Халықаралық қант диабеті федерациясының мәліметі бойынша, 2019 жылы осы аурудан 4,2 миллион адам қайтыс болған. Ал әлемде қант диабетімен ауыратын 20 мен 79 жас аралығындағы 537 миллион адам бар екен. Бұл әр оныншы адамның біреуі деген сөз. Бұл сан 2030 жылға қарай 643 миллионға, 2045 жылға қарай 783 миллионға дейін өсуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері бірден байқалмайтын болған соң, ол дер кезінде анықтала бермейді. Сондықтан қант диабетімен ауыратын 3 адамның 1-іне диагноз қойылмаған.
– Қазір диабеттің 1-типімен ауыратын науқастардың саны елімізде артып бара жатыр. Ол ағзамызда инсулин гормоны бөлінбегендіктен болады. Ал инсулин ағзада қанттың сіңірілуіне тікелей әсер ететін гормон. Оның тапшылығы немесе жоқтығы метаболизмнің өзгеруіне әкеліп соғады. Яғни адамның демі де өзгереді, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, ағзада майлардың ыдырауы кезінде ацетоацетат пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда ауыздан ацетонның иісі шыға бастайды. Тыныс алудағы ацетон концентрациясын өлшеу арқылы қандағы глюкозаның деңгейін тікелей анықтауға болады. Зертханада әзірленген газ сенсорының жұмысы осыған негізделген.
Айтпақшы, газ сенсорының бірнеше түрі бар. «National Laboratory Astana» озық сенсорлар зертханасы хеморезистивті сенсорларды зерттеумен және жасаумен айналысады. «Мақсатты газдың белгілі бір концентрациясына тоқтаған сәтте, газ материалдың бетіне адсорбцияланып оның электр өткізгіштігін өзгертеді. Сәйкесінше, материалдың кедергісін өлшей отыра газдың белгісіз концентрациясын анықтауға болады», деп химорезистивті сенсорының жұмыс принципін түсіндіріп берді Аманжол.
Қазіргі кезде ацетонға арналған селективті газ сенсоры дайын, ғалымның ендігі мақсаты әзірленген сенсордан құрал жасау. Оның энергия тиімділігін, температура, ылғалдылық сияқты сыртқы жағдайларға төзімділігін арттырып, сенсордың жұмысын оңтайландырмақ. Өнертабысқа патент алып та үлгерген. Осы мақсатқа жетсе, жасалған құрал болашақта әр дәрігердің бөлмесінен табылатын термометр секілді болатынына сенімді. «Қазір металл оксидтері негізіндегі сенсорлардың жұмыс істеу температурасы 200°С-ден жоғары. Ал егерде сенсорымыз бөлме температурасында жұмыс істей бастаса, оны смарт сағаттарға да қолдану мүмкіндігі болатын еді. Елестетіп көріңізші, сағаттың бетіне үрлеу арқылы сіздің глюкоза мен кетон денелерінің мөлшері анықталып жатса, ғажап емес пе», деп жалғастырды NU жоба жетекшісі.
Ғалым жұмыс істеп жүрген NLA Озық сенсорлар зертханасы бір жыл бұрын ғана құрылған. Оның негізгі миссиясы – Қазақстан мен әлем ғылымына инновациялар енгізіп, сондай-ақ өнеркәсіптік серіктестерімен мықты ынтымақтастық арқылы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Қазіргі уақытта зертхана аймақтағы газға сезімтал құрылғыларды әзірлеуге және синтезден бастап олардың жұмысын тексеруге дейінгі кешенді зерттеулер жүргізуге қабілетті жалғыз мекеме.
Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылыми жоба аясында магистранттар мен докторанттар тағылымдамадан өткен. Сондықтан зерттеу жұмысының өндірістік жағынан ғана емес, сапалы маман даярлау тұрғысынан да өзекті екенін айтады.
«Менің ойымша, тек ғылыми зерттеулер жүргізілетін жоғары білім ордаларында ғана талапқа сай білім бар. Бұл тек қана жаратылыстану ғылымдарына ғана қатысты емес, гуманитарлық болсын, математика болсын, кез келген ғылымға қатысты. Демек, менің жұмысымның қажеттілігі мен ең басты пайдасы сапалы кадрларды дайындауда», дейді ғалым.
Аманжолдың ғалым дәрежесінде ғылыммен айналысып жүргеніне 5 жыл болыпты. PhD диссертациясын 2019 жылы қорғаған. Сол кездерде өнертабысы болса да, ғылыми жобаларды қаржыландырудан қағылып, біраз қиындықтар көрген. Дегенмен ол сәтсіздіктердің тек кәсіби тұрғыда өсуіне, ғылыми өрлеуіне септігін тигізгенін айтады. Ғылым жолын таңдаған жастар да табандылық танытса ғана нәтижеге қол жеткізе алады дейді.
«Жалпы алғанда, біздің қоғамда ғалым болғаныңды мақтан тұту қиын нәрсе. Мен кішкентай кезімнен қызығушылығы мол бала болдым. Әр нәрсеге байланысты «Неге бұлай?», «Ол не?» деген сұрақтар қоятынмын. Бақытыма орай, менің әкем қарапайым металлург болса да, ешбір сұрақтарымды жауапсыз қалдырмайтын, оған қоса әр құбылыстың табиғатын балаға түсіндіре алатын зерделі еді. Содан да болар, ғылым жолы өзіме ұнайтын. Сегізінші сыныптан бастап физика мұғалімі Әлия Раздықова соған «жан құмарлығымды» байқап, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің физика кафедрасындағы оқушылардың ғылыми жобасына жетекшілік ететін физика ғылымдарының кандидаты Досым Ерболатұлына табыстырған еді. Кейін мектепте оқушылардың «Зерде» ғылыми қоғамы ұйымдастырылып, солардың легіне ілесіп, 2009 жылы республикалық сайыста жеңімпаз болдым. Қысқаша айтқанда, ғылым жолына мен мектеп кезінен келдім. Ғалым болуыма ғылыми жетекшілерім: профессорлар Александр Погребняк пен Сергей Плотниковтің үлгісі үлкен әсер етті. Ғалым болу – бір нәрсеге күмәндану мен себеп іздеу. Сондықтан ғылым жолына келгеннен кейін көзқарасым 180 градусқа өзгерді. Сондықтан жастарға ештеңеден қорықпаңыздар. Абай атамыз айтқандай, тән құмарлығын емес, жан құмарлығын жоғары қойыңыздар дегім келеді», дейді ол.
Кейіпкеріміз жаратылыстану ғылымы бағытында ізденіп жүрсе де, гуманитарлық ғылымның жайына да алаңдайтынын аңғартты. Оның пікірінше, қоғамдағы негізгі мәселенің бірі – ғылымның дамуы.
«Біздің еліміздің басты мәселесі, ауруы десе де болады ол – адам өмірінің құнсыздығы. Осындай түйткілді гуманитарлық ғылым бағытында жүрген мамандар шешуі керек деп ойлаймын. Әрине, еңбек нарығында заңгер мен филологтер онсыз да көп деп айтуы мүмкін. Алайда филология ғылымына келсек, латын әліпбиі әлі де әзірленбеген. Заңнаманы алсақ, ол да осал. Әділетсіз сот шешімдері – адам өмірінің құнсыздығын көрсетеді. Ал әлеуметтік мәселелерге келетін болсақ, үйдегі зорлық-зомбылықтың белең алуы да адам өмірінің құнсызданғанының бір көрінісі. Осы мәселелерді жаратылыстану ғылымдары шешпейді, шеше де алмайды», деді А.Тұрлыбекұлы.
Сондай-ақ ол елімізде ғылымның дамып, осы салаға жастардың көбірек келуі үшін мемлекеттің қолдауы, оларға жағдай жасауы маңызды екенін де жеткізді. «Ғылым дамуы үшін меритократия қағидасын ұстану, ғылым бюджетінің транспарентті болуы шарт. Жоғары еңбекақы – ең басты мотиватор. Ал жас мамандарды ұстап қалу үшін жұмыс еркіндігі мен меритократия қағидаттарын ұстану қажет деп ойлаймын. Яғни әкімшілік патернализм болмауы керек», дейді ғалым.