Отау құрғандарына 12 жыл болған отбасының Мыңбаев ауылына қоныстанғанына үш жылдың жүзі болған.
«Он жылға жуық Алматыда пәтер жалдап, күнімізді көрдік. Сөйте жүріп бес балалы болдық. Тұрмыстық жағдайымызға алаңдаған досым Азамат Серікұлы осы ауылдан бес бөлмелі шағын үй алып берді. Құтты қоныс болып, міне, үшеміміз өмірге келіп жатыр», дейді үшемдердің әкесі Жарқын Ақылбекұлы.
Көпбалалы отбасының тірегі Жарқын Бағлаев Ұзынағаш ауылындағы орталық базарда картоп сатып, балаларының нәпақасын тауып жүр. Екі ауылдың арасында күнделікті таксимен қатынап, жұмыс істеудің оңай еместігін, тапқан тиын-тебеннің кейде жолақысынан да артылмай қалатынын айтып қалған қарапайым ауыл азаматының мойнындағы жауапкершілік жүгі тіптен еселене түскені айтпаса да түсінікті. Десе де «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақы қалпынан айнымаған Жарқынның қуанышында шек жоқ.
«Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасында екі қыз және бір ұлдың дүниеге келуі еліміз үшін қуанышты сәт болды. Үшемді өмірге әкелген батыр ана енді 8 баланы тәрбиелеп, өсіріп-өндіріп, қатарға қосуына тілектеспіз. Әрине, үшемді аман-есен дүниеге әкелу оңайға соқпады. Мамандардың кәсіби деңгейінің, біліктілігінің арқасында, сонымен қатар қолданыстағы жаңа технологиялардың көмегімен сәбилерді ширатып, үйге шығуына бар мүмкіндікті жұмылдырдық. Бұдан әрі аудандағы әріптестер сәбилерді бақылауға алып, денсаулығын қадағалайды», деген Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бас директоры Жұмағали Исмаилов ұжым атынан отбасына қаржылай көмек көрсетті.
Бұдан кейінгі кезекте Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы ауданда өткен жылы 4 200 бала өмірге келсе, олардың ішінде 12 бала егіз болғанын айрықша атады. Биыл да бұл үрдіс жібін үзбей жалғасып, қаңтар айында екі әйел егіз бала туса, оның артынша үшемнің өмірге келуін жақсылыққа балады.
«Халқымыздың санын көбейтіп жатқан алтын құрсақ аналар мен сәбилеріміз аман болсын! Аудан әкімі атынан үшемдердің жатын төсектері толық жабдықталып, даярланып қойды. Алдағы уақытта арбалары мен қосымша керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі», деген ол аудан жұртшылығының жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Көпбалалы ана үшем босанатынын естіген сәттен Жамбыл аудандық орталық ауруханасы дәрігерлерінің ерекше бақылауына алынған. Отыз апталық мерзіміне жеткенде жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Дәрігерлердің бақылауында болған әйелге жүктіліктің 32 аптасында кесарь тілігі жасалып, сәбилер дүние есігін ашты.
«Балалар 2 170, 1 490, 1 900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері сәбилердің жағдайы ауыр болып, инвазивті емес SIPAP аппаратында жатты. Тек жетінші күні ана өз балаларымен қайта қауышты. Дәрігер акушер-гинекологтер, неонатолог-реаниматологтер және медбикелердің көмегімен жаңа туған нәрестелердің әрқайсысы үш аптаның ішінде 500-700 грамға дейін салмақ жинады», дейді жоғары санатты акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадулаева.
Бақытты ата-аналар өмірге іңгәлап келген қыздарына Гүлнәз және Ділнәз деген есім берсе, ал ұлдарын Темірлан деп атауды жөн көріпті. Көпбалалы ана Шолпан Мамашева бұған дейін де 2020 жылы егіз баланы өмірге әкелген. Алайда ай-күніне жетпей, шала туған шарананың бірі шетінеп кеткен.
«Бұл жолы мен жүктілікке мұқият дайындалдым және барлық қажетті ем-шаралардан алдын ала өттім. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келді, сондықтан жағдайы ауыр болды. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында аман-есен ширап қалдық. Босанғаннан кейінгі үшінші аптада перзентханадан шаңырағыма шығып барамын. Маған қолұшын берген ақ желеңді абзал жандарға, дос-жаран, туыстарыма ризашылығымды білдіремін», дейді үшемді дүниеге әкелген көпбалалы батыр ана.
Алтын құрсақ ананың тұла бойы тұңғыш қызы Арнұр – 10 жаста, 5-сыныпта оқиды. Одан кейінгі Нұрислам – 2, Азамат 1-сыныпта білім алып жүр. Егіздің сыңары болған Берікбол мен 3 жасар Бейбарыс та іздерінен ілескен үшемдерді көруге асық. Түрлі-түсті шарларын көтеріп, аналарының алдынан қуана шыққан олар «бөпемізді өзіміз тербеп, қараймыз» деп мәз. «Балалы үй – базар» дегендей, осындай көл-көсір қуаныш әр шаңыраққа жұғысты болсын деген тілек біздің де жүрек түкпірімізде лүпілдеді.
Еске салсақ, былтыр Алматы облысында 26 825 бала дүниеге келген, оның ішінде 233-і егіздер және бір үшем бар.
Алматы облысы