Аймақтар • 14 Ақпан, 2024

Қызылқұмда құпия көп

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылқұм – жұмбағы мол, тылсым дүниесі жетерлік өлке. Әу бастан мал баққан жұртқа жайлы мекен деседі. Ілгеріде құдық та, бұлақ та көп болыпты. Қыстау басқан қазақтың малын бұл Қызылқұм жұтқа да алдырмаған.

Қызылқұмда құпия көп

Айтайын дегеніміз басқа. Қызылдың құмында осындай бел­гілер (суретте) бар. Бұрын көп болған. Қараңызшы, құмда қа­са­­рысып өсер сексеуілді қию­ластырып өрген. Суреттегі «Мәң­гүрдің белгісі» деп аталатын үйме сексеуіл Қызылорданың Қазалы ауданындағы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты «Ажар» деген шағын ауылға жақын. Шамамен 20 шақырымдай болар. Биіктігі 2 метрден асса, аумағы алты қанат киіз үйдің аумағы іспеттес.

«Ажар» ауылының маңайында бұл белгіден бөлек, сексеуіл үйіп, қолдан тұрғызылған қорымдар мен белгілер өте көп. Әрқайсысының өз атауы бар, көбісі ұмытылған, оны білетін көнекөздер де қалмапты.

Сайын далада неге сексеуіл үйген? Білетіндердің айтуынша, мұны көшпелі ағайынның өзі ойлап тапқан. Адаспас үшін. Әрі ең биік деген құм төбенің басына томарлы сексеуілді жинап, осылай қиюластырған. Ажардың маңында бұдан бөлек, «Ажартөбе», «Байту», «Өтеш белгі» дейтін осындай сексеуілді орындар бар. Көбісі кішірейіп кеткен, кейбірін әдейі өртеп те жіберген болуы мүмкін.

– Менің пайымдауымша, бұл белгілер ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас жағында тұрғы­зылған сияқты, – дейді Кәукей (Қызылқұм а/о) ауылының тұр­ғыны, мектеп мұғалімі Сәкен Қабылов ағамыз. – Сексеуілден белгі қоюдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, өлген адамның басына тұрғызса, екіншіден, жас­тай қыршын кеткен адамдардың сүйегін үлкен қорымдарға қойса да, «аты елеусіз қалмасын, әрі-бері өткен пенде дұғасын арнар» деген мақсатпен жүргіншілер көп жүретін жолдың бойына қойған. Оған мысал, Кебекбайқызы Ажар сұлуға қойылған сексеуіл белгі қазір «Ажартөбе» деп аталады. Ал үшіншіден, әл-әуқаты бар адамдар өз күшімен көзінің тірісінде белгілі аймақтарға баратын үлкен жолдардың бойындағы биік төбелерге сексеуілден өріп белгі тұрғызған. Ондағы мақсат – барар бағытқа жөн сілтеу әрі өз есімін қалдыру.

Ескі әңгімеге жүйрік Сәкен ағаның айтқан көңілге қонымды. Қазір сол ауыл маңайындағы сек­сеуілді белгілер кезінде қойшы­лардың Қызылдың құмында адас­пауына көп көмегі де тиген. Ал «Мәңгүрдің белгісі» жайлы дерек жоқтың қасы. Мүмкін адам аты, мүмкін басқа. Бізге белгілісі, ол ХІХ ғасырдың аяқ кезінде тұрғызылған.

Бір қызығы, осы белгілер бір бағытта қойылған. Жолаушы адас­пасын деген ниет қой. Компасы жоқ бұрынғы қазақтың Қызылдың құмында осылай тіршілік еткені таңғалдырмай қоймайды.

Жоғарыда айтқандай, мұндай сексеуілді белгіні кейбіреулер адам сүйегі бар қорыммен де ша­тас­тырады. Ол қате еді. Рас, біз ар­найы сапармен Қызылқұм шека­расында жатқан халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының мәңгілік жайынан сексеуілді моланы көптеп байқағанбыз. Олар мұндай биік емес әрі дөңгелене өрілген, ортасы ашық болды. Тіпті тұзды кесектен қалап та қой­­ған молалар кездесті. Өйткені баба жатқан жерден әрірек тұзды Аралдың бұрынғы орны да бай­қалған. Қазіргідей құрылыс материалы жоқ әрі құмда отырған қазақ өлгеніне сексеуілден де мола тұр­ғызғанына осы дәлел бола алады.

Тик-токпен атын шығарғысы кеп жүрген бүгінгі ұрпақтың аталары жай тіршілігімен де осылай тарих жасап кетіпті-ау...