Бақытжан Ертаевпен өткен ерлік сабағы Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойларына және Ауғанстаннан Кеңес әскерлердің шығарылғанына 35 жыл толуына орай өтіп жатқан іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Кездесуге ауған жауынгерлері, қорғаныс істері жөніндегі қалалық департамент өкілдері, Алматыдағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жеке құрамы қатысты.
Ерлік сабағы Бауыржан Момышұлы монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мектептің акт залында генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өзі әскерде қызмет еткен әртүрлі кезеңдер туралы айтып, халық қаһармандары өмірбаянының қызықты тұстарымен бөлісті.
Іс-шара барысында мектептің тәрбиеленушілері Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» кітабынан сахналық көрініс ойнады. Сонымен қатар балалар Ауған соғысы жайлы әндер айтты.
– Мұндай іс-шаралар еліміздің жауынгерлеріне құрмет көрсету, өскелең ұрпақтың ортасында Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сияқты қасиеттердің артуына ықпал ету үшін маңызды, – деп атап өтті Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Фархат Құрманғажинов. «Жас ұлан» мектебінің басшылығы тарапынан Бақытжан Ертаевқа Алғысхат табыс етілгеннен кейін тәрбиеленушілердің қонақпен бейресми сұхбаты өтті.
– Отанға қызмет ету үшін, ең алдымен, патриот болу керек. Өзіңмен тынымсыз жұмыс істеу, кәсіби шеберлікті арттыру және уақыт келгенде Отан алдындағы борышты абыроймен орындау қажет, – деді Бақытжан Ертаев.
Айта кету керек, Бақытжан Ертаев взвод командирінен бастап генералға дейінгі мансаптық жолдан өтті. Ол егемен Қазақстанның Қарулы күштерін қалыптастыруға, армияның қорғаныс қабілеті мен жауынгерлік дайындығын нығайтуға мол үлес қосты.