Кино • 14 Ақпан, 2024

Періштеге тақия кигізген...

154 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1969 жылы қазақ даласы қарқылдап тұрып бір күлді. Күлкісі мынау­ Ала­тау­дан анау Мәскеуді шарпыды. Бұл 1936 жылы Мәскеудегі Қазақ өнері мен әде­бие­тінің онкүндігінде қойылған «Қыз Жібек» операсында Бекежан болып күл­ген Құрманбек пен көп ай­тыла бермейтін ақын Тайжан Қалмағамбеттің «Сақ-сақ» күл­кі­сі­нен кейін естілген Әмина Өмірзақованың күлкісі еді.

Періштеге тақия кигізген...

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Не жоқ дейсіз бұл күлкілердің астарында? Ата қазақтың азат өмірі, қолдан сусытып алған соң соған деген қимас құш­тарлық, өктемдікке деген ыза мен кек, кезі келгендегі риясыз көңіл мен ұлы жүректен туған өнер. Кім болса да таба­нын сүртіп, таза кіріп, тасыраңдамай жүр­сін дегендей қазақ періштенің өзіне тақия ки­гі­зіп қойды сол заманда. Құдай жоқ, ұлт жоқ, ұлыс жоқ деген уақытта. Солай істеу керегін біле тұра қазір қолға алсақ олай шығара алмайсыз, себебі ұлттың төл қасиеттерінің көбінен көз жазып қал­ғанбыз. «Ескі ақын бізден әлі артық, ол кезде туған бала артық» деп Шәкәрім айт­пақшы, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов күнде туып жатқан жоқ.

Сол кездің идеологиялық нұс­қауы­мен ұлттар достығын наси­хаттағанымен, Шәкен Айманов «Тақиялы періште» комедиясында күлдіре отыра келмеске кетіп бара жатқан құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктерімізді, онымен қоса келе жатқан заман аңғарын да тамыршыдай тап басып көрсете білген. Бәрі бір қазақ ұлт болып өз орнын алмай қоймайды деген қарсылық та жоқ емес кинода. Осының бәрін советтік идеология­ны көз қыла отыра мыңдаған деталь арқылы орап жеткізу және бір жарым-ақ сағатқа сыйдырып жіберу деген... Айтып болмайтын шеберлік.

Сіз бұрын байқамаған болуы­ңыз­ мүмкін, тағы бір тамашалап көріңізші фильмді. Ауылдан кел­ген қазақ анасы, басында ақ жау­лық, қолында қазақтың оюлы сандығы, әжелердің құ­тын­­дай қоржын, жүрісі шалт, астам, автобустан түскен бойда маңайын билеп-төстеп алмай ма? Таксистің өзімен «әй, тоқта, мені мында жеткізіп салшы» деп жеке сөйлеседі, бойында кіріптарлық жоқ, қазақ табиғатына тән кеңдік пен еркіндік бар. Тайлақтың үйіне кіре бергенінде алдынан ит жетектеп шыққанды көргенде бір жағы шошыса, бір жағы тіксініп, жиреніп қалмай ма? «Қай атаң итпен тұрып еді, ей?» дегендей. Автобустан түскен бойдағы еркіндігі «күйеуге тидің бе?» деп сұрайтын барша бойжеткенмен қарым-қатынасында сақталады. Мұндағы қазақ қол­да­нысына тән «әй, балам немесе бері келе қойшы» дегендей қаратпа, одағай сөздер. Бізге кейіннен киліккен «кешіріңіз, жолдас» деу жоқ. Әлгіндей оқшау сөздер – астамсығандық, дөрекілік емес, өзімсігендік, бауыр тұтқандыққа жақын қазақы назар аудару.

Қазақ аттан түспеген алтын дәуреннің өтіп кеткенін Тана апайдың қыз күніндегі есте­­лік арқылы жеткізеді. Онда қазақтың сал-серілік дәурені, қыз бен жігіт айтысы, жастардың еркіндігі, сонымен қатар халық әні «Құралайды» қайта бір жаңғыртады. Аталған әнді кейін эстрадамен салған Досымжан Таңатаров осы кинодан алғанын айтады. Мұндағы салт-сана көрінісі, жеңілген қыздың айып-шамы, жігітке ұсынған орамал, арадағы серт – өз алдына жеке әңгіме. Бойжеткен кезінде Тана сертке сеніп қалған, өмір бойы соны кешіре алмаған. Демек серттен аттау бұл елдің салтында жоқ деген сөз. Серттен тайғанға кешу жоқ. Соны кеңестік заман аяқасты етіп тұрған жоқ па? Тайлақ ұнатқан Айша Досанова кезінде серттен тайған Досанның қызы болып шығады. Ақыры Айшамен табысады Тайлақ. Демек дүниеге басқа ұрпақ келді. Олар өмірлерін өзі билегісі келеді. Салтпен емес, санамен. Бірақ ұстап қалатын тұстары да жетерлік екен салт-дәстүрдің. Жастар жартылай жалаңаш билеген балет театрынан еңгезердей ұлын ала жөнеледі апасы. Жап-жас Ермек Серкебаев халықтың «Япырай» әнін операмен орындағанда, жасы үлкен қазақ Нияз «опера операсымен, дәстүрлі ән-күйге жететін қазына жоқ» деп ты­йып тастамай ма? Сондай-ақ Қыздар институтының жатақ­хана­сындағы жағдай. Қалың бойжеткен советтік заман тыйым салған джазға билеп болған соң, қалың қыздардың бірін де менсінбеген қазақтың екі кем­пірі ақырында Одиссейді көксеген олардың үстінен аттап кетпей ме? Және Тайлақ (қазақ баласы деп ұғу керек) соңынан қалмай қой­ған әлгі темекі тартатын ке­лін­­шекті маңына жолатпайды. Мұн­дай елеусіз болса да, есті элементтер жетерлік.

Тана мен Тайлақ, ана мен бала келіспей қалғандағы диалогке мән берген жөн. Кемпір: «Төрт жыл кейін тусам да Кеңес­тен кем білмеймін», деп салады. Шешесі қазақтың атынан сөйлеп тұр. Өйткені кинода бүкіл Алматы бір төбе болса, бұл кісі бір төбе, ерекше қазақ екенін ескеру керек. Соғыста өлген күйеуінен жас­тай қалған, сөйтсе де бес баласын жетімсіретпей жеткізген қазақ анасының басында ұлттың қасіреті тұр. Және сол ана үйлен­бей жүріп алған ұлына «сенің кеңесіңнен көп білемін» дегені тегін емес. Отызға келгенше үй­лен­бей жү­ріп алу қазақ салтында жоқ еді. Құда түсу, атас­тыру бәрі далада қалған... Осылай қал­ды­ру керек пе, ойлану керек пе, көрер­мен­ге қалдырады.

Тайлақ пен Айша табиғат аясында жүр­генде бойжеткен «Швей­­ца­рия­да­ғыдай» десе, Тай­лақ «қайдағы Швей­цария, Қазақ­стан!» деп туған өлкесі туралы ай­тып кетеді. Тана апай әлгі орыс қызды ұнатып, коньки­ тебу жарысына барғанда тағы бірер шетел­дік­тің аузына «қазақтың қысы» деген әңгімені салады. Сценариін өзі жазып, өзі түсірген Шәкен Аймановтың біртуар еке­нін­ осы жалғыз-ақ комедиясынан көруге болады.

Фильмнің о бастағы мазмұны ұлт­тың қасіретінен бас тартады, негізі. Шәкен ата сюжетті туған інісі Кәукен Кен­же­таевтың жары, атақты опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекованың анасы Айнакүлден алған. Шабалдың әкесі Қаратайдың Бейсегі Сәкеннің жақын досы, оқыған, заңгер, Ақмола облысының прокуроры қызметін атқарған. 1937 жылы ату жазасына кесілген. НКВД үйіне тұтқындауға келгенде, күш көрсеткендермен айқасқа түсті ме екен, содан­ бесіктегі балалары Сакко қат­ты шошып қалған да, кейін кісімен сөйлесе қоймайтын томаға-тұйық болып, үйленбей ұзақ жүреді. Бірде Кәукен мен Шабалдың үйінде ұлын үйлендірем деп жүріп басынан кешкендерін Айнакүл апа Шәкенге жайып салса, «мынауыңыз киноға сұра­нып тұр екен» депті Айманов. «Тақия­­лы періштенің» прото­тип­­те­рі Сакко Қаратаев пен Бихан апа белгілі адамдар, көркем бей­не­сі аталған фильм­де болса, шынайы бей­нелері журналист Айгүл Ахан­бай­қызының «Айма­нов­тың Танасы мен Тайлағы» мақа­ла­сында жазылған.