Біз осы өнер ұжымының директоры Ботагөз Ақмағамбетоваға жолығып әңгімелескен едік. Оның айтуына қарағанда, гастрольдік сапардың ұйымдастырылуына Үндістанның Қазақстандағы елшісі доктор Нагендра Прасат мырза ұйытқы болған. Ол Петропавлға келген сапарында Астанадағы үнді мәдени орталығымен байланысып, филармонияда олардың билерін, йогасын үйреніп жүрген қызылжарлық жастарға риза болып, олардың Үндістанға да барып, өнерлерін көрсетуі туралы ұсыныс жасапты. Жаңа жылдан кейін Астананың 35 адамдық камералық хоры да Үндістанға бара жатқанын білген соң, біздің филармония ұжымы да солармен бірге гастрольдік сапарға шығады. Үндістан елінде олардың жол, тамақ шығындарын қарсы алушы жақ көтерген. «35 адамдық оркестрдің жолсапарына жететін қаражатты өзіміз таптық. Дирижеріміз Алмас Мұхитдиновті топтың жетекшілігіне тағайындадық. Әр қалада бір концерт қойдық. Оны домбырашымыз Асхат Ғалиев ашып отырды. Екі шекті домбырадан осыншалық керемет әуен төгілгені үнділіктерді таңғалдырғанын көріп, шаттанып отырдық. Флейташы қызымыз Тамара Порфирьеваның шеберлігіне көрермендер барынша риза болды. Басқа да ән-күйлеріміз, музыкалық орындауларымыз көрермендерді әбден риза қылды. Үнділер біздің өнерпаздардан мұндайды күтпеген сияқты, барынша таңғалып, қол соқты. Мумбай қаласында осындағы үлкен симфониялық оркестрге жетекшілік етіп жүрген жерлесіміз Марат Бейсенғалиевпен де кездестік. Біздің концерттерімізге үнділік әншілер мен бишілер де қосылып отырды. Мумбай қаласында Лакшминарян атты өздерінің музыкалық фестиваліне біздің өнерпаздарымыз қонақ ретінде қатысып, өнерлерін көрсетті. Газеттер біздің өнерпаздарымыз туралы «әлемдік дәрежедегі оркестр» деп мақтап жазғандарына қатты қуандық», деді ол.
Қазақстандық өнерпаздар қазақ, орыс, Еуропа елдері және үндінің кең тараған композиторларының шығармаларын орындады. Сөйтіп, үнді халқының өнерсүйер қауымы Қазақстан өнерімен кеңінен танысып, оның жетістіктерін көріп, музыканттардың ұлттық және әлемдік аспаптармен шебер ойнайтындығына тәнті болған. Шын мәнінде, «өнерде шекара жоқ» деген осы шығар.
ПЕТРОПАВЛ