Фото: aikyn.kz
Іс-шараға Көлік, Сыртқы істер, Қаржы министрліктерінің, «Kazakh Invest» ҰК АҚ-ның және бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты. Кездесу brainstorm форматында өтті. Сөз кезегінде Көлік вице-министрі Талғат Ластаев алдағы бірнеше жылда көлік инфрақұрылымына қатысты қойылған барлық міндетті іске асыру үшін, оның ішінде транзиттік қуаттарды ұлғайтуға шамамен 40 млрд доллар қажет болатынын атап айтты.
«Министрлік көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобалар пулын ұлғайту бойынша өзектендіру және шаралар қабылдау бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды бірнеше есе ұлғайту мәселелері бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, көлік және логистика саласындағы мемлекеттік және жеке сектор компанияларының қатысуымен ведомствоның инвестициялық жобаларын сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өткізілді», деді Т.Ластаев.
Қазіргі уақытта министрлік өткізген іс-шаралардың қорытындысы бойынша теміржол мен теңіз көлігі, авиация және автожол салаларында жалпы сомасы 31 млрд доллардан астам инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысында министрліктің жетекшілік ететін салалары бойынша негізгі капиталға инвестициялар жоспары 107,7 пайызға орындалып, 2 233,6 млрд теңгені құрағанын атап өткен жөн. Сонымен бірге еуропалық инвесторларды тарту үшін отандық көлік саласы делегациясының Бельгияға, Нидерландқа және Румынияға жұмыс сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында министрлік өкілдерімен, халықаралық қаржы ұйымдарымен және негізгі еуропалық инвесторлармен кездесулер өткізіліп, көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірқатар құжатқа қол қойылды.