Қоғам • 12 Ақпан, 2024

Вандализм – қоғам дерті

2258 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде ескерткіштерді қирату,түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілеген. Былтыр вандализм жасаған 5 мыңнан аса адам анықталған. Бұзақылар ұсталған жағдайда жазасыз қалмайтыны түсінікті. Бірақ көшедегі жүгенсіздік «қоғамдық эпидемияға» айналмас үшін не істеу керек?

Вандализм – қоғам дерті

Фото: vektor-tv.ru

Әйнегі сынып, төбесі опы­рыл­ған аялдамалар мен қоқыс салғыш­тың сұрықсыз күйін қазір еліміздің кез келген қаласынан кезік­тіруге болады. Тіпті күндіз-түні күзеті­летін нысандардың да орындықтары сынып, жол сіл­тейтін көрсеткіштері мен ескерту тақ­тайшалары бұзақылардың «құрбанына» айнал­ған. Мәсе­лен, былтыр мамыр айында елор­дадағы Ш.Қосшығұлұлы көше­сіндегі №10 үйдің жанында әлдебіреу шлагбаумды қасақана майыс­тырып кеткен. Оны абырой бол­ғанда, қала тұрғыны бейнежазбаға түсіріп үл­герген. Кейін қара күші бойына сыймай жүр­­ген күдікті анықталып, сот оны әкімшілік жауап­­кершілікке тартып, 20 АЕК айыппұл салды.

– Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және же­ке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төз­беушілік» қағидатын іске асы­ру аясында қоғамдық орын­дар­да әдепсіз сөздер айтып, қор­лау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орын­дарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азамат­тардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін – 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Астана қаласында өткен жылы 181 қасақана жою немесе бүлдіру фактісі анықталды. Мұны негіз­ге алып, қалалық Полиция де­пар­та­менті бұзақылық, яғни қо­ғамдық тәртіпті қоғамды құр­мет­темеу анық көрінетін, азамат­тарға күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жою немесе бүлдiрумен не ба­рынша арсыздықпен ерекше­ленетiн әдепсiз әрекеттер Қыл­мыс­тық кодекстің 293-бабымен («Бұзақылық») қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Бұл бап екі жылға дейін­гі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін екі мың АЕК мөл­шерінде айыппұл салуды көз­дейді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкін бүл­діргені туралы фактілер анық­талған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін «102» нөміріне хабарласу керек, – дейді Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің басшысы Гүлмира Шырахметова.

Нұрбек Ергешбай – қитұрқы әрекетке басып, қоғам меншігіне атүсті қарайтындармен күресіп жүргендердің бірі. Волонтер өткен жылы «Jastar ruhy» жас­тар қанатының 50-ден астам бел­сендісімен Көкше маңындағы «Бу­рабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ор­на­ласқан «Жұм­бақтас» жартасын тазарт­қан.

– Ғимараттарға, тарихи-мә­де­ни орындарға сурет салып кететіндер көп. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер де аз емес. Сондай-ақ түнде бетпер­де киіп, рұқсат етілмеген жер­лерге барып сурет салып, по­лиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше адреналин ала­тындар да бар. Бұл – таза жа­байылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, анық вандализм. Олардың эмоцияға беріліп, істеген әрекеті, қаланың сә­нін қашырып, бюджетке салмақ түсіріп тұр. Бірақ оның салдарын бұзақы түсініп, парқына бар­майды. Көп болса, айыппұлмен құтыламын деп еліреді. Мен осы нәрседен қорқамын. Өйт­кені қаншама тарихи нысанның бүлінгенін біз жіті білмеуіміз мүмкін. Сондықтан біз бұл мә­се­лені де­путаттарға жеткіздік, вандализмге қар­сы петиция да жарияладық, – дейді жанашыр.

Психолог Шолпан Әбі­лованың сөзінше, вандализм әрекетіне психологиялық фактор түрткі болады. Яғни жастар әсіресе 11 жас­тан асқан жасөспірімдердің мұндай қи­тұрқылықты істеуінің төрт деңгейі болады. Біріншісі, ессіз әрекет. Адам ішіндегі ашуын сыртқа шығару мақсатында ішімдік пен есірткі әсерінен бұзақылыққа барады. Екіншісі, саналы деңгейде ойын-сауық құрып, жарысу, бәсекелесу, өзгелерге еліктеу, өзін сендіру мотивімен жасайды. Үшіншісі, психологиялық тұлғалық саналы түрде өзін-өзі қорғауы, кек алуы, азаматтың мінез-құлық әдеті. Төр­тіншісі, ішкі наразылығы, өзіне көңіл ауда­руды көздей­тін әлеуметтік психологиялық саналы деңгей.

– Елімізде «вандализм» ұғымына кіретін әрекеттерді көп жағдайда жастар қауымы жасап жатады. Вандализм көбінесе үрейден, қаттылықтан, қозудан, агрессиядан болады. Яғни қандай да бір бойдағы агрессия ошақтарын қандырушы әрекет ретінде есеп­теледі. Ван­дализмге алып келетін жолдар: онтогенді яғни дұрыс емес тәрбие көзі, гипер немесе гипо байектеу баланы, жағымсыз орта болса, биогенді түрде ол шығу тегі (ішімдікке әуестік, психопатия, психикалық ауытқулары агрессивті түрде) арқылы генетикалық тұрғыда ұшырайды. Алғашқы әрекет немесе айқын агрессивті әрекеттің алдын алу психиканы тұрақтандыру және қорғанудың ең тиімді жолы, – дейді маман.

Ал Сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалының бірінде вандализм әрекетінің өршуі шалғайдағы елді мекендерде мәдени және спорттық нысандардың, кітапхананың жоқтығынан екенін алға тартады. «Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатыгездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90-жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады», дейді депутат.

Азаматтардың көрікті жерлердің сиқын қашырып, сәнін кетіруіне мәдениеттен бөлек, әлеуметтік фактор да себеп көрінеді.

– Қазақстандағы вандализммен байланыс­ты негізгі проблемалар – қоғамдық сана мен білімнің жоқтығы. Қоғамдық кеңістіктер мен ортақ меншіктің маңыздылығын түсінбеу, салдарынан адамдардың қоршаған орта мен қала нысандарын бағаламауына және оларға қамқорлық жасамауына дейін апарады. Қоғамдық орындарда тиімді мониторинг пен қадағалаудың жоқтығы вандализм әрекеттерінің көбеюіне әкеледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер де маңызды рөл атқарады. Кедейлік, жұмыссыздық және әлеуметтік шиеленістің жоғары деңгейі вандализм әрекеттерін өршітуі мүмкін. Сондай-ақ қатаң заңдардың жоқтығы вандализмді қоздырады, – дейді «Q-88» Қазақстан урбанис­тер қауымдастығының атқарушы директоры Мадияр Даурбаев.

Әрине, тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуы да, қамауға алынуы да ықтимал. Дегенмен қолданыстағы іс-шаралар жеткіліксіз екені анық. Содан болар сенаторлар вандализмге қарсы заңнаманы қатаңдатуды ұсынды.

– Кейінгі уақытта вандализм мәселесі ушы­ғып тұр. Күн сайын БАҚ беттерінде біреу­лердің халықтың мүлкін, коммуналдық меншігін бүлдіргені туралы жаңалықтар желдей есіп жүр. Вандализм дерті эпидемия сынды. Мемлекет басшысының жақында айтқан сөзінде халықтың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпсіздіктер мен мәдениетсіздікті болдырмау жөніндегі міндеттер ерекше өзектілікке ие болып отыр. Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді қайта қарау керектігін дәлелдейді. Сенаторлар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруға дайын. Біз барлық мүдделі тарапты осы бағыттағы бірлескен қызметке шақырамыз. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет, жергілікті атқарушы орындар және құқық қорғау органдары бақылауға алуы керек. Өз тарапынан сенаторлар да бұған белсенді қатысуға дайын, – дейді Сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Мадияр Даурбаев осы орайда вандализм үшін жауапкершілікті күшейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде халықаралық тәжірибені ескеру қажет деп санайды.

– Жапония білім мен тәрбиеге деген көзқарасымен, әсіресе қоғамдық орындар­ды құрметтеу контекстінде танымал. Жапон мектептеріндегі білімге тазалық сабақтары кіреді. Мұнда оқушылар сыныптары мен мектеп аумағын өздері жинайды. Бұл тек тазалықты сақтауға емес, сіздің жұмыс кеңіс­тігіңізге, қоғамдық мүлікке деген құрметті қалыптастырады. Сингапур елі де тәртіп пен тазалықты сақтауда қатаң көзқарасымен ерекшеленеді. Елде қоқыс тастау, бұзақылық және басқа да қоғамға қарсы әрекеттер үшін қатаң заңдар мен айыппұлдар бар. Син­гапур тәжірибесі нақты ережелердің есебінен  вандализмнің алдын алуға болатынын көрсе­теді. Ал Ұлыбритания вандализммен күресу үшін әртүрлі стратегияларды пайдаланады. Соның ішінде бейнебақылау камераларын орнату және «Neighborhood Watch» сияқты бағдарламаларды жасау. Мұндай бас­тамалар тұрғындар мен полиция арасындағы ашықтық пен ынтымақтастықты арттыру арқылы қылмыс пен вандализмді азайтуға көмектеседі. Қазақстан үшін де қоғамдық орындарда бақылауды жақсартуға ұтымды бастама, – дейді ол.

Оған қоса мамандар проблеманы түбегейлі шешу үшін креативті индустрия өкілдерін де тарту тиімді екенін атап өтті. Өйткені қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыруда трендтегі іс-әрекеттер нәтижелі дейді.