Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
Алғашқы болған іс-шараға түрлі жастағы 500-ге жуық адам қатысты. «Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты қарқынды дамытып, саламатты өмір салтын ұстану. Өңірімізде денешынықтырумен айналысатындардың санын көбейту. Бастамамызды қолдап келгендерге алғысым шексіз, келесі сенбіде қатарымыз бұдан да көп болады деп ойлаймын», дейді облыстағы бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Рүстем Қалиев.
Мамандардың айтуынша, таңғы дайындық адамның иммундық қабілетін арттырып, қан айналымын реттейді. Сонымен қатар күні бойы сергек жүруге септігін тигізеді.
Әр сенбі сайын өтетін Денсаулық күнінде таңғы гимнастика, таңғы серуен, түрлі спорттық ойындармен қатар ыстық шай мен тәттілер де ұйымдастырылған. Жиналғандар арасында облыстағы ардагерлерді бастап келген Ермек Келімсейіт те болды. Ол «Денсаулық фестивалі» өтетінін естіген бетте үйінде жата алмаған.
«Қаламызда спортқа деген қолдау жақсы. Әсіресе үлкендер қауымының осындай іс-шараға қатысып, жастарға үлгі көрсетіп жатқандығы қуантады. Бұл жерде, ең бастысы, әркім өз денсаулығын нығайтып, саламатты өмір салтын дұрыс жолға қоюға мүмкіндік алады», дейді Е.Келімсейіт.
Іс-шара соңында белсенділігімен көзге түскендер Мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді аптаның әр сенбісінде осындай бұқаралық спорттық іс-шаралар өтіп тұрады.
Жетісу облысы