Сұхбат • 13 Ақпан, 2024

Арман Исағалиев: Инвестиция саласына серпін беретін сапар

300 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13-14 ақпан күндері Қатарға мемлекеттік сапармен барып, екі елдің сая­си, сауда-экономикалық байланыстарын нығайтатын бірқатар маңызды кездесу өткізбек. Осы сапар қарсаңда еліміздің Қатар мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиевті әңгімеге тартқан едік.

Арман Исағалиев: Инвестиция саласына серпін беретін сапар

– Арман Қайратұлы, бүгінде отандық дипломатияның бел­сен­ділігі артқаны байқалады. Қойнауы қазына-байлыққа толы ел үшін халықаралық байланыстарды күшейту аумалы-төк­пелі заманның талабына сай болса керек. Осы орайда Қатар елімен ынтымақтастығымыз қай деңгейде, алдымызға қан­дай міндеттер қойып отырмыз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса тәжірибелі кәсіби дипломат ретінде еліміздің әлемдік байланыстарына үлкен дем бергені сөзсіз. Қазақстанның алты құрлықты қамтыған екпінді дипломатиясы араб елдерімен де ынтымақтастықты нығайтуды күштеп қолға алды. Мұны Прези­денттің халықаралық жұмыс бағытындағы белсенді қызметінен байқауға болады.

Қатар – еліміздің сенімді се­рік­тесі. Елдеріміздің түрлі салаларда әлеуеті мол, алға қойған міндеттері ұқсас, стратегиялық жоспарлары бірін-бірі толықтырады десем артық айтпаймын. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін бірнеше нақты инвестициялық жоба қолға алынды. Келісімдер мен шарттар жасалып, ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жұмысты күшейтуге жол ашылды.

Келесі кезең – стратегиялық серік­тестікке қол жеткізу. Осы орай­да биыл 13-14 ақпанда Қазақ­стан Президентінің Қатарға тұңғыш мемлекеттік сапары ұйым­дастырылады. Сапар бары­сында екі ел басшылары маз­мұнды келіссөз өткізіп, ын­ты­мақтастықты еселеу жолдарын талқылайды. Жалпы, ел бас­шысының Қатарға мемлекеттік сапармен баруы екіжақты қаты­настар тарихындағы ең маңызды оқиға болмақ.

ннн

Былтыр маусым айында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни елордамызға жұ­мыс сапарымен келіп, Астана халық­аралық форумына құрметті қонақ ретінде қатысқаны мәлім. Бұған қоса Мемлекет басшысы Қатардың Әмірімен ха­лық­­аралық іс-шаралар аясын­­да үш рет жүз­­десті. Ал одан бұрын 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға жұ­­мыс сапа­ры­мен барғанын және шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни­дің елі­міз­ге мемлекеттік са­­пары ұйым­дас­ты­рылғанын атап өт­песке болмайды. Екі ел бас­шылары­ның осындай жиі кездесуі ынты­мақ­тастықты еселеуге деген өзара ұмтылысты айғақтайды.

Мемлекет басшылары арасын­да қол жеткізілген уағдалас­тық­­тарды орындау үшін Үкімет бас­шы­лығы мен мүдделі мем­лекет­тік ор­гандардың басшылары екі ел арасында түрлі сапарлар ұйым­дастырды. Былтыр ма­­мыр айын­да сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов бас­та­ған Қазақстан делегациясы Доха қаласына барып, Қатар Премьер-министрі – Сыртқы іс­тер министрі шейх Мұхаммед бен Әбдірахман Әл Тәнимен және ірі компаниялардың басшыларымен мазмұнды келіссөз­­дер жүргізді. Сонымен қатар Пре­мьер-министрдің орынба­сары Серік Жұманғариннің тең төр­аға­лығымен Қазақстан-Қатар жо­ғары деңгейдегі бірлескен үкі­метаралық комиссиясының 6-отырысы өтті.

Бұған қоса екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тығыз әріптестік орнатылған. Былтыр желтоқсан айында Сырт­қы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Қатар Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Әл-Хаммади сая­си консультациялардың кезекті 2-раун­дын өткізді.

– Нақты инвестициялық жобалар қолға алынғанын атап өттіңіз. Қатармен осы саладағы серіктестік жайы қандай?

– Инвестициялық серіктестік – қазіргі жұмыстың негізгі ба­ғыты. Қатар инвесторлары, ірі ком­паниялары елімізде бірне­ше жо­баны жүзеге асыруға мүд­делі. Жалпы, Қазақстанмен серік­тес­тікті күшейтуге деген қызығу­шы­лықтың күрт өскені байқалады. Бұған Мемлекет басшысының бас­тамасымен елімізде жүзеге асып жатқан оң бетбұрыстар ық­пал етіп отыр.

Нақты салаларға келер болсақ, бү­гінде Қатардың «Hassad Food» ком­паниясы Астанада ас­тық өң­деу зауытын салу жоба­сын іске асырмақшы. Бұл жоба экс­портымыздың әлеуетін күшейтуге қомақты үлес қосады деп сенемін. Зауыттың негізгі өнімдері – глютен мен крахмал. Олар Түркия, АҚШ, Канада және басқа да көптеген елдерде үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Бұған қоса кәсіпорынның арқасында елімізде қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Айтып өткенімдей, елдеріміз­дің алға қойып отырған міндеттері­нің арасында үйлесімділік бар. Осы­ның бірі – ауыл шаруашы­лығы саласы. Қатар үшін азық-тү­лік қауіпсіздігін артты­ру, өз нарығын сапалы әрі экология­лық таза өнімдермен үздіксіз қам­тамасыз ету маңызды. Ал елімізде сыртқы нарыққа ұсына алатын мүмкіндіктың мол еке­ні белгілі. Мұны Қатар тарабы жақсы түсініп, серіктестік орна­туға дайындығын білдіріп отыр.

Осыған байланысты Қатармен аграрлық салада бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру мә­селесі қарастырылып жатыр. Бұл қордың негізгі міндеті ретінде тараптар еліміздегі сүт өңдеу са­ласын дамытуды көздейді. Жоба сүт өнімдері нарығының бәсе­келестігін арттырып қана қоймай, дайын өнімді алыс-жақын елдерге экспорттауға да мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, қатарлық инвес­торлар елімізге осы саладағы үздік технологияларды алып келуге әзір.

Қатар мемлекетінің инвесторларымен газ өңдеу зауытының, ма­гистралды газ құбырларының құ­рылысы, сондай-ақ қаржы, телекоммуникация сала­ларын­дағы инвестициялық серіктестікке қатысты келіссөздер жүргізіліп келеді. Келешегі зор бағыттар ретінде тау-кен және баламалы энергетикада нақты жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз.

Аталғандардың барлығы Пре­зидентіміздің Қатарға мем­лекеттік сапарының күн тәртібіне енгі­зіл­ген. Жемісті келіссөздер нә­тижесінде инвес­тициялық салаға зор серпін беріледі деп күтеміз.

– Шетелден инвестиция тарту ел экономикасының қарқы­нын арттыра түсетіні сөзсіз. Бұған Мемлекет басшысы ай­рықша назар аударып отыр. Осы ретте «Екі ел арасындағы инвестициялық жобалардың қарапайым жұртшылыққа тигізер пайдасы қандай?» деген мә­селеге тоқтала кетсеңіз.

– Бұған дейін атап өткенімдей, инвестициялық жобалар деге­німіз – жаңа кәсіпорындар, яғни жаңа жұмыс орындары. Со­ны­мен қатар кәсіпорындардың шығаратын өнімдері импортқа тәуелділікті азай­та отырып, жер­­гілікті нарықта бә­секені кү­шей­теді, осылайша, өнімдердің ба­ғасы қолжетімдірек бо­лып, сапасы арта түседі деген сөз.

Қатар мемлекетін Қазақстанға инвестиция салуға шақыра оты­рып, еліміздегі әлеуметтік ма­ңыз­ды нысандарға да назар аударуын талап етеміз. Осы орайда Астана қаласында озық технологиялармен жабдықталған, заманауи көпбейінді медициналық орталықтың құрылысын жүзеге асыру туралы уағдаластық бар. Аталған медициналық хаб бірнеше бағыт бойынша, оның ішінде жедел жәрдем, диагностикалық және оңалту блоктерінен құралады.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Қатар даму қоры Алматы облысында 120 орындық перинаталды орталықтың құрылысын бастаудың қажетті шараларын қолға алды. Мұның барлығы екі­жақты инвестициялық серіктестік көптеген саланы, оның ішінде әлеуметтік маңызға ие жобаларды да қамтитынын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Дохаға жоспарланған сапары аясында Қатардың ірі компанияларының өкілдерімен кездеседі және іс ба­сында жүрген беделді кәсіп­керлермен дөңгелек үс­тел өт­кізеді. Жалпы, инвестиция бағы­­тындағы қызмет пен оның нәти­же­лері Мемлекет бас­шы­сының жеке бақылауында.

– Жұмыс барысында эконо­ми­калық күн тәртібіне аса үл­кен мән беріліп отырғаны кө­рініп тұр. Сіз экспортқа бағыт­талған жобаларды атап өт­тіңіз, ал қазір Қатар тұтыну­шы­ларының Қазақстан өнім­дері­нен хабары бар ма? Жалпы сұ­раныс қандай?

– Қатар халқының саны 3 млн-ға жуық болса да, азаматтарының тұрмыс деңгейі әлемде ең жоғары елдің бірі екені баршаға мәлім. Нарықтағы бәсекелестік пен халқының сапалы өнімге деген талабы да соған сәйкес.

Осы ретте екі ел үкіметтері сауда айналымының көлемін арттыруды көздеп отырғанын атап өтуге болады. Бұл бағытта оң өзгерістер бар. 2023 жылы өзара сауда көлемі 3 есеге артты.

Айта кетерлігі, еліміздің шүй­гінді даласында жайылған мал етіне сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталған қой және құс еті Қатардың ірі сауда желілерінің сөрелерінде қолжетімді.

Бұған қоса еліміздің шағын, орта және ауыр өнеркәсіп өнімдеріне, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы өнім­дер мен қызметтерге қызы­ғу­шы­лықтың артқаны байқалып отыр. Осы орайда Қазақстан іскерлеріне тиісті қолдау көрсетіп келеміз.

Алайда жалпы қазіргі өзара сауда көрсеткіштері екіжақты қатынастардың жоғары деңгейіне сәйкес келмейтіні анық. Осыған байланысты екі ел басшылары келіссөз барысында үкіметтеріне өзара алыс-берісті күшейту туралы нақты әрі межелі міндеттерді белгілеп бермек.

– 2022 жылы футболдан Әлем­ чемпионатын өткізген ел­ ре­тінде Қатар спортсүйер қауым­ға, жалпы көпшілікке та­ныс. Танымалдықтың нәти­жесінде бұл елге саяхаттап барып жатқан халық саны да арт­қан болар. Өзімізге оралсақ, Қазақстанда туризмді дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Туризм және спорт министрлігі шетелдік туристер ағымы екі есеге артты деп мәлімдеді. Осы орайда Қатар мемлекетінің азаматтары да Қазақстанға көптеп саяхаттап жатыр деп айта аламыз ба?

– Әрине, айта аламыз. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2022 жылы елімізге 553 Қатар аза­маты саяхаттап келген болса, былтыр олардың саны бір мыңға жуықтады. Шын мәнінде, Қатардан Қазақстанға турист ретінде келген адам саны бұдан да көп, өйткені ресми статистика тек Қатар азаматтығына ие адамдарды есепке алады. Алайда Қатар мемлекетінде тұрғындардың басым көпшілігі басқа елдердің азаматтары екенін атап өткен жөн.

Тікелей рейстер санының артуы – мұның нақты көрсеткіші. Биыл жаңа бағыттар іске қосы­ла­ды. Қазір Қазақстан мен Қатар арасында аптасына тұрақты 14 ті­­келей рейс және еліміздің 5 қа­­ла­сынан чартерлік рейс­тер ұшады. Бұған қоса азамат­тарымыз 30 күнге дейін визалық талаптардан босатылған. Сондықтан Қатар мемлекетінен келетін турис­тер саны әлі де артады деп айтуға толық негіз бар.

Қатар мемлекеті де Қазақстан азаматтары жиі баратын туристік орталыққа айналып келеді. 2022 жылы 13 мыңнан астам азаматымыз Қатарға саяхаттап барса, былтыр бұл көрсеткіш 40 мыңға жуықтады.

Еліміздің танымалдығын арттыру мақсатында туризмге жа­уапты мекемелерімізбен бірлесіп, Дохадағы туристік көрмелерге де белсенді түрде қатысып отырамыз. Түрлі роуд-шоулар ұйым­дас­тырылады. Қазір Дохада елімізге саяхат ұйымдастыратын бірнеше Қатар компаниясы бар, олардың саны артып келеді.

Биыл осы бағыттағы күш-жігерімізді еселеуді жоспарлап отырмыз. Доха қаласында бірқатар мәдени іс-шара өткізу көзделген. Оның ішінде биыл қыркүйекте Астанада өтетін айтулы дода – халықаралық көшпелілер ойынына жергілікті халықтың назарын аударуға, қатарлық спортшыларды тартуға мүдделіміз.

– Енді Қатар мемлекетінде тұр­ғылықты өмір сүріп жат­қан отандастарымыздың жай-күйі­не тоқталсаңыз. Олар Дохада қандай іспен айналысады, жалпы саны қанша?

– Бүгінде Қатарда 1 мыңнан астам Қазақстан азаматы тір­кел­ген. Олардың көбі еңбек ету мақсатымен барған. Сонымен қатар 50-ге жуық азаматымыз сол елдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Бұған қоса онда кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарымыз да бар.

Жалпы, елімізден Қатарға барып жұмыс істеп жатқан отан­дастарымыздың көбі энер­гетика, медицина, қаржы, азаматтық авиация салаларында еңбек етеді. Айта кетерлігі азаматтарымыздың басым көп­шілігі – халықаралық еңбек на­рығында сұранысқа ие аса білікті мамандар.

Әсіресе мұнай-газ сервисі саласында азаматымыз көп. Қа­тарда бұл сала өкілдеріне деген сұраныс өте жоғары. Еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту жұмыстарының аяқталуын ескере отырып, мұнай-газ сервисі мамандарымыз үшін Қатар келешегі зор ел ретінде қарастырылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен өткізген кез­десуінде мәлімдегені белгілі.

Сонымен қатар бірқатар азаматтарымыз Қатардың ұлттық компанияларында және Дохадағы ірі халықаралық компанияларда басшы лауазымдарына ие. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен үздіктер бас қосқан мекемелерде жұмыс істеу арқылы құнды тәжірибе жинайды. Ең бастысы, Қатардағы азаматтарымызбен жиі кездесеміз. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратынын айтып отырады.

– Екіжақты қатынастарды талқылай отырып, маңызды мәсе­лелердің түйінін тарқат­ты­ңыз. Мемлекет басшысының алдағы сапары еліміз үшін жемісті болады деген ойдамыз.

– Расында, Президентіміздің Қатар еліне тұңғыш мемлекеттік сапарынан күтеріміз көп. Күн тәртібі аса өзекті мәселелерді қамтиды. Екі ел басшылары­ сая­си, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақтастықтың бар­лық бағыты бойынша уағдалас­тық­тарды саралап, болашаққа нақты жос­парларды айқындап береді. Бұған қоса, ғылыми, әскери және ақпараттық технологиялар са­ласындағы серіктестіктің келе­шегі талқыланады.

Әлемде тұрақсыздық бе­лең алған кезде сенімді серік­тестерімізбен байланысты бұрын­ғыдан да күшейте түсу – қа­жеттілік. Халықаралық аренада Қатар бірнеше рет елімізге қол­дау көрсетуде аянып қалған жоқ. Біз­де де «Дос болсаң – берік бол» деген халық даналығы бар емес пе?

Мемлекет басшысы қазақ-қатар қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтерді. Саяси диалог нығайды, экономикалық жобалар іске қосылып жатыр, екі ел халықтарының байланысы артып, алыс-берісі ұлғайды. Біздің міндетіміз – оны еселеу.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»