Қазақстан • 12 Ақпан, 2024

TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне 8 мыңға жуық Қазақстан педагогі қатысады

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпанның 12-сі мен наурыздың 20-сы аралығында 50-ден астам елдің қатысуымен TALIS-2024 төртінші циклі өтеді. Оған Қазақстанның 378 мектебінің 8000-ға жуық мұғалімдері мен директорлары қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне 8 мыңға жуық Қазақстан педагогі қатысады

Фото: gov.kz

«Бұл цикл білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері туралы жаңа сұрақтардың қосылуымен ерекшеленеді. Зерттеуге Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, Республикалық білім мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының, «Өрлеу» БАҰО сарапшылары және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары бірлесіп әзірлеген ұлттық мәселелер енгізіледі», деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

TALIS-2024 бойынша Қазақстан педагогтері нәтижелерінің егжей-тегжейлі талдаулары қамтылған ұлттық есеп 2026 жылы жарияланады. Нәтижелер республиканың сегіз макроөңірі бойынша ұсынылады.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәлім етуінше Қазақстан TALIS зерттеуіне 2018 жылдан бері қатысып келеді. Оның нәтижелері «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу кезінде ескерілді. TALIS (Teaching and Learning International Survey) әр алты жыл сайын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен өткізіліп келеді. Ол ең ауқымды халықаралық зерттеулердің біріне айналған. Зерттеу еліміздің педагогикалық корпусының күшті және әлсіз тұстарын анықтауға және мектептердегі педагогтер мен білім беру ортасының жұмыс жағдайларын тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді.