«Тәуелсіздік баршамызға, әсіресе жазушыларға үлкен үміт сыйлады. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, төбеміз көкке жетті. Қанатсыз-ақ қалықтап жүрген күндердің күнінде біз өліара кезеңнің тым ауыр жүгінен белдері қайысқан журналист бауырлардың қатарына барып қосылдық. Бұнымыз ақыл еді әрі екіжақты тиімді болды. Біріншіден, ағы мен қарасы мидай араласқан беймәлім қоғамды қалтқысыз түсіну үшін қайнаған өмірдің ортасында жүру қажеттілігі туындады. Екіншіден, жазуымыз соцреализм шеңберінде қалыптасқандықтан, бірден жаңаша қалам тербеп кете алмадық.
Жылдар жылжып жатты. Текке өтпеді. Капитализмнің қыр-сырына қаныққан жазушылар ендігі жерде шынайы қаламгер атану үшін жаңа күш-жігермен әдебиетке қайта орала бастады.
Меніңше, ақын-жазушылардың жаппай классикке айналуы міндетті емес. Жалпы, қай деңгейдегі қалам иесінің де бәсі төмен дей алмаймын. Өйткені ол ана тілін белсенді пайдаланушы, насихаттаушы, баптап-жаратушы, алға апарушы да. Алайда олардың ешқайсысы жанкешті еңбегін міндет етпейді, тіпті «жем-су» да сұрамайды. Жаза береді. Күндіз журналистиканың, түнде әдебиеттің арбасына мәжбүрлеусіз өзі жегіледі. Ал содан ұшпаққа шығып жатқандары шамалы. Мен сол жазудың зейнетін көрмесе де, бейнетінен бас тартпайтындардың бірімін.
Бұрын көп жайды байқамайды екенбіз. Тәуелсіздік бағымызды жандырмаса да, көкірек көзімізді ашып берді. Соның әсері шығар, өзім ес білгелі бері жадымда үздіксіз, тіпті менің қатысуымсыз-ақ жазылып келе жатқан өмірбаяндық кітап барын сезіндім. Бұрын-соңды болмаған қызығушылықпен санадағы жазбаларды парақтағанда, «тағдыр, жазмыш» ұғымдарына қатысты шикізат-деректер молдау болып шықты. Соларды жүйелеп, қағазға түсіруге кірістім. Ұзамай «тұман» ұғымы алға озды. Бар оқиғаны осы тақырыптың аясына топтастырдым. Жаңа шығарма жүлгеленді.
Кезінде миллионер атанған «Ленин туы» ұжымшары тұрғындарының қағазға көшкен тағдыр-талайы кешегі заманның қараңғы қалтарыс-бұлтарыстарына сәуле түсіргенін сезіндім. Байтақ Қазақстанның тарихи панорамасы жүздеген ауылдың сурет-кескіндерінен түзілетініне көзім жете түсті. Кейіпкерлерімнің қатарында атағы алысқа кеткендері де жоқ емес-ті. Сондай ерекше тағдыр иелерінің бірі – Қажымұқан, екіншісі – Елемес Жәрменов. Осы екі ауылдасымның өмір соқпақтары сол тұстағы Қазақ үкіметінің ұлт үшін адал қызмет еткенін айғақтап тұрды. Бірақ төбесінде отырған Компартияның шовинист көсемдері ұлтжанды басшылардың қолдарын байлап, Кремль сыйлаған қолшоқпармен әрбірін тізеден қағып, тіпті бастан ұрып отыруды әдетке айналдырыпты. Алайда үкімет қазақтарды жері құнарлы аймақтарға жайғастыру жоспарын он жыл бойы жүйелі әрі табандылықпен жүзеге асырған екен. Сөйтіп, ішкі Ресейден қоныс аударып, жайыла жайлы орналасып, аз жылда тойынған Тамерлановка, Мамаевка, Ванновка сияқты он-сан «овкаларды» қос бүйірден қысып, ығыстырып, шөл-шөлейттерде жүрген көшпелілерге орын босатқаны «Ақ жол» газетінің материалдарынан анық көрінеді.
Саяси жағынан мызғымас атауға, географиялық тұрғыдан шаруашылыққа қолайлы жерге орын тепкен Ленин атындағы ұжымшар көп өтпей-ақ көшпелілерге үлгі-өнеге көрсетеді деген мақтаулы көршісі «Полезный труд» сияқты орыс ұжымшарларын барлық көрсеткіш бойынша шаң қаптырып, ауыспалы Қызыл туды мәңгілік өзінде сақтауға қол жеткізіп, «Ленин туы» атауына ие болған. Қажекеңнің осында көшіп келіп, кезекті рет төсек жаңғыртып, жетпіс жеті жасында ұлды болуы да біраз жайды аңғартады емес пе. Ал енді ұжымдастыру жылдары Жеркомда басшылық қызметте болған Жәрменовке «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесілуінің шын сыры осында жатқаны анық...
Сталиннің зұлмат заманы, Хрущевтің «жылымық» деп әспеттелгенімен, қазақты жұлынқұрттай іштен кемірген жылдары алыста қалды. Біз сол алмағайып кезеңдердің шет жағасын көрдік, ашаршылықты, қуғын-сүргінді, алапат соғысты бастан кешкен бейбақ аға-апалардың жан сырын тыңдап өстік, социализм қағидаттары аясында қалыптастық. Саналы ғұмырымыздың көп бөлігі «қыр астындағы коммунизм» тұманында адасумен өтті. Ендеше, бұл тақырыпты біз қозғамасақ, оны басқа кімдер шығармасына арқау етеді? Осы ойдың жетелеуімен жаңа дүниені жазып бітірдім. Жұмыс барысында ат-көпір қағазды «ысырап» етіп, көз майын да аямай жұмсадым. Енді ағайларына айтпай, достарына да көрсетпей, «Қазақстан пионері» газетіне құпия хатпен тырнақалды туындысын жолдаған ұяң оқушыдай күй кешіп жүрмін».