Басылым • 12 Ақпан, 2024

Абылай хан және ұлт батырлары

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көрнекті айтыс ақыны, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов – бүгінгі түсінікпен айтқанда, креативті қаламгер. Өткен жылдың соңында осы автордың «Абылай хан мен батырлары» атты балаларға арналған танымдық кітабы «Фолиант» баспасынан қазақ, ағылшын тілінде жарияланып, бір марқайған едік. Енді жаһан кітапханасынан байқасақ, осы басылым 2022 жылы түрік және орыс тілдерінде де жарияланыпты.

Абылай хан және ұлт батырлары

Бәрі жеке-жеке басылым. Ағылшынша нұс­қасы – «Khan Ablai and his Horsemen» деп аталса, түрікшесі – «Ablai han ve Ba­turlar», орыс­шасы – «Абылай хан и батыры» деген атау­мен бе­рілген. Түрік­шеге танымал аудар­машы – Ашур Өз­демир, ағылшыншаға Тимур Ах­мед­жанов тәржімелеген. Орыс­шасы автордың өз қолынан шыққан. Сурет­термен көр­кем­деген – Қайрат Жәйірбек. Айт­қан­дайын, түрік нұсқасы Ыс­танбұлдың «Kityay Yayıanları» баспасында, орысша нұс­қа­сы Қарағандының «Гласир» баспасында ба­сылған. Барлық басылымның соңында қалам­гер қазақ этнографиялық атауларына түсінік береді.

Автордың жазуынша, балалар мен жас­өспірімдерге арналған бұл хикаят халық аңыз-әп­­саналарына, тарихи деректерге негізделген.

Адамзат шежіресіне қазақтың ел құ­раушы ұлы ханы ретінде енген Абылай ғұмыры мен қайраткерлігі – Отанға, ұлтқа, әлем бейбітшілігіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Тағдыр талқысымен бала күнінде жетім қалған ержүрек азамат жауапты жорықтар мен елді жаудан азат ету қозғалыстарында танылып, Жоңғар, Қытай, Ресей, Орта Азия әмірліктері сияқты айбынды да күрделі көршілермен саяси байланыс орнатып, билік басына еңбегімен, батырлығымен, тапқырлығымен жеткен.

Қазақтың мыңжылдық даналығында айтылатын:

«Айырдан туған жампоз бар,

Нар емес десең нанғысыз,

Қарадан туған жігіт бар,

Ханға күнін салғысыз»,

деген өлшем, бір жағынан жетімдіктен жетілген, сұлтан мәртебесін өзіне лайықты қайтарып алған Абылай ханға лайықты. Тағы да бүгінгі таныммен қарасақ, ол барлық жағынан бәсекеге қабілетті еді.

Ұлы даланы жауға да, дауға да бермеген бабалардың ақыл-парасаты мен қаһар­мандығын, Абылайдың адам нанғысыз бел-белестерін, қазақ-жоңғар соғысындағы айбынды батырлардың қайталанбас ерлігін байып­тататын бұл кітап балалар үшін аса маңызды.

Кітап тараушаларының атаулары – «Бала», «Аласапыран», «Яки, яки», «Не істеу керек?», «Ғаламат», «Аталық», «Ла­қап ат», «Иірім ой­лар», «Әділ соғыс», «Лықсыған ыза», «Іс­тің мәні», «Жалбы», «Абылай – тұтқын», «На­ғыз жалғыздық», «Ананың махаббаты мен өш­пенділігі», «Ажал аузында», «Қонтай­шының тағы», «Ерекше түс», «Қазақ елшісі», «Жазалау ма, рахымшылық па?», «Қойдың басы», «Даланың екі билеушісі» – ортақ идея­ны бірінен соң бірі толықтырып, тұлғаның даңқты жолы бала түсінігіне сай жеткізеді.

Хикаятта ұлттың ұлы тұлғалары – Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр-Жүсіп Көпей­ұлы, Шә­кәрім Құдайбердіұлы сынды этнограф, санат­керлерінің жазбалары жаңаша жаңғырады. Сондай-ақ автордың көркемдік ізденісі шы­ғарма мұратын айшықтай түседі.

Мамандардың пікірінше, Баянғали Әлім­жановтың осы еңбегінің түрікше, ағылшынша аудармалары сәтті шыққан.

Ағылшын мен француздың тамаша туын­дыларын тікелей аударған, оқырманын «Слово живое и мертвое» атты кітабымен баураған Нора Галь: «Жалқау, орашолақ қолмен ештеңе жасай алмайсың, керең һәм енжар жүрекпен ештеңе жеткізе алмайсың» деп жазыпты.

Ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлім­жановтың әрқашан ізденіс үстіндегі қаламы да, жүрегі де тарихи тұлғаны бала тілінде үйлесімді жеткізгеніне куә болдық.

 

Сабыр Шәріп,

PhD