Нильс Бор «Қарапайым ақиқатқа қайшы жалған сөз болады. Ал бірақ терең ақиқатқа басқа бір терең ақиқат қайшы болуы мүмкін», деген екен. Дін, сенім және дәстүр – терең ақиқат феномендері кеңістігінен. Дегенмен бүгінгі қазақ қоғамында тура осы дін мен дәстүр, олардың ұштасатын, не қайшылыққа түсетін жері туралы пікір алмасулар көп ортада түрлі деңгейде дайындығы бар азаматтардың қатысуымен қызу жүріп жатыр.
Бұл – ұлттың дамуы және заман ерекшеліктерінен туындайтын заңды құбылыс. Біріншіден, ұзақ мерзім империялар құрамында идеологиялық қысым салдарынан өзінің діні мен дәстүрінен айырыла жаздап тәуелсіздікке қол жеткізген ұлтымыз жаһандану сынағына төтеп беріп, заман тезінен абыроймен өту үшін берік мәдени тірек пен айқын рухани темірқазыққа мұқтаж. Екіншіден, қазіргі заманның негізгі ерекшелігі бір жағынан жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адамзат өміріне ықпалымен анықталса, екінші жағынан BANI деген ағылшын акронимімен берілетін бұлыңғыр, морт, болжауға келмейтін, алаңдаушылығы мол әлем деп сипатталады.
Адамзат тарихы көрсеткендей жаңа технологиямен қарулану жауапкершіліктің жаңа деңгейін қажет етеді. Мұның ең көрнекі мысалы – ядролық технология. Дұрыс пайдаланса ол керемет игіліктер сыйлайды, ал бұрыс пайдаланса, нәубетке ұшыратуы мүмкін. Яғни технология жетіліп, онымен қаруланған адамзаттың дұрыс немесе бұрыс шешімнің құны да өскен сайын мәдениет пен руханияттың маңызы арта бермек. Екінші жағынан, BANI әлемінде дамудың стратегиялық бағытынан, яғни адамзаттың ізгілік жолынан ауытқымауда құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығы күн сайын айшықталып келеді. Бұл ретте білім мен тәрбие қатар жүру қажеттігін мың жыл бұрын айтып кеткен ұлы бабамыз Әл-Фарабидің даналығы мен көрегендігіне тағы да бір бас иеміз.
Дамыған елдердің тарихына көз жүгіртсек, кезінде олардың ата-бабалары ұстанған дін қағидаттары, соның негізінде қалыптасқан этика мен мораль мемлекеттің қалыптасуы мен қоғамның дамуында үлкен рөл атқарғанын көреміз. Сонымен қатар қауымдасып өмір сүрудің ортақ ережелерін қалыптастыруда жазылмаған әдет-ғұрып, дәстүрлердің де рөлі ерекше. Әлеуметтану, экономика, саясаттану ғылымдарында оларды және дінді бейресми институттар деп атайды. Осы институттардың қоғам дамуына, адамдардың шешім қабылдауына, мінез-құлқына ықпалы кейінгі жылдары терең зерттеліп жатыр. 1981 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Әлемдік құндылықтарды зерттеу» («World Values Survey») жобасы – осының жарқын мысалы. Бұл ауқымды зерттеу 100-ге жуық мемлекетті қамтиды. Оның 6-толқыны (2011 жыл) және 7-толқыны (2018 жыл) Қазақстанда да жүргізілді.
Кейінгі жылдары отандық ғалымдар да бұл бағыттағы зерттеулерді жандандырып келеді. Себебі аталған эволюция, әрине, бізге де қатысты. Екі жыл бұрын заңгерлер конференциясы өтті. Бір ғалым тарихымыздағы заңдар мен ережелердің бастауы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолынан» және Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» басталады деп баяндама жасады. Осыған қатысты мен «Сонда қазақ қоғамы Қасым ханның қасқа жолына дейін қандай ережелермен өмір сүрді? Сөзсіз, ол Шыңғыс ханның ясалары, одан бірнеше ғасыр бұрын келген ислам заңнамасы және мыңдаған жыл бойы қалыптасқан ұлттық дәстүр. Осының бәрі де – жоғарыда аталған Қазақ хандығының үш заңдар топтамасының қайнар көздері», деген едім. Яғни тарихта есімдері алтын әріппен жазылған ұлы билеріміз де шешім қабылдарда осының бәрін ескерген.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп ұлы Абай айтқандай, әрбір ұлт, әрбір қоғам оқтын-оқтын өзінің дамуына тұсау болатын әдет-ғұрып, ережелерден арылып тұрады. Мемлекет дамуында бұл заңдар эволюциясы арқылы жүзеге асады.
Осыдан 150 жыл бұрын бір америкалық ғұлама: «Заң өскелең адамға пішілген киім секілді болу керек, ол тым тар болса денені қысып, өсуді тежейді, бірақ тым шұбалаңқы болып кетсе адам оған шалынып құлауы мүмкін», деген екен. Қасиетті кітаптар түскен әлемдік діндердің қағидаттары мен ережелері дінге дейінгі наным-сенімдерге қарағанда өмірдің барлық дерлік саласын қамтып, адамзат дамуын жаңа деңгейге көтеруге рухани негіз болды. Сонымен бірге сол қасиетті кітаптардың таралу шекарасымен анықталатын өркениеттердегі мораль мен этика негіздерін қалыптастыруда әлемдік діндер шешуші рөл атқарды.
Бұл тұрғыда кезінде ислам заңнамасы жүйелі, егжей-тегжей жазылғанын атап кеткен жөн. Осы орайда ХІІ ғасырдағы Орталық Азия ғұламасы Бурхануддин Әл-Марғинанидің «Әл-Хидоя» кітабын қазақ тіліне аударуды қажет деп есептеймін. Себебі осы кітап мазмұнынан VII-XII ғасырлар аралығында ислам заңнамасының қаншалықты жан-жақты болғанын көре аламыз. Мысалы, сол заманның өзінде капитал иесі мен басқарушы арасындағы қарым-қатынас, еңбек даулары, әйелдердің хақтары мен мүлік құқықтары секілді күрделі нормалар болған.
Кезінде түрлі наным-сенімдерді ұстанған қауымдардың осы әлемдік діндерді қабылдауында да көкейіндегі көптеген сұраққа жауап таба алатын жан-жақты жүйе болуы да маңызды рөл атқарса керек.
Діннің философия мен ғылымнан негізгі айырмашылығы оның мызғымас қағидаттары мен таған-тұғырларында деп айтылады. Дегенмен дін де адамзат өркендеуіне қызмет жасайтын феномен екенін ескерсек, дамудың әр сатысында бұқара үшін оның қай қағидаттарын алға шығарып, басымдық берілуі және дәстүрмен, адамзатқа ортақ басқа құндылықтармен үйлесімдігін қалай қамтамасыз ету керек деген сұрақ әрдайым маңызды. Мен бұл жерде дін мамандары мен ғұламалардың арасындағы талқыланатын терең философиялық, дүниетанымдық, метафизикалық тұжырымдамалар, махаббаттан ғадауатқа дейінгі сезімдер, бұ дүние мен о дүниенің арасын қамтитын тұңғиықтар туралы айтып отырған жоқпын. Әңгіме қалың бұқара арасындағы уағыз, насихат туралы.
Осыдан мың жыл бұрынғы қоғам мен адамзаттың бүгінгі деңгейінде айырмашылық орасан зор. Бүгін әр адам интернет арқылы әлемде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды сол сәтінде көріп ақпарат ала алады. Сонымен бірге білім қоры жыл сайын еселену үстінде. Жаңа технологиялар өмірге ғажайып өзгерістер енгізіп жатыр. Яғни көз ашатын, тұрмысты жақсартатын құралдар мен ақпарат зор жылдамдықпен өсіп келеді. Ал көкірек оятудың негізін қалайтын дін мен дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тәрбиені сол жылдам өзгеріске, жаңа буынның талап-тілектеріне сай жеткізудің жолы қандай? Мызғымас дін негіздерінің қай бағыттарына басымдық беруіміз керек? Дін мен дәстүрдің ұштасатын жерлері қалай жеткізілуі қажет? Дәстүрдің қайсысы озық? Осы сұрақтарға жауап іздегенде біз жалпы әлемнің тарихына да, өз жолымызға да терең үңіліп тағылым алғанымыз абзал.
Адамзат эволюциясынан хабары бар кез келген адам бір Жаратушының бар және бір екеніне сену, ол сенің әрбір ісіңді, пиғылыңды да қадағалап, бағалап тұратынын, бұл фәнидегі істерің үшін оның алдында есеп беретін күн туатынына сенім бұқараны азғындаудан, хайуандықтан талай ғасырлар бойы сақтап келгенін біледі.
Дамыған деп аталатын елдердің барлығында сол сенімнен туындаған, қасиетті кітаптарда айқындалған өмір сүру қағидаттары кейін бірте-бірте заңда да, әдет-ғұрып пен дәстүрлерде де өз көрінісін тапты. Ол қоғамдарда қазір діндарлық деңгейі төмендегенімен сол қағидаттар заң мен дәстүрлерге сіңіп, ортақ өмір ережелерінің негізі болып әлі де реттегіш қызметін атқарып келеді. Бұған байланысты бірер мысал келтірейін.
Бірінші. Жиырма жыл бұрын норвегиялық азаматпен осы бағытта пікір алмастық. Норвегия – Қазақстан секілді мұнай мен газға бай мемлекет. Халықтың өмір сүру деңгейі жағынан әлемде ең алдыңғы қатарлы ел болып келеді. Солай бола тұра норвегиялық байлар туралы келеңсіз әңгіме естілмейді. Олардың мал шашпақ пен көрсеқызарлық жасап жүргені туралы ақпарат кездеспейді. Олардың патшасы, оның отбасы, үкімет мүшелерінің Швейцария, Лондон, Монакода зәулім сарай сатып алғаны туралы да хабар жоқ. Осының себебін сұрағанда норвегиялық азамат былай деп жауап берді: «Біздің конституцияда евангелиялық христиан діні мемлекеттік болып танылған. Бастауыш мектепте «жұмаққа бару жолы – еңбек» деп үйретіледі. Үлкейген соң еңбекпен табысты болған адамның ішінде мал шашпақ пен көрсеқызарлықпен айналысқандардың жұмаққа бару ықтималдығы төмендейді деп айтылады. Бұл біздің өмір салтымызға да әсер етеді».
Екінші. ХХ ғасырда мемлекеттік басқару мен әлеуметтану ғылымының дамуына үлкен ықпал еткен әйгілі неміс ғалымы Макс Вебер «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде діни этиканың экономика дамуына әсерін көрсететін жарқын дәлелдер келтіреді.
Үшінші. Институционалды экономистер 1962 жылғы Ватиканның жаһандық жиында еңбек, байлық, кедейлікке қатысты ұстанымдарын жаңаша тәпсірлеуі католик әлемінің экономикалық өсуіне тікелей әсер етті деп есептейді.
Ал енді өз тарихымызға үңілсек, бір сұраққа жауап іздеп көрейікші. Қай дәуірде біздің аймақты мекендеген халықтар, бабаларымыз әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінді? Бұл сұраққа жауап сөзсіз бізді сонау Әл-Хорезми, Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ұлықбек секілді әр қайсысы өз саласында әлемдік ғылымның көшбасшысы болған бабаларымыздың заманына алып келеді. Сол төрт-бес ғасыр аралығында дәстүр мен ғылымның ықпалымен қалыптасқан мәдениетіміздің даму деңгейін түсіну үшін Махмұт Қашқаридің түркі тілді сөздігіне үңілсек те жеткілікті. Сөздікте осы күні баламасы өз тілімізде жоқ деп жүрген талай терминдер, көптеген табиғи және жасанды зат пен құбылыстың атауларын табуға болады. Бұл біздің тілдік қордың бай және мәдениетіміздің биік деңгейде болғанының дәлелі, себебі тіл – мәдениеттің өзегі, оның дамуының көрсеткіші.
Бір ерекшелігі, тура сол заманда имам Бұхари, Қожа Ахмет Ясауи секілді дін мен руханият шамшырақтары да біздің аймақта өздерінің мектептерін қалыптастырып, дін мен дәстүрді ұштастыра білді. Демек сол кезде біздің өңірдің әлемдік көшбасшы болуының негізінде білім мен ғылым бағаланатын, олар дәстүр және діни ізденістермен үйлескен орта болғанын көреміз. Сол ортада өсіп-өнген озық білім иелері, ғылым шамшырақтары және рухани қайраткерлердің еңбектері аймағымызды әлемнің көшбасшысы деңгейіне көтерді.
Білім мен ғылым өз кезегінде кең ұғымдағы еңбектің бір көрінісі. Себебі еңбектенбеген адам білімді бола алмайтыны, еңбектенбеген адам ғалым да бола алмайтыны – аксиома. Ал қажырлы еңбек – биік рухтың көрінісі. Ендеше, өз жолымыз көрсетіп отырғандай, біз әлемдік бәсекеге қабілетті болуымыз үшін имандылық, дәстүр, білім, ғылым, еңбек үйлесетін орта қалыптастыруымыз керек.
Сонымен қатар кезіндегі сол биікте неге қалмадық деген сауалға жауап іздесек, зерттеушілердің көбі бірнеше факторды алға тартады. Олардың ішінде климат өзгеруінің салдарынан болған шөлейттену, теңіз жолдарының дамуына байланысты Ұлы Жібек жолының құлдырауы, сонымен қатар, дәстүрлердің кейбіреуінде ұқсастық болғанымен ғылым, білім тәжірибесі мен рухани ұстанымдары өзгеше әскери, саяси күштердің билікте болуы секілді сыртқы факторлармен қатар маңызы жоғары бір ішкі факторды да атайды. Ол – кейбір ықпалды дінбасыларының білімді дін исламға, ғылымды имандылыққа қарсы қойып, бұл өмірдегі жасампаз еңбектің рөлін төмендетуі. Өкінішке қарай, кейбір фундаменталистік ұстанымдағы өздерін діндармыз деп есептейтін пенделер осы қателікті қазір де қайталап жүр.
Осы тұста норвегиялық азаматтың айтқаны тағы еске түседі. Рухани тірек пен ғылым ұштасқанда жоғары нәтиже беретінін мына мысалдан да көруге болады. Кезінде өткізілген сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, ХХ ғасырдағы Нобель сыйлығы лауреаттарының 10%-ы ғана өзін ешқандай дінді ұстанбайтынын көрсеткен. Яғни әлемдік ғылымның шыңында тұрған ғалымдардың 90%-ы өзін діннен, рухани тіректерінен бөліп қарамаған. Өкініштісі, солардың ішінде әзірге ислам әлемінің өкілдері аз.
Дегенмен қазіргі уақытта да ғылымның дамуына зор үлесін қосып жатқан мұсылман ғалымдар аз емес. Ең жаңа мысалдарды алсақ, пандемия кезінде дүние жүзінде ең алғашқы Covid-19 қарсы вакцинаны ойлап тапқан «BioNTech» компаниясының негізін қалаушылар Угур Шахин мен Озлем Түркеджи және де өзіміздің елімізде «QazCovid» вакцинасын шығаруды басқарған профессор Күнсұлу Закарияны айтуға болады. Сонымен бірге Мысырдан шыққан физик, Нобель сыйлығының лауреаты Ахмед Зевайл немесе Мұхтар Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев секілді математик ғалымдардың жетістіктері де жарқын мысал. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Ал енді осы және басқа да замандас ғалымдар, жоғарыда аталған Әл-Хорезми, Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ұлықбектер туралы дінбасыларымыз біле ме? Білсе оны бүгінгі жастарға үлгі ретінде уағыздарда пайдалана ма? Құран Кәрім мәтіні мен хадистердегі, ұлттық дәстүрдегі білім мен еңбек туралы айтылған қанатты сөздер кәдеге асырылып жүр ме?
Осы ретте 2017 жылы Қытайдың Цюаньчжоу қаласындағы Теңіз музейіне барған кезімдегі оқиға еске түседі. Музейдің бір залына кіреберісте «Білімнің көзі – Қытайда болса, сонда барып үйрен» деген сөз жазылған екен. Бұл Пайғамбар с.ғ.с. хадистерінен алынған сөз екенін білгендіктен, «Авторы неге көрсетілмеген?» деп сұрадым. «Оны ішке барған соң түсінесіз» деді. Сөйтсем бірінші зал тұтас Қытай мен ислам қарым-қатынасына арналған екен.
Осы хадисті біздің елдегі уағыздарда ескере ме? Білімді және білімсіз адам арасындағы айырмашылықтар, еңбек құндылығы туралы айтылған хадистер пайдаланыла ма? Бұл – үлкен сұрақ. Дін қағидаттары мызғымайды, бірақ адамзат дамуына сай әр кезеңде қай қағидатты алға шығарып, қай қағидатқа басымдық беру уағызда ескерілуі абзал.
Шынтуайтқа келгенде, дінбасылар секілді жүйелі түрде апта сайын, не аптасына бірнеше рет жүздеген адаммен кездесіп, олардың алдында уағыз айту мүмкіндігіне ие адам некен-саяқ. Ал ендеше, осы мүмкіндікті ұлттық құндылықтарымыз бен исламды ұштастыруға, ғылым, білім, жасампаз еңбекке деген құндылықты дін құндылықтарымен үйлестіре насихаттауға пайдалану қоғамдық сана дамуына да елеулі үлес қосар еді.
Тарихымыздағы байырғы діни білім ордаларының бағдарламалары да өз заманында осындай ұстаным болғанын көрсетеді. Әкем Қарнақ, Ақтас мешіттерінде, арасында Бұхараға да барып, ХХ ғасырдың басында он бес жылдай медреселерде оқыған. Әкемнің жинаған кітаптары көп болды. Солардың жартысына жуығы ғылым (биология, математика, тағы басқа бағыттар) туралы еді. Яғни сол мектептердің бағдарламасында ғылым оқытылған (кітаптардың кейбірін Ұлттық кітапхана, мүфтият, музейге тапсырдым). Әкемнің айтуынша, ислам негіздері, шариғат және ғылым салаларын араб, әдебиетті парсы, ал сопылық ілімді шағатай тілінде оқыған. Міне, осының өзі бағдарламалардың дін мен дәстүрді, дін мен білімді, ғылымды, еңбекті ұштастырудың жарқын үлгісі. Ол оқу орындарында формадан мазмұн маңызды екені де басшылыққа алынған.
Осы ретте жоғарыда аты аталған ұлы ғалымдар мен руханият шамшырақтарының негізгі еңбектерінің хрестоматиясы, не кіріспелер жинағы жасалып және оларды медреселерде факультативтік пән ретінде оқыта бастаса, бұл дінбасылардың жоғары деңгейде сауаттануына да септігін тигізер еді. Бұл тұрғыда үлгі ретінде Петр Капица шығарған жаратылыстану ғылымындағы негізгі еңбектер кіріспелерінің жинағын келтіруге болады.
Ұлыбританияға барғанда байқағаным, тіл оқыту орталықтарында атақты әдеби шығармалардың ағылшынша 400, 1 мың, 5 мың сөз білетін, әрі қарай толық білетін адамға арналған түрлі нұсқасы бар екен. Сол секілді уағыздың да жалпы бұқараға арналған, одан кейін едәуір білімі барларға, сосын дінтанушыларға арналған нұсқалары қалыптастырғаны абзал.
2024 жылды мүфтият «Дін және дәстүр құндылықтары» деп атағаны өте құптарлық іс. Сол секілді алдағы уақытта «Дін және еңбек», «Дін және білім», «Дін және ғылым» деген басымдықтар болса құба-құп. Сонымен қатар қазір түрлі топтарда ескі нанымға оралу, не болмаса басқа бір ұстанымдағылармен пікір алмасуда объективті түрде империялар құрамына кірген ұлттардың тарихын да ескеру, біздің бүгінгі тіліміздің ажырамас бөлігі болып кірген ұғымдар мен терминдердің төркінін де түсіндіре білу абзал.
Кезінде империялар құрамына кірген «бұратана» ұлттардың тағдырына қарасақ, Қасиетті мәтіні және өмірдің жан-жағын реттейтін заңнамасы бар дін аясында болған ұлттар өз болмысын сақтаған. Ал ескі наным-сенім деңгейінде қалып қойған ұлттар мәдениет ретінде жұтылып кетіп, өз болмысынан айырылып қалған. Біз бұл тарихты есте сақтап, ұмытпауымыз керек. Екінші жағынан, тіліміз, дәстүріміздің, мәдени болмысымыздың сақталуында рухани тірек, яғни діннің болуы шешуші рөл атқарғаны да тарихи шындық екенін айтқан жөн.
Пәлсапалық, метафизикалық ұғымдардың көпшілігі ағылшын, неміс және басқа тілдерге сол қасиетті мәтіндермен, соларды тәпсірлеумен келгені де көзіқарақты адамға түсінікті жайт. Ұлы Абайдың «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деген өлең жолдарындағы ұғымдардың төркініне үңілу, мектеп, ғылым секілді адамзат өркениетінде шешуші рөлі бар институттардың өз тіліміздегі атауы да ғасырлар бойғы дін мен дәстүр арасындағы өзара үйлесімдік пен ықпалдастықты көреміз.
Ұлттық дәстүрімізде еңбек, білім, ғылым құндылығы болғанын қазақтың қанатты сөздерінен де аңдауға болады. «Ала жіпті аттамайтын адал бол, қара қылды қақ жаратын әділ бол», «Білекті бірді, білімді мыңды жығады», «Еңбексіз өнбек жоқ», «Өнер – ағылып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ», «Ер дәулеті – еңбек», «Ақыл азбайды, білім тозбайды» секілді ұстанымдарды жоғарыда айтылған дін исламның білім, ғылым, еңбек құндылығын дәріптейтін қағидаларымен ұштастыру адал да еңбекқор азамат, озық ойлы ұлт тәрбиелеу бағытында ұтымды болар еді. Осы ұстаным ұлы Абайдың «толық адам» идеясымен де ұштасып жатыр.
Тәуелсіздіктің арқасында біз кеңес үкіметі, оған дейін Ресей патшалығының идеологиялық қысымына байланысты жоғалта жаздаған мәдени, рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртып жатырмыз. Қазір жастардың көбі исламға бет бұруы нәтижесінде саламатты өмір салтын ұстанатындар саны көбейгенде, жамағаттың уағыздардан өмірдегі сан салалы сұрақтарға жауап табар жолды, заманауи сынақтарға төтеп берер рухани тіректі, бұл өмірдегі жасампаздық пен көркем мінез маңызын ұғынықты да ұтымды жеткізетін жаңаша ізденістерді күту де – даму заңдылығы.
Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – пәтуасыз, қоғамды бөлшектеуге бағытталған іс, ал олардың үйлесімін табу – жасампаздық жолы. Сол себепті де мүфтияттың бастамасы да, «Egemen Qazaqstan» редакциясында ұйымдастырылған пікір алмасу да өте маңызды және құптарлық іс.
Тоқетері, дін, дәстүр, ғылым, білім, еңбек синтезін орайлы уақытта орнықты іске асырудың және оны күнделікті тұрмыс-салтымызға икемдеуге қарсы тұрар балама жоқ. Сонымен бірге бұл қазір қоғамдық сана дамуында өзекті жасампаздық дискурсына да өте қомақты үлес болары сөзсіз.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі