Қоғам • 11 Ақпан, 2024

Жер иесі – халық

65 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Жал­пы­халықтық референдумда қабылданған конститу­циялық өзгерістер әділетті Қазақстанның символына айналды. Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – бар­лық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек», деген болатын.

Жер иесі – халық

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысының осы пайымы еліміз тәуелсіздік алып, үстіне де, астына да бай­лық тұнған кең-байтақ жері­мізге өзі ие болған кездегі отан­дастарымыздың «Қатар мемле­кетіндегідей бақуатты өмір сүру» жайлы орындалмаған арманын еске түсіріп, жалыны өшіп, бық­сыған шоққа айналған үміт отын қайта маздатқаны анық. Ал Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға»   бағдарламасы биыл нақты іске асырылып, барлық баланың атына ашылған арнаулы шоттарға қаражат түсе баста­ғаны шынында да қазыналы қазақ жерінің иесі – халқымыз екендігін айғақтаған маңызды қадам болды.

Осы орайда ойланарлық мә­селе де бар. Біздіңше, 2022 жылы болған жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша  Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар бұрынғыдай мемлекеттің меншігі емес, халықтың меншігі деп жариялануына байланысты қолданыстағы жер заңнамасына  өзгерістер енгізілгені жөн. Себе­бі ата-бабамыздан мирас бо­лып қалған ұлан-ғайыр алқап­тарға егін егіп, мал бағып, дастар­қанымызды дәмге толтырып отыр­ған асыраушы ауылдағы ағайын әзірге өздерін нағыз жер иелері  сезіне қойған жоқ. Оның үстіне, қай өңірде болсын кезінде мемлекет жерін өз меншігіндей көріп, туыс-туғаны мен тамыр-танысына және жең ұшынан жалғасқан пысықайларға молынан алып берген шенеуніктердің озбырлығынан, сондай-ақ талай ауылдың тұрғындарын шартты жер үлестерін пайдалану құқы­ғынсыз қалдырған арсыз кәсіп­кер­лердің алаяқтығынан туын­даған дау-дамай әлі тыйыл­ған жоқ.

Сондай жемқорлар мен алаяқ­тар, әсіресе демографиялық ахуалы жылдан-жылға нашарлап, көптеген ауылы азып-тозып, тұрғындары басқа жаққа көшіп жатқанымен, түгін тартса майы шығатын құнарлы жері көп Солтүстік Қазақстан облысына қызыл көрген құзғындай қаптап шүйілген тәрізді. Солардың ішінде «Әліби» агрохолдингінің басшылығы бәрінен асып түсіп, Қызылжар өңіріндегі 28 ірі ша­руашылыққа шартты жер үлес­терін сенімді басқаруға берген 20 мыңдай адамды алдап, тақырға отырғызып кетті. Нақты айтсақ, «Әліби» аса ірі мөлшерде кредит алу мақсатымен заңсыз кепілге қойған ондаған мың гектар жерді пайдалану құқығы кейін ол алған қарызын қайтармағандықтан, екін­ші деңгейдегі банктердің иелі­гіне өткен. Осындай топтасып жа­саған аса ірі алаяқтығы үшін агро­холдингтің басшылары 2021 жылы сот үкімімен 5 жылдан 9 жыл­ға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Ал олардан зардап шеккен ауыл тұрғындары өздерінің жер үлестерін қайтарып алу үшін қазір құқық қорғау органдарына жүгініп, әуре-сарсаңға түсіп жүр.

Бұл ретте Айыртау ауданын­дағы көршілес Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Қарақамыс, Светлое ауылдарының тұрғындары өздерінің шартты жер үлестерін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлердің алаяқтық әрекетін дер кезінде  біліп қалғандықтан, оларға қолданыстағы заң аясында қарсылық көрсетіп, өз құқық­тарын қорғай алды. Атал­ған ауылдар тұрғындарының рұқса­тын алмай, жалған құжат жасау арқылы  жалпы көлемі 42 мың гектар жерді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 600 миллион теңге несие алу үшін заңсыз кепілге қойған «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің (ЖШС) басшылары ақы­ры ұзақ мерзімге сотталып тынды. Үш жылға созылып, Жоғарғы сот­қа дейін барған сот үдерісі білек бірік­тіре білген бес ауыл тұрғын­дарының жеңісімен аяқталып, жер­лері түгел қайтарылды.

Ал Шал ақын ауданындағы Балуан ауылы тұрғындарының жалпы көлемі 4322 гектар шартты жер үлестерін сенімгерлік бас­қаруға алған фермерлік шаруа­шылық басшысы да осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ауылдастарының келісімін алмай, сол жерді пайдалану құқығын басқа заңды тұлғаға сатып жіберген. Алайда балуандықтар әртүрлі себеппен құқық қорғау органдарына бертінде ғана арызданыпты. Соның салдарынан бір қолдан бір қолға өтіп кеткен жерлерін қолданыстағы заңнама бойынша қайтару қиынға соғып, талай табалдырықты тоздырып жүр. Балуандықтардың өкілдерін облыстың жаңа әкімі Ғауез Нұрмұхамедов жуырда  қабылдап, ортақ шағымдарын тыңдаған соң іле сол ауылға әдейілеп барып, тоз-тозы шыққан шағын елді мекенде қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп-біліпті. Содан соң балуандықтар айырылып қалған жерді пайдалану құқығын иеленіп, ауыл маңындағы алқаптарға егін салып жүрген ЖШС басшысына көршілес елді мекендердегі инвесторлар сияқты, жыл сайын жергілікті тұрғындарға пай төлеуді ұсыныпты. Бұл – әділ ұсыныс деп білеміз. Өйткені балуандықтар өздерінің шартты жер үлестерін пайдалану құқығынан заңсыз айырылып қалғанымен, туған ауылдарының маңайындағы жердің бәрі – олардың ата-бабаларынан мирас болған жерлер. Шынтуайтында, Балуан ауылының жері ешкімге сатылған жоқ, оны пайдалану құқығы ғана заңсыз сатылған. Ал Ата Заңға жал­пы­халықтық референдум арқылы енгізілген өзгеріс бойынша енді жер иесі – халық болғандықтан, Балуан ауылы жерінің заңды иесі оның тұрғындары болуға тиіс емес пе?

Осы орайда 2003 жылы қа­был­­данған Жер кодексінің  79-бабы инвес­тор атын жамылған талай алаяқтың көптеген ауыл тұрғыны­ның өздеріне сенім­герлік басқаруға берген жер үлестерін пайдалану құқығын заңсыз кепілге қойып, аса ірі мөлшерде кредит алып, оны қалталарына басуына жол ашып бергенін айтқан жөн. Соның салдарынан алаяқтық жолмен алын­ған кредит қаржы ұйымдарына қайтарылмай, кепілге салынған жерлерді пайдалану құқығы аукцион арқылы сатылып жатыр.  Екінші деңгейдегі банктердің мәліметтеріне қарағанда, өт­кен жылы жалпы көлемі 4,1 млн гектарға жуық ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы 2 661 жер учаскесін пайдалану құқығы кепілге қойылған. Бұл туралы олардың иелерінің бәрі бірдей білмеуі де мүмкін. Ал осынша жерді кепілге қою арқылы алынған кредиттер бойынша  ағымдағы берешек 1 213 млрд теңге болған. Мұның өзі алдағы уақытта жер қатынастары саласында жаңа дау-дамайларға әкеліп соғып жатса, оған таңғалуға болмайды.

Былтыр жер қатынастары са­ласындағы көкейкесті мәселе­лер­мен айналысып жүрген бел­гілі заңгер, Мәжіліс депута­ты Бақыт­жан Базарбек Үкімет пен Бас про­куратураға жолда­ған депутаттық сауалында екін­ші деңгейдегі банк­тер мен қар­жы ұйымдарына ауыл тұрғын­дарының шартты жер үлес­терін пайдалану құқығын ке­пілге беруге екіжылдық мораторий енгізуді ұсынған екен. Оған Үкі­мет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен ақылдасып қай­тарған ресми жауапта: «Ауыл шаруашылығы өндірушілерінде өтімді кепіл мен өз ақшасының жеткіліксіздігі жағдайында жер учас­келерін кепілге беруге мораторий енгізу ауыл шаруашылығы өндірушілерінің едәуір санының кредиттік ресурстарға қол жетім­ділігін айтарлықтай шектеуі мүм­кін. Бұл ауылдағы айналым қара­жатының жетіспеушілігіне және ауыл шаруашылығына жеке инвес­тициялар ағынының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты банк­терге, оның ішінде шартты жер үлесінен тұратын жер учаскелерін кепілге беруге мораторий енгізуге қолдау көрсетілмейді», делінген.

Сонымен қатар Үкімет жер үлескерлерінің құқықтарын қор­ғау мақсатында ЖШС-лер бас­шы­ларының серіктестікке қаты­сушыларды шартты жер үлес­терінен тұратын жер учаскелерін кепілге беру туралы кемінде 30 күн бұрын міндетті түрде хабардар етуге міндеттеу және тиісті шешім қабылдау үшін олардың 75 пайызының даусы берілуі туралы талапты енгізу сияқты шараларды қарастыру жоспарланып отырғанын мәлімдепті.

Біздің ойымызша, жаңартыл­ған Ата Заңда жер – халықтың меншігі деп көрсетілгендігіне байланысты қолданыстағы заңна­маға ауылдардың тарихи қа­лып­тас­қан жері олардың байыр­ғы тұр­ғын­дарына тиесілі екендігі туралы өзгеріс енгізу қажет. Сонда жерді пайдалану құқығы қай кәсіпкерге сатылып кетсе де, ол жердің түп­кілікті иесі – ауыл тұрғындарына жыл сайынғы табысынан белгілі мөлшерде пай төлейтін болады. Солтүстік Қазақстан облысы әкі­мінің Балуан ауылының жерінде егін егіп жүрген ЖШС басшысына айтқан ұсынысы, міне, осы тұрғыдан да қисынды.

Соңғы жаңалықтар

Нақты істің кезеңі

Үкімет • Кеше

Отан да, парыз да ортақ

Аймақтар • Кеше

Инфляция иірімі

Инфляция • Кеше

Шаруаның көңілі неге күпті?

Шаруашылық • Кеше