Қоғам • 13 Ақпан, 2024

"Ұлтым ханзу болса да, екі қазақ баланың анасымын": Қытай қызы ағынан жарылды

7429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі журналист Бауыржан Карипов әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше бейнежазбаны бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz

"Ұлтым ханзу болса да, екі қазақ баланың анасымын": Қытай қызы ағынан жарылды

Онда қазақ тілшісі қытай ұлтының өкілінен "жеңге" деп сұхбат алды.

Ол өзін таныстыру кезінде ұлтының ханзу екенін, бірақ қазақ отбасына келін болып түскенін баяндайды.

- Қазақша атым – Жаухар. Екі балам бар. Үлкенім Айдана жиырмаға, кішім Айдын он үшке толады. Қазіргі кезде Құлжадан шайхана аштым. Ең алғашында - он жылдай бұрын үкіметке жұмыс істедім. Ағаларың (күйеуі) алты жыл бұрын ауыр дерттен қайтыс болды, сол кезде қатты қиналған едім. Күйеуім қайтыс болардан бұрын өзім Шанхайға барып жүрегіме ота жасатқанмын. Менен кейін күйеуім екі жыл бойы ауырды, сол кезде ем-домға қажет деп қарызға кіріп кеттім. Ағаларыңыз дүниеден өткеннен кейін қарыздар қыса бастады. Оны қайтару ауыр болды, сондай қиын кезеңдер болды", - деді Қытайдағы қазақ келіні.

Ол бүгінде қайын жұртымен өте жақсы араласып тұратынын атап өтті. Енесі, қайнысы, оның отбасы келіп-кетіп тұрады екен.

- Менің сүйегім қазақ болмаса да, екі қазақ баланың анасымын. Күйеуім қайтыс болып кетсе де балаларым бар. Одан бөлек, қазақтарды да шынайы жақсы көремін. Маған қазақ ұлтының салт-дәстүрі, мәдениеті қатты ұнайды, - деп ағынан жарылды Жаухар.