Құқық • 13 Ақпан, 2024

Әлімжеттікпен күресте нәтиже аздау

165 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде оқушылардың бір-біріне әлімжеттігі тыйылмай тұрғанын айтып, буллингтің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырған еді. Осы орайда Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Жанетта Жазықбаеваны әңгімеге тартып, аймақтағы осы мәселеге қатысты біраз жайға қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

Әлімжеттікпен күресте нәтиже аздау

Мұғалімге жат мінез

Маман өткен жылы мегаполисте буллингке қатысты 8 жағдай тіркелгенін мәлімдеді. Мәселен былтыр №4 жалпы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі балаларға намысқа тиетін сөздер айтып, оқушыларға әбден қысым жасаған. Орыс тілі мен математика пәнінен сабақ беретін мұғалімдер мектеп әкімшілігіне ескертпей, оқушыларды табиғат аясында серуенге алып шыққан. Сол жерде балалардың көзінше бірнеше оқу­шы­ның намысына тиіп, дөрекі сөздер айтқан. Ертесі сабақ үстінде әлгі оқу­шыларға тағы да өшігіп, былапыт сөз­дерін жалғастырған. Ата-аналар осы жағ­дайды балаларының өз аузынан естіп-білген соң Ж.Жазықбаеваға хабар­лас­қан. Уәкіл бірден мән-жайды анықтау үшін мектепке жиналысқа барады.

«Жиналыста математика пәні мұға­лі­мі мамандығына сай мінез көрсете ал­мады. Жиында екі талап қойдым. Біріншісі, бейбіт түрде өзара мәселені шешу, болмаса білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне шағым түсіретінімді мәлімдедім. Сонымен мұғалімдер өз еріктерімен жұмыстан босатылып, мәселе шешілгендей болған. Алайда арада біршама уақыт өткенде адвокаттар хабарласып, мұғалімдерге қысым көрсетілгенін алға тартты. Сөз­деріне қарағанда, тіпті мектеп директорына да қысым жасалған. Осылайша, пән мұғалімі тәртіп бұзғаны үшін сөгіс жариялау ережесімен қайта жұмысқа қабылданған», дейді омбудсмен.

Балалар құқығын қорғау уәкілі мұға­лім тарапынан бірнеше өрескел тәртіп бұзылғанын айтты. Біріншіден, мектеп әкімшілігіне ескертпей, балаларды табиғатқа серуенге алып шыққан. Егер бір оқыс оқиға бола қалса мектеп үлкен дауға қалар еді. Екіншіден, оқушыларды намысына тиетін сөздермен қорлаған. Бұл жағдайда да 7-сыныпта оқитын жап-жас балалар күйзелістен ойламаған әрекетке баруы мүмкін еді. Үшіншіден, мұға­лім уәкілге негізсіз қысым көр­сет­кен.

 

Бейдауа әлімжеттік

Уәкіл буллингке қатысты арыз бойынша тағы бір істі қарағанын жеткізді. Бұл оқиға қаладағы жеке­меншік мектептердің бірінде болған. Жоғары сыныпта оқитын өзі спортшы, сыныбының «атаманы» саналатын бала бірге оқитын сыныптасына әлімжеттік көрсеткен. Зәбір көрген бала момын, сабақты жақсы оқитын, бірақ талма ауруы бар оқушы екен. Арнайы есепте тұратын ол дәрі ішіп, денсаулығын күтіп жүретінге ұқсайды. Екеуінің арасындағы ерегес әлеуметтік желідегі ортақ чатта бас­талған. Спортшы оқушы сыныптас­тарынан дайын үй жұмысын сұратқан, бұған әлгі бала қарсы жауап берген, оның бұл айтқаны оған жақпай қалады. Сөйтіп, ертесіне денешынықтыру саба­ғында әлгі бала өзіне қарсы шыққан сыныптасын киім ауыстыратын бөлмеде ұрып, көзін көгертіп тастайды. Мұны көрген анасы полицияға арыз жазады. Алайда екі жақ бейбіт келісімге келеді. Дегенмен жапа шеккен баланың анасы арызында егер жағдай тағы да қайталанса, нақты іске көшетіні жөнінде шарт қояды. Бірақ жергілікті полицияға берген арыздың көшірмесін алмаған. Осы қателігі кейін алдынан шыққанына ана қатты өкінеді. Өйткені өзара келісімнен кейін де «атаман» оқушы әлімжеттігін тоқтатпаған. Балағат сөздермен жұрттың көзінше баланы сыбап, әбден моральдық күйзеліске түсірген. Содан баланың ескі ауруы қозып кетіп, төрт айда төрт рет ауруханаға түсіп, ақыры соңы операция үстелінен бір-ақ шығады. Операция кезінде оған қолына арнайы аппарат орнатылды. Егер талмасы ұстаған жағдайда жүрегіне әлгі аппаратты апару керек. Сол кезде талмасының беті қайтатын көрінеді. Аппарат қойдырған себебі ауру әбден асқынып, ешқандай дәрі-дәрмекке көнбей кеткен. Ең өкініштісі, бала мектепке баруға жарамай, үйінде онлайн оқуға мәжбүр болады. Байғұс ана істі қайта көтергісі келеді. Бірақ учаскелік полицияға берген бұрынғы арызы ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Әлімжеттік жасаған бала да басқа мектепке ауысып құтылады. Әділдік іздеп, тіпті прокуратураға дейін барған, алайда дәлел болатын құжат, яғни арызы болмаған соң істің аяғы қиындап кетеді. Уәкілдің айтуынша, қол жұмсаған баланың отбасылық жағдайы жақсы. Ал кеселге душар болған оқушының анасы жалғызбасты әйел, перзентін аяққа тұрғызсам деген жанталаспен көп несие алып, қазір қарызы бастан асады.

«Осы арызбен мектепке бардым, директорымен сөйлестім. Алайда ол бұл жағдайдан хабарсызбын дегенді айтты. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары басқа жұмысқа ауысып­ кетіпті. Директордан «Мектепте осындай оқиға болып жатқанда сіздің білмеуіңіз қалай?» деп сұрақты төтесінен қойдым. Негізінде мұндай кезде сынып жетекшісі проб­ле­маның алдын алып, буллингке­ қарсы бағдарлама бо­йынша арнайы шара қабылдауы керек еді. Ата-аналар татуласқанмен, мінезі бұзық бала бәрібір өштесіп, кегін алған болып тұр ғой. Зәбір көрген баланың сыныбындағы оқушылармен де сөйлесіп, қысымға ұшыраған достарыңа неге қолдау білдірмедіңдер деп біраз намысты оятатын сөздер айттым. Мектеп психологі де жұмысын ауыстырып кетіп қалған екен. Осы себептерді алға тартып, білім ұясының басшылығы әйтеуір жауапкершіліктен құтылып шығады. Жекеменшік мектеп­тің құрылтайшысымен де жолы­ғып, баланың жағдайын бір барып сұра­ма­ған­дарына қын­жылысымды білдірдім», деді Ж.Жазықбаева.

 

Еті жоқ тамақ

Сонымен бірге уәкіл мектептердегі оқушыларға берілетін ыстық тамаққа қатысты ата-аналардан арыз-шағым көп түсетінін мәлімдеді. Маман «Азаматтық альянс» үкіметтік емес ұйымдардың заңды тұлғалар бірлестігі қызметкерлерімен бірге мектеп асханаларын тексерген. Аралау барысында көптеген заң бұзушылық барын анықтаған. Соның ішінде уәкілдің ерекше байқағаны – мектепте берілетін тамаққа ет өте аз қосылады. Тамақтану нормасы мен стандартына мүлдем сәйкес келмейді. Уәкілдің айтуынша, әр жастың тұтынатын тағамында бекітілген тиісті мөлшерлеме бар. Мектептегі тамақтың ет мөлшері соған сай емес. «Азаматтық альянс» мамандарының зерттеуінше, қалада 20-ға жуық жеке кәсіпкер мектеп асханаларын 5 жылға жалға алған. Жеке кәсіпкер асхананы заманға лайықты жабдықтап, 5 жыл ішінде балаларды тамақтандыру ісіне салған инвес­тициядан табыс көреді. Асханалар жекеменшік болғандықтан, оған кіруге ешкімнің құқығы жоқ. Алайда балаларға ас дайындайтындарды бақылайтын арнайы комиссия бар.

Әр мектепте шамамен мыңға жуық бала тамақ ішеді. Уәкіл балалар тамағынан сиыр етін көрмегенін айтады. Негізінен тауық еті көп кездес­кен. Банан секілді жеміс-жидектерді ас үстелінен мүлдем байқамаған. Сары майдың орнына маргариннің бір түрі беріледі. Ал жасанды май бала денсаулығына өте зиян­ды екені белгілі. Қара шайдың ішінде қайнаған судың қағы жүреді. Оның да бүйрекке жаман әсері бар. Сондай-ақ газдалған сусын, шоколадтар асханада толып тұр. Ереже бойынша мұндай заттарды сатуға тыйым салынған. Тексерушілер еттің құжаттарын көргенде бәрін базардан сатып әкелетінін білген, етке соғылатын мөр де бір қолдан өткендей бәрінде бірдей. Құжатта еттің сапасы жөнінде анықтама, мөлшері, зертханалық қорытындысы мүлдем жоқ. Бақылаушылар тайыншасын арнайы сойып, еттерін боршалап, тоңазытқышқа салып қойған бір ғана жеке кәсіпкердің жұмысын жоғары бағалаған. Ал басқа мектептердің асханасында тек бір-екі күндік қана еттің тұрғаны анықталған. «Сонда ет бітіп қалса базардан барып сатып әкеле салатын болып тұр ғой», дейді омбудсмен. Осы аталған кемшіліктерді тексерушілер қалалық білім басқармасына жолдаған.

«Шыны керек, жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланған деп өздерін тым босаңсытып жіберді. Бала денсаулығына ешкім де бас ауыртқысы келмейді. Санитарлық эпидемиологиялық қызмет өкілдері тек арыз бойынша немесе бір жағдай болған кезде ғана тексеру жүргізе алады. Бұл олқылықты жөнге келтіру үшін ата-аналардың тамақтану рационы жөніндегі кәсіптік сауатын арттыру қажет. Жеке кәсіпкерлер осы кемшілікті айтқанымыз үшін бізге кәдімгідей сес көрсетті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жиын өткізіп, оның қорытындысын прокуратураға жолдаған. Егер тәртіп бұзылмаса, кемшіліктерін жариялап неміз бар. Қаладағы 150-ге жуық мектептің бар-жоғы 10-ақ пайызын тексердік. Қалған 90 пайызындағы жағдай қандай екені үлкен сұрақ», дейді Ж.Жазықбаева.

Уәкілдің айтуынша, бір кәсіпкерге 7 мектептің асханасы жалға беріліпті. Бір жылда 100 млн теңге бөлінетін көрінеді. Сонда 7 мектептің асханасын жүргізуге 1 жылда 700 млн теңге қаралады. Бұл қаржыны 5 жылға көбейтсек 3,5 млрд теңге шығады. Сонда осыншалық қыруар қаржы бола тұра балалар неге сапа­лы етке, дәруменге бай жеміс-жидекке жарымай отыр? Осы мәселе көңілде көп күдік тудырады.

 

ШЫМКЕНТ