Экономика • 15 Ақпан, 2024

Алтын-валюта резерві молайды

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, елімізде іскерлік белсенділік индексі өткен айда 49,7 белгісіне дейін жақсарды. Қызметтер секторындағы көрсеткіш – 50,6, өндірісте – 50,5-ті құрап, оң аймақта тұрақтады. Бизнес-климат индексі де оң қалпында қалды. Оған кәсіпорындардың болашақ бизнес жағдайлары бо­йынша күтулерінің жақсаруы ықпал етіп отыр.

Алтын-валюта резерві молайды

«Қаңтар айында жылдық инфляция 9,5%-ға дейін баяулады. 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша, инфляцияның төмендеуі биылғы қаңтар айында базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Ол қаңтарда 50 базалық тармаққа 15,25%-ға дейін төмендетілді. Ал жылдық инфля­цияның төмендеу қарқыны баяулап келеді. Қаңтар айын­дағы айлық инфляция алдыңғы орташа мәндерден жо­ғары қалыптасты. Қалыптасқан инфляциялық ахуал дезинфля­ция­лық саясаттың жалғасуын талап етеді», деді Ақылжан Баймағамбетов.

Қаңтар айында теңге бағамының 1 АҚШ доллары үшін  448,17 теңгеге дейін, 1,4%-ға нығайғанын да атап өтті. Жыл басынан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сатудың теңгеге едәуір қолдау көрсеткенін де жеткізді.

«Оның көлемі 1 млрд-тан астам долларды құ­рады. Жыл басынан мемлекеттік бағалы қа­ғаз­дар нарығына бейре­зиденттердің капитал ағыны 194 млн доллар болды. Ұлттық қордан валюта сату көлемінің өсуіне және сату көлемінің теңге бағамының конъюнктурасына әсер етуіне байланысты салымшылар мүддесі үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» зейнетақы активтерін инвестициялауға белсенді түрде валюта сатып алу туралы шешім қабылданды. Осыған орай ақпан айында БЖЗҚ-ға валюта сатып алу көлемі 200 млн доллардан 400-500 млн долларға дейін ұлғайды», деді.

Тағы бір жақсы жаңалық – Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 36,7 млрд долларға дейін, 1,9%-ға ұлғайған.

«Ұлттық банктің валюталық шоттарында екінші дең­гей­лі банктердің қаражатынан мол қалдық қалған еді, бұл соған байланысты. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1%-ға төмендеп, 59,4 млрд доллар болды. Бұл төмендеу «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндет­те­мелерді есептеуге байланысты. Дегенмен қаңтар айын­дағы инвестициялық табыс 18 базалық тармақты немесе 0,11 млрд долларды құрады. Қаңтар айында Ұлттық қорға түс­кен қаражат 472 млрд теңге болса, оның ішінде 31 млрд теңге ұлттық валютада. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 600 млрд теңге», деді ҰБ төрағасының орынбасары.