестенің дамуында кінә­рат болып, сегізкөз-құйымшақ тератомасы деген дертпен, құйым­шақ түбінде орналасқан ісіктің бір түрімен дүниеге келген. Мұндай ісік жаңа туған нәрестелерде жиі кездеседі. 10*8 см көлеміндегі ісік­тің аралас түрімен туған сәбиге жа­рық дүниеге келгеніне үш күн ғана өткенде операция жасалды. Бәрі сәтті өтті, ісікті толығымен алып тастадық. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Біздің орталықта айына 100-ге жуық жаңа туған нәрестеге операция жасалады. Бірақ мен кейін­гі 10 жылда динамика өсті деп айтпас едім, бұрын да осындай болған. Әрбір ата-ана аурудың себебін білгісі келеді, туабітті дертке ішкі және сыртқы факторлар, экология, климат, тұқым қуалаушылық, жұқпалы аурулардың барлық түрі әсер етеді. Баланың дамуындағы ауытқулардың пайда болуына әйелдің жүктілік кезінде жұқтырған вирустық инфекциялары да себепші болатынына әбден көз жеткіздік», дейді С.Мырзахмет.

Дәрігерді тәуліктің кез келген уақытында клиникаға шұғыл шақыртуы мүмкін. Саматбек Әбді­манапұлын түн ортасында ауруханадан, таңертең операция бөлмесінен кездестіруге болады.

«Науқас баланың жанында күн­діз-түні болу – біздің кәсібіміз. Бала­ға тек көмек керек. Мәселен, опе­ра­циялық немесе консервативті емдеу мәселесіне қатысты сұрақтар туындаған кезде науқастың қасында жүріп оны бақылауда ұстау қажет. Әрине, мен әрбір пациентім үшін уайымдаймын. Операция сәтті өтсе, қуанамын. Нәрестенің тез сауығып үйіне қайтуы, ата-анасымен қауы­шуы – біз үшін орасан бақыт. Операция алдында ұйықтай алмай, операция барысын, іс-қимылдарды ойлап жатамын. Сосын күрделі операциядан кейін де дұрыс жасадым ба, баланың жағдайы қалай екен деген ойлар мазалап, екі-үш тәуліктей ұйықтай алмай жүремін. Біз, хирургтер баланың әке-шешесінен де қатты уайымдаймыз, өйткені сәбиді операцияға алып кеткеннен бастап оның өміріне жауапты екенімізді түсінеміз», деді ол.

«Алғашқы қадам алдағы жолың­ды анықтайды» деген сөз бар. Сол ал­­ғашқы қадамдарды жасауға ұс­таз­дар септесетін болса, өз ке­зе­гінде Саматбек Әбдіманапұлы да – балалар хирургтерінің тұтас буынын тәрбиелеп шығарған маман. Мысалы, медициналық ортада мойын­далған екі жаңа жұлдыз бала­лар және неонатальды хирургте­рі Жалғас Куниязов пен Мейір­жан Құрманалиев – Саматбек Әбдіманапұлы мақтан тұтатын ізбасарлары.

Кешегі майдангердің отбасында дүниеге келген кенже бала өз ұстаздары туралы былай дейді: «Бізге мықты мамандар тәлім берді. Меңгерушіміз Валерий Катаев өте білімді, сауатты, тәжірибелі, жауапкершілігі мол кісі еді. Ва­лерий Борисович әділдігімен, үлкен адамгершілік сияқты ізгі қасиет­терімен дараланып тұратын. Көп жылдық тәжірибесі мен абырой-беделіне қарамастан, үнемі оқып, ізденіп жүретін, бізді де осыған үйретті».

Сөз соңында айтарымыз, айына кемі 100 шақты балаға операция жасайтын Саматбек Мырзахмет сынды мамандар мыңдаған сәбиді ажалдан арашалап отырған отандық медицинаның алтын бір діңгегі десек те жарасады.

 

АЛМАТЫ