Энергетика • 14 Ақпан, 2024

Энергияны әртараптандыру жолы

269 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әр тұрғыны таза ауамен тыныстап, табиғи өнім тұтынып, лайықты жақсы өмір сүруі – дамыған мемлекеттің жолы. Қазақ елінің әлем қауымдастығы алдында алған міндеттемелері бар. Оның ең маңыздысы – кезең-кезеңімен жасыл энергияға көшу. Ал қазіргі қауіп – елге керек энергияның 70%-ының көмірден өндірілетіні.

Энергияны әртараптандыру жолы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бүгін ел билігі «Атом электр стансасы құрылысына кіріспесек, келешектегі жақсы күніміз тым келте!» деп ретсіз тақымдап жатқандай көрінеді. Әсілінде, АЭС құру идеясының туғанына жарты ғасырға жуықтады. Тек осы күнге дейін қалың жұрт бұл жобаға мойын бұрып қарамады, парық-пайымына бармады, содан терең мән де бермеді. Өйткені ол заманда партия халықтың көзқарас, пікірімен мүлде санаспайтын.

Бұл бәрімізге түсінікті. Әйтсе де АЭС өзектілігін жойған жоқ. Ел жаңарған елу жылда бұл зәрулікті көрмей тұрған көз соқыр. Білмей тұрған білімсіздік пен парықсыздықтың пұшайман күйі. Өйткені қазір беймәлімді біліп, түсінбегенді ұғуға ашық ақпарат жеткілікті. Тек жақ­сы мен жаманның, ақ пен қараның айыр­ма­шылығын танып, ара-жігін ажырата білсең болғаны. Оған көмектесетін ғалымдар мен мамандардың қызметіне мархабат дей келіп, бірқатар ғалым мен маманға «айтыңыздар, халыққа қайсы мәселені қалай жеткізгеніміз дұрыс?» деген сауалды жолдап көрдік.

 

«Жасыл» келешекке көмірмен бара алмаймыз

«Біз ЖЭО-лар сала берсек болады. Рас, еліміздегі көмір қоры 300 жылға жетеді. Бірақ оны өндіретін технологияны жаңартуға немесе жаңа көмір кәсіпорнын салуға халықаралық қаржы институттары ақша қарастырмайды, яғни оған қаржы берілмейді. Инвесторлар да келмейді. Ал баламалы энергия көздеріне басымдық берсек, шынында жел мен күнге тәуелді болып қаламыз. Оның энергиясын жинақтайтын батареялар керек. Батареяларды қолдану мерзімі аяқталған соң оларды залалсыздандырып, жою қажет. Бірақ бүгінгі күнге дейін оны қалай залалсыздандырып, қайда құртудың амалын әлі ешкім ойлап таба алған жоқ. Негізі жел мен күннен энергия өндіру де қыруар қаржыны қажет етеді. Сол шығынның бәрін жүйелі есептесе, АЭС-тің құнынан асып кетпесе, кем түспейтініне мың-сан дәлел кепіл. АЭС салынса энергия қуатының бағасы 60 теңге болады, қымбаттайды деп жатыр. Бірақ ол мүлде олай емес. Қандай жаңа генерация енгізсең де, қуат құны бәрібір көтеріледі. Оны қымбаттайды деп отыра бермей, салынған ақшаны еселеп қайтару жолдарын қарас­тырған жөн. Ондай механизімдерді жасап, келісімшарт кезінде енгізуге тырысу керек», дейді «Қазақстан атом электр стан­са­лары» (ҚАЭС) ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков.

Асуанның айтқанынан түсінгеніміз – баламалы энергия көздеріне сеніп, түбінде соның тапшылығына ұрынсақ, энергия тапшылығы күшейіп, елге қарай инвесторлардың аяқ басуы да сирейді.

«Жаңа технологиялар да әкелінбейді. Себебі болашақта бәрі «жасыл» энергияға ойысады. Ал көмірден алған энергия қуатына дамыған елдердің ешбір компаниясы озық технологиялы кә­сіп­орнын қосқысы келмейді. Себебі та­лап солай, шарт қатал. Оған қоса Қазақ­станның «жасыл» энергияға көшу бойынша халықаралық қауымдастықтар алдында алған міндеттемелері мен соған орай 198 мемлекетпен бірге жасасқан кесімді келісімшарты бар. Мұның бәрі жай сөз емес екенін дұрыс ұққан жөн. Баламалы энергия құны аукционда 10,5 теңгеден делік. Бірақ оның түсетін ақшасының көлемін дұрыс есептеу керек. Мысалы, өткен жылғы қараша айының 7-сі күні ең жоғары тариф болды. Сонда ол 111 теңгеден сатылды. Егер баламалы энергия көздеріне жасалған жеңілдіктерді АЭС-те де пайдаланса, оның да қуат бағасы түседі. Көршіміз Қытайда тұ­ты­ну­шыларға АЭС-тің кВт сағатын 30 теңгеден беріп отыр. Пәкістанда – 2 цент. Оларға да АЭС-ті Қытай салып берген. Кейбір елдерде 6 центке дейін барады. Көп адамдар Аккую АЭС-ын мысалға келтіреді, ол жерде 4 блоктан тұратын бір станса орналасқан. Оны Ресей салып жатыр. Онда Түркия елі Ресейге АЭС-тің ақысын 12 центпен қайтарып отырады. Ол шамамен 57-60 теңге болады. Бұл тариф емес, тұтынушының қалтасына әсер етпейді», деп түсіндіреді маман.

Сарапшылар АЭС-тің үш игілігін баса айтады, олар – атом стансасының қауіпсіздік деңгейінің аса жоғары болуы, экономикалық тұрғыдан айрықша тиімділігі және салдары тым қымбатқа түсетін энергетикалық тапшылықтың орнын толтыруы.

«Біз теледидар мен радиода бағ­дар­ла­ма­ларға қатысып, газет пен жур­нал­дар­ға мақала жазып және түрлі конференция мен жиында ересектер мен студентерге түсіндіру жұмыстарын тын­бай жүргізіп жатырмыз. Әсіресе көп­шілікке бұрынғы реакторлар қалай жұмыс істейді, ал қазіргі жетілген реак­тор­лардың қызметі қаншалықты қауіпсіз деген мәселе қызық. Осылардың ара-жігін ажыратып, халыққа дәлелді деректермен дәйектеп ұғындыру ләзім. Қазір Қазақстан қарастырып жатқан реакторларда әлі бірде-бір рет апат болмаған. Бұл реакторлар қандай жағдайда да өзі автоматты түрде сөніп қалған сияқты тынады. Бірақ өзіне қа­жет жұмысын әрі қарай атқара береді. Сөйтіп, ешқандай қауіп тудырмайды. Ал Фукусима туралы айтсақ, ондағы цунами әдеттегіден 2 есе биікке көтеріліп, жойқын күшпен ағып өтті. Салдарынан дизелді генераторлардың бәрін шамадан тыс су басып қалып, оның соңы апатқа ұласты. Әрі ол реакторлар 1971 жылғы 1-буынды ескі реакторлар», дейді ҚАЭС ЖШС атом энергетикасы бөлімінің же­тек­ші инженері.

«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы Манарбек Қылышқанов Энергетика министрлігінің 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жоспары көңі­лім­нен шықты дейді.

«Өйткені онда көмірден өндірілетін энергияны шамамен – 35%, газдан – 25%, гидроэлектр стансасынан – 11%, «жасыл» энергетикадан (күн және жел қуаты) – 25 %, ал атом стансасынан 4,7% мөлшерінде өндіру көзделген. Халықтың кейбір бөлігі АЭС салған соң қалғандардың бәрін тоқтатамыз ба деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Энергия өндіруде барлық бағыт бірдей дами береді. «Жасыл» энергия өндіруші күн, жел қондырғылары бар. Оларды ілгерілетіп дамытудың өз жоспары жасалған. Қазір Қазақстанда энергияның 70%-дан астамы тас көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-дан алынады. Олардың көбісінің жұмыс істеу мерзімі жобалық уақытынан әлдеқашан асып кеткен. Кейбірі жөнделіп, жаңартылатын шығар. Бірақ жұмыс істеу мерзімі, мысалы, 80 жыл болса, 70 жылы біткенде жаңа жоспар жасалып, тың қуат көзін енгізуге дайындалуы керек. Енді газ қазандықтары салынатын шығар деп ойлаймын. Өйткені көмір бағытына халықаралық қаржы институттары ақша бөлмейді. Егер осы 2035 жылға дейінгі жоспар толық жүзеге асса, біз энергетикалық тәуелсіздіктің бірталай белесін бағындырып, қауіп­сіз­ді­гімізді нығайтып аламыз. Ал абсолютті тәуелсіздік деген жоқ. Өйткені адамның күні адаммен, елдің күні елдермен. Көрші елдермен экономикалық қарым-қаты­нас­сыз мүмкін емес. Десе де тәуел­ді­ліктің деңгейін барынша кемітіп, халық энер­гия­ға мұқтаж болмайтындай жағдай орнатуымыз керек», дейді.

Маманның сөзінше, өндіріс пен энергия бір-бірінсіз күн кеше алмайды. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығын дамытамыз, оның өнімін қайта өңдеу үшін де кәсіпорындар саламыз деген кезде соның бәрі энергиямен ғана жұмыс істейтінін қаперде ұстауымыз керек.

«Одан соң жыл сайынғы халықтың өсімі бар. Жоспарда әр адам басына керек энергия есептеліп қойған. Енді соның үдесінен шығу – басты міндет», дейді Манарбек Қылышқанов.

 

Әртараптандыру – даму кепілі

Қазақстан электр энергетиктері қауым­­­дастығының төрағасы Арман Телев біржақтылыққа ұрынбай, бүкіл ке­шенді бір екпінмен дамытуға көңіл бөл­генде ғана оң нәтижеге жетеміз дейді.

«Жүк тасымалдаушылар пойыз бен КАМАЗ керек емес, тек ГАЗЕЛ-ге ғана жүк артамыз десе ақымақтық болып шығады ғой. Сол сияқты энергия өнді­рісінде де әртараптылық саясаты жүр­гізілуге тиіс. Тарихтан сабақ алатын болсақ, Чернобыльдегі апаттан кейін Еуропа елдері, оның ішінде Франция, Германия қатты ойланып қалды. Халық бұл мәселені көп көтерді. «АЭС-тен бас тартамыз, керек емес», деп жатты. Сол кезде Францияны технократтар басқаратын еді. Олар АЭС-тен бас тартпай, халыққа түсіндіру жұмыстарын жалықпай жүргізді. Сөйтіп, АЭС-терді сақтап қалды. Одан әрі даму жолына түсті. Ал Германия және бірнеше ел халықтың дегеніне көніп, АЭС-терінен айырылды. Қазір соған өкініп жүр. Өйткені Ресейдің, АҚШ-тың, басқа да елдердің газына тәуелді. АҚШ атом энергиясына қарсы көтерілген өз халқына қарсы жақсы амал ойлап тапты. Халыққа «Бұдан былай АЭС салмаймыз», деді де, оны іштен тереңдетіп дамыта берді. Жаңа жерге емес, бұрынғы АЭС аумақтарында қосымша реакторлар тұрғызуды тынымсыз жалғастырды. Осы жағдайлардың бәрін екшей келіп, АЭС мәселесін жалпы­ұлт­тық референдумға саламыз дегенді, расын айтсам, өз басым құптай қойған жоқпын. Себебі жұрттың бәрі энерге­тик немесе физик емес қой. Халық – негі­зі­нен тұтынушы. Елдікке қажет мұндай күрделі шешімді білікті маман адамдар қабылдауы керек деп санаймын. Сауаты сәскеден аспайтын әр айғайшыға құлақ аса берсек ұзаққа бара алмаймыз», дейді қауымдастық басшысы.

 

Балқаштың суы сарқылып қалмай ма?

Шыны керек, халық көкейінде жүр­ген тағы бір қорқыныш Балқаштың суы­на қатысты. Көлдің суы ластанып ке­те­ді не болмаса сарқылып қалады деген тәуекелі жоғары болжамдар арагідік айтылып қалады. Мамандардың бұған да айтар дәлелді уәжі бар.

«Бұрынғы реакторлар 1 контурлы болатын. Қазіргілер 2 контурлы. Оның ішінде су қайнайды, ол буға айналады, одан турбиналарды айналдырады. Одан кейін ол қайтадан конденсациялық суға айналады. Сөйтіп, цикл айнала­ды. Буланғанда су сәл тартылады. Оны аздап толтырып отырады. Мұны қарапайым тілде түсіндірсек, ол судың мөлшері АЭС-те жұмыс істейтін 2000 адамның бір күнде ішетін суынан да аз болады. Сондықтан АЭС Балқаш суына залал келтіреді деген мүлде қате пікір. Осыны шегелей отырып ұқтырған ләзім. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сутегі энергетикасы институты бар. АЭС пен сутегі энергетикасы бірлесіп жақсы дамып келеді. Термоядролық синтез деген бағыт бойынша болашақта термоядролық реакторлар салынады. Қазір сутегі институтының ғалымдары газбен жұмыс істейтін стан­са­ларға сутегін қосу арқылы пайда­лы әсер коэффицентін жоғарылатып жатыр. Халыққа бұл реакторлар жарылмайды дегенді әзірден түсіндіре бастады. Көпшілік қауым радиация дегеннен де үрейленеді. Енді радиация қауіпті емес. Қауіп деңгейі 0-ге дейін түскен. Бұл – ғылымның жетістігі», деді қауымдас-тырылған профессор, ядролық физика бойынша PhD Нұрлан Амангелді.

«Байтақ» жасылдар партиясы орта­­лық аппаратының басшысы Бек­бер­ген Керейдің айтуынша, ғылымның мей­лін­ше дамығанын халыққа жеткізе беруден жалықпаған абзал.

«Қарсы болып жүргендердің басым көпшілігі Чернобыль мен Фукусиманы айта береді. Чернобыльдің АЭС-і 1977 жылы, ал Фукусима АЭС-і 1971 жылы салынған. Олардың қауіпсіздігі өте төмен. Қазір +3 буын деп жатырмыз. Бұның жалпы құнының 40% қаражаты тек қана қорғанысына, қауіпсіздігіне жұмсалады. Оның ішінде адамның денсаулығы мен экология да бар. Таяуда Энергетика вице-министрі сұхбат берді. Журналист «АЭС салына қалса ЛРТ-ның кебін кимей ме?» деген сұрақ қойды. Егер халықаралық ұйымдар тарапынан және өзіміз жақтан да қатаң бақылау орнаса, ешқандай сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Сондай-ақ АЭС-ті салатын ел не компания өзінің халықаралық қауымдастық алдындағы абыройын жоғалтып алмауы үшін де ондайға бар­майды. Өйткені олар жұмысын Қазақ­стан­мен ғана шектеп тас­тамайды ғой. Жұмысын басқа елдерде әрі қарай жал­ғастыруы керек. Сондықтан іске асырушы компания жоғары деңгейде жауап­кер­шілікті өз мойнына алады», дейді партия өкілі.