Қоғам • 15 Ақпан, 2024

ҚТЖ проблемаларын шешу үшін жеке инвестиция тарту керек - Сенат Төрағасы

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында нарыққа жеке компанияларды тарту қажеттігі туралы ойын айтты. Мұндай ұсыныс сенаторлардың «Қазақстан темір жолы» АҚ қызметі туралы депутаттық сауалына Көлік министрі Марат Қарабаевтың берген жауабына байланысты айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚТЖ проблемаларын шешу үшін жеке инвестиция тарту керек - Сенат Төрағасы

Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда жұмыс көлемі мен жүктеме артып отырғанын атап өтті. Сондықтан ҚТЖ-ның бүгінгі жұмыс көлемінің өзі жеткіліксіз екені байқалуда. Осыған байланысты бұл іске үшінші тарапты – жеке компанияларды тарту қажеттілігі туындап отыр. Магистральдық темір жол желілерін жаңғырту және саланың басқа да өзекті мәселелерін шешу үшін инвестиция салу қажет.

«Қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы түйткілдерге қарап, инвестиция салуды жалғастыру керек екенін көріп отырмыз. Вагондар мен локомотивтерді сатып алуға, магистральдық теміржол желілерін жаңғыртуға инвестиция қажет. Кей жерде тасымалдау көлемі көбейіп, ҚТЖ үлгермей қалып жатыр. Әрине, компания ауқымды жұмыс атқаруда. Локомотивтер сатып алынып, вагондар жаңартылды. Алайда, соның өзі жеткіліксіз болып отыр. Яғни, егер ресурс жетпесе, компания бәрін жаңартып үлгермесе, онда қосымша күш тарту керек деген сөз. Негізгі мән де осы. Қосымша күш деген – жеке сектор, жеке компаниялар. Бұл туралы не айтасыздар? Әзірге көріп-естіп отырғанымыздай, бәрі мемлекеттік болады. Тіпті жаңа екі компанияға да мемлекет қатыспақ. Сондықтан салаға жеке компанияларды тарту жөніндегі стратегия қандай?», деді Мәулен Әшімбаев Көлік министрі Марат Қарабаевтың жауабын тыңдай келіп.

Сенат Төрағасы магистральдық теміржол желілері саласын реформалау бойынша екі сатылы тәсілге назар аударып, ол саланы жаңғырту қарқынын кешеуілдетуге әкелуі мүмкін екенін айтты.

Министр өз кезегінде реформалаудың екі сатылы тәсілі өзгерістер қарқынын талдайтын тестілеудің бір түрі екенін атап өтті. Марат Қарабаев жеке компанияларды тартуға қатысты Палата Төрағасының ұсынысына қолдау білдіріп, осындай өзара іс-қимыл көзделіп отырғанын нақтылады.

Палата отырысында Көлік министрі Марат Қарабаевтың «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қызметі туралы сенаторлардың депутаттық сауалына ауызша жауабы тыңдалды. Онда экспорт тасымалының бұзылуы мен бәсекелестікте теңсіздік жағдайының туындауы депутаттардың наразылығын тудырған еді.

Отырысқа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басшылары да қатысты.