Еңбек • 14 Ақпан, 2024

Кірсабыннан кіріс тапқан

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кентау қаласындағы дүкендердің сөресі тағы бір кірсабын түрімен толықты. Кенді шаһардың жас кәсіпкері Аружан Мырзатаеваның бұл іспен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан Кентау және қалаға қарасты ауыл тұрғындарын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Кірсабыннан кіріс тапқан

Биыл жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 2,5 пайызбен несие беріле бастады. 35 жасқа дейінгі жастарға арналған несие бағдарламасына бизнес идеясын ұсынғандар қатарында Аружан да болды. Қазір оның шағын цехы бір күнде орта есеппен 300 дана кірсабын шығарады. Айтуынша, бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Өсімдік майлары мен қолдану кезінде оның тұтынушылық қасиеттерін жақ­сар­татын жоғары сапалы арнайы қос­палардан дайындалатындықтан, кірсабын табиғи және экологиялық таза өнім саналады.

– Кәсіпті 5 миллион теңге қаржы­мен бастадым. Бұл ақшаға Тараздан май ерітетін пеш, қазан, еріген май құятын ыдыс, сабын кесетін құрал және штамптық аппарат сынды қа­жетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Шағын цехқа қажетті ғима­рат­ты өз ауламыздан аштық. Қазір цехты жалға алуға мүмкіндік болмай тұр. Келешекте кір сабынның түрлерін көбейткен кезде бұдан да үлкен зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, цех толық екі аптада ашылды. Кірсабын шығару және оны сату жыл мезгіліне қара­май­ды. Бұл – әр үйде күнделікті қол­данылатын, тұрмыс-тіршілікке қажетті дүние. Кірсабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қол­жетімді. Арнайы станокты өзге өңір­ден алдырттым. Өнімнің өзіндік құны  80-150 теңге аралығында. Сабынның құны оның салмағына, яғни грамына байланысты. Бізде 100, 150, 200, 250, 300 грамдық кір са­бындар бар. Бағасы да әртүрлі. Қала тұрғындарына қолайлы бағада сатып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бағасы тиімді, химиялық қоспа­дан ада жергілікті өнімді алдымен ағайын-туыстары алған. Күніне 300-ге дейін сабын шығарып отырған кәсіп иесіне басқа да дүкендерден ұсы­ныстар түсіп жатыр. Сұраныс артқан кезде сабынның көлемі мың данаға дейін ұлғаяды. Іскер ару әр сабынды 150-250 теңге аралы­ғын­да саудалап, тұрақты табысын қалып­тас­тырды. Бүгінде ол екі адамды жұ­мыспен қамтып отыр.

 – Кірсабын шығару туралы идея өткен жылы келіп, содан бері ойым­нан шықпай қойды. Алғашында үйде тек бала тәрбиесімен ғана отыр­май, табыс тапсам деген ой маза бермей жүрді. Осылайша, іздене бастадым. Интернеттен қандай тауарға сұраныстың бар екендігін қарап, кірсабын шығару идеясына тоқтадым. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің қаламызда тұрмыстық сабын шығаратын цехтар санаулы. Екіншіден, тендерлерге қатысып жүргенімде кірсабынды аймақ мекемелері көрші облыстардан алдыртатынын көрдім, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпорын алдағы уақытта өн­діріс­тік қуатты айына 10 мың са­бын­ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Елімізде кірсабын аппаратын жасайтын екі шебер бар екен. Бақтарына қарай соның бірі Тараз қаласында тұратын болып шықты. Қазір ерлі-зайыптылар сол ұстаның қолынан шыққан шағын аппаратпен өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Өндіріске қажетті шикізат Шымкент пен Алматы қалаларынан тасымалдайды. Ал Аружанның күйеуі сабын қайнатудың қыр-сырын меңгеріп, қазір кәсіпорынның технологі қызметін атқарып жүр.

Үш баланың анасы кәсіпті кезең-кезе­ңімен жасап жүр. Келесі қадам – шикізат жеткізуді жолға қою. Өндіріске қажетті негізгі шикі­зат – өсімдік және мал майы. Отба­сы­лық бизнесте бір өзі есепші, кеңсе менеджері және PR-менеджер қызметін қатар атқарады. Ата кәсіпті жаңаша түлетіп, істің көзін тапқан Аружанның ойға алған жоспары көп.

 

Раушан НАРБЕК

 

Түркістан облысы,

Кентау қаласы