Бокс • 14 Ақпан, 2024

Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасына қалай дайындалып жатқанын айтты

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт жылдықтың басты бәсекесі Париж Олимпиадасына 5 айдан аса уақыт қалды. Бұған дейін дүбірлі додаға жолдама жеңіп алған спортшылар дайындығын пысықтап, қызу жаттығу жасап жатыр. Әзірге, бокстан Парижге жолдама ерлер арасында +92 кг салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың қолында ғана бар. Ол  Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасына қалай дайындалып жатқанын айтты

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бокспен 2006 жылдан бері шұғылданады. Оның боксқа икемі бар екенін байқаған ағасы Асқар Қоңқабаев Қамшыбекті бокс үйірмесіне жетелеп алып барған. Асқар Қоңқабаев та кезінде бокспен айналысқан.

«Бокс үйірмесіне келіп, алғашқы жаттығудан кейін осы спорт түрін бірден ұнаттым. Содан, алдыма әлем және Олимпиада чемпионы боламын деген мақсат қойдым. Міне, бүгінде сол бала күнгі арман-мақсатыма жету жолында тынбай еңбек етіп келемін», деді Қамшыбек Қоңқабаев.

Тәжірибелі спортшыны 2006 жылдан бері Сейітжан Төкенов жаттықтырады. Қамшыбектің жеке бапкері шәкіртін әлі күнге сындарлы сайыстарда шыңдап, жарыстарға баптап жүр.

Қамшыбектің өзі спорт жолындағы ең қиын түскен жарыс Токио Олимпиадасы екенін айтты.

«Өз басым, қатысқан турнирлерімді оңай-қиын деп бөлмеймін. Барлық жарысқа жүз пайыз дайындалып, ел намысын абыроймен қорғасам екен деп барамын. Десе де, үлкен дүбірілі додалардың жартылай финалы, финал жекпе-жектері әрқашан тартысты әрі қиын өтеді. Өйткені кіл мықтылар іріктеліп келеді. Ал карьерамда физикалық жағынан, психологиялық тұрғыдан қиын болған жарыс – Токио Олимпиадасы. Өйткені жарыстың атмосферасы, аурасы басқа додаларға қарағанда ерекше», деді боксшы.

Қазір Қамшыбек төрт жылдықтың басты бәсекесіне қызу дайындалып жатыр.

«Олимпиадаға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында Әзербайжан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Париждегі додада сәтті өнер көрсетіп, арманымызға қол жеткізу үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігімізді шыңдап отыру керек», деді Қамшыбек Қоңқабаев.

Қамшыбек бокстан бөлек доп тепкенді де ұнатады. Сондықтан оқу-жаттығудан, жарыстардан қолы босай қалғанда достарымен футбол ойнайды. Сонымен қатар бос уақытында отбасына көңіл бөліп, бала-шағасымен қыдырғанды жақсы көреді.