Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сын-қатерлер себебі
Төтенше жағдайлар департаменті 23–26 қаңтар аралығында Қазақстанда 1,8 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелгенін, оның 11-і Алматыда өтіп, магнитудасы 2 балл болғанын хабар-
лады.
«Сейсмологтер сілкіністің әсері әлі күнге дейін жалғасып жатқанын айтып жатыр. Оның қашанға дейін созылатынын болжау қиын. Жер сілкінісінің ошағы орналасқан аймақтың сейсмикалық деңгейі, жер қыртысының геологиялық құрылымы, тектоникалық ерекшеліктері және басқа да параметрлер себеп болуы мүмкін», деп түсіндірді Алматы қалалық ТЖД.
Әзірге дүйім жұртты дүрліктірген сілкініс сейсмологтер үшін де жұмбақ. Ғалымдар жер дүмпуі білінген ауданның аз зерттелгенін және нақты болжам жасаудың қиындығын айтып отыр. Белсенділік азайып, афтершоктардың беті қайтты. Сілкіністердің тереңдігі жердің үстіне көтерілген сайын оның әсері де әлсірей бастайды екен. Демек Алматымыздың ауық-ауық күрсініп, бір сілкініп қалу себебі де осында жатса керек.
Ақпарат көздерінен 12 балдық жер сілкінісі бізге жақындап қалды деген деректі де көзіміз шалды. Ал ғалымдар 12 балдық жер тербелісі әлемде болмағанын, бірақ ықтималдылығы бар екенін айтады. Ал 11 балдық жер сілкінісі есте жоқ заманда Қытайда болған деседі. Ғылыми дәйектемелерде жердің бедерін өзгертіп, өзен мен мұхиттарды теріс ағызып жіберетін көрсеткіш осы екені айтылады.
Сейсмикалық белсенді аймақта тұрғандықтан, кез келген уақытта қандай да бір күштегі жер сілкіністері болуы мүмкін екенін бәріміз білеміз. Республикалық сейсмологиялық желі стансаларының көбі елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында орналасқан. Алматы қаласына келсек, бар болғаны 11 кешенді станса және 6 күшті қозғалыс бекеті бар. Олардың технологиялық деңгейі, сейсмикалық тербелістерді оқу мүмкіндігі – тақырыбы бөлек әңгіме. Ал сейсмикалық сегментте жұмыс істеп жатқан ғалымдарға кем дегенде екі есе көп станса қажет.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өткен жылдың шілде айында 2023 жылдың екінші жартысынан бастап ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексере бастайтынын, 2017–2018 жылдары жүргізілген сейсмикалық аудиттің қорытындысында қаланы 27 тектоникалық жарықшақ кесіп өтетіні анықталғанын айтқан еді. 2023 жылдың қараша айында Алматының таулы аймақтарындағы заңсыз құрылыстарға бақылау күшейтіліп, бұзылып салынып жатқан 52 нысанды анықтады.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің сайтындағы Алматы қаласының қауіпсіздік құжатында мегаполистегі ғимараттардың құрылысына жауапты болу көрсетілген. Алматы аумағындағы топырақ қабаты біркелкі еместігі, жер бедері мен жерасты суларының деңгейі де әртүрлі екені, шығыс бөлігінде топырақ шөкпе және жеңіл сұйытылған сазды болып келетіні айтылған. Ал қаланың солтүстік бөлігінде, Райымбек даңғылынан төмен топырақтың түрі саздақ, құмды саз және құмды. Мамандар бұл факторлар алматылықтар үшін қолайлы емес екенін, жерасты суы үстіңгі бетке жақын болғандықтан, зілзаланың қарқыны 9–10 балға жетуі мүмкін екенін талайдан бері айтып келеді. Осы себептерге байланысты 80-жылдардан бастап Райымбек даңғылынан төмен аймақтарда темірбетон беларқалықтары бар стандартты екі және үшқабатты үйлер салыныпты.
Мәжілісте жария етілген мәселе
Мәжілісмен Бақытжан Базарбек тектоникалық белдеу бойындағы аймақтарда, сондай-ақ сел және көшкін аймақтарында жер телімдерін беруге заңмен тыйым салуды енгізіпті. Сондай-ақ мәслихат пен әкімдікке қала аумағын дамыту қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша қосымша құзырет түріндегі ерекше мәртебе берілсін деген талап та депутаттың назарынан тыс қалмаған. «Жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптау және нысанды пайдалануға беру кезеңінде қайталама сейсмикалық аудит шеңберінде салынған ғимараттың міндетті сейсмикалық аудитін жүргізу тәжірибесін енгізу», керек дейді Бақытжан Базарбек.
Алматыдағы жер қыртысының тербелісі әртүрлі амплитудамен бірнеше рет қайталанды. 23–27 қаңтар аралығында 22 афтер сілкініс сезілген. Бұл Алматыда және басқа да аса қауіпті аймақтарда сейсмикалық қауіпсіздік саласында қатаң және іргелі стандарттарды енгізудің маңыздылығын көрсетеді.
Осы саланың маманы Алтай Байшолақовтың айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі дүмпулер немесе афтер сілкіністер жер қыртысындағы сейсмикалық энергияны шығару үдерісінің маңызды бөлігі екен. Маман айтып өткендей, бұл үдеріс жер сілкінісінен кейін бірнеше күн немесе кейде жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Технологияның дамуы афтер сілкіністі бақылауға және зерттеуге мүмкіндік беріп отыр.
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңесте Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болмағанын, қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалғанын, бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешім қабылдау екенін еске салды. «Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті шамадан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға даярлау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», деді Мемлекет басшысы. Қысқамерзімді сейсмикалық болжамдар жасаудың қиын екені бұрыннан айтылатын. АҚШ, Жапония сияқты державалар қысқамерзімді болжамдардан баяғыда бас тартқан. Себебі оған қатысты барлық үдерістің жылдамдығы туралы әлі тоқтамды пікір жоқ, оның қандай жылдамдықпен өтетіні туралы ғылымда нақты дәйектеме айтылмайды. Сол себепті ғалымдар өз міндеттерін «қара жәшік» тәсілімен орындап, жанама белгілер бойынша долбар жасауға тура келеді екен. Жер сілкінісіне қатысты мәселеде статистиканың өзі әлсіз, себебі оның ешқайсысы бір-біріне
ұқсамайды.
Ояу жатқан тектоникалық белдеулер
Алматы сейсмикалық жағынан 10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз қала екенін ғалымдар әу бастан айтып келеді. Қала орналасқан қазандық шөгінді тау жыныстарына толтырылған. Кіші Алматы, Үлкен Алматы өзендерінің ағысымен келген уақ шөгінді тастардың қалыңдығы 3 км-ден асып кеткен. Тектоникалық белдеулердің үстінен ғимараттар салынып кеткен. Ғалымдар зерттеу жұмыстарына нақ осы фактордың кедергі келтіріп отырғанын айтудан жалыққан емес. Сондай-ақ олар Алматы маңындағы ақаулар ғимараттармен жабылғандықтан, зерттеу өте қиын екенін талай уақыттан бері қозғап келеді. Бізге белгілі тектоникалық белдеулердің басым көпшілігі әлі күнге дейін ояу
жатыр.
Сейсмолог-ғалым Мұхтар Хайдаров «Информбюро» порталына берген сұхбатында сейсмикалық белсенділіктің жоғарылаған аймағында тұрамыз, әсіресе Еуразияның қауіпті аймағында қоныс тепкенімізді тілге тиек етіпті. Біздің аймақтың сейсмикалық қауіптілігін тек Жапониямен ғана салыстыруға болатын көрінеді. Алматының сейсмикалық иммунитетінің жыл өткен сайын әлсіреуіне ішкі және сыртқы факторлар да әсер етеді екен. Ал «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев журналистермен кездескен кезде бүкіл ғимаратты сейсмикалық күшейту бойынша кешенді күрделі жұмыстарға 80–90 млн теңге қажет екенін, бұл сомаға үйдің іргетасын, кіреберістерді, шатырды, ішкі едендерді, жүк көтергіш қалқаларды, соның ішінде пәтерлерді нығайту құны кіретінін, бір іргетастың сейсмикалық күшейту құны шамамен 5–6 млн теңге айналасында шығатындығын айтыпты.
Біз осы ретте геофизика ғылымдарының докторы, сейсмология профессоры Әлқуат Нұрмағамбетовке хабарласып, мына келесідей мәселелерді талқыладық. Оның айтуынша, жел сілкінісі – адам факторына қатыссыз табиғи үдеріс. Жер-ана демалады, тыныс алады, күрсінеді. Оның сыртқы әсерін адамзат техногендік апат немесе жер сілкінісі деп қабылдайды.
«1983 жылы 10–15 жыл бойы жүргізілген ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижесінде Алматы қаласы табанынан бірнеше тектоникалық жарылымдарды анықтап, оларды картаға түсірдік. Біз картадағы кейбір ақауларды кейінірек нақтылау үшін нүктелі сызықтармен белгіледік. Жоғарыда айтылғандай, бұл жарылымдардың белсенді емес екенін, яғни оларда әлсіз және микродүмпулер ошақтары жоқ екенін атап өткен жөн. Бұл жарылымдардың әсері Верный (1887) және Кемін (1911) зілзала апаттары кезінде анық білініп, олар жер бетінде байқалған және де құрылысқа ауқымды әсер етті. Сондықтан бұл аймаққа ғимараттар мен құрылыстарды салуға қатаң тыйым салынуы керек. Бұл жолақ құрылыстан таза болуы керек», дейді профессор.
Айта кететін жайт, Алматы қаласы орналасқан жердің топырағы (грунты) жалпы айтқанда, үш түрге бөлінеді: жақсы, нашар және өте нашар. Жақсы мен өте нашар грунттардағы тербелістер 1,5 балға дейін өзгереді. Міне, сондықтан да қалада жер сілкінісі күшін анықтағанда 4–5 балл деп орташа ұғымда айтылады.
Профессор жер сілкінісінің жер бетіндегі жойқын зардаптары бірнеше фактормен байланысты болатынын да қаперге салып өтті. Әрбір табиғи құбылыстың өзіндік өлшемі бар. Жер сілкінісінің қуаты «магнитуда» және «бал» деген өлшемдермен анықталады. Магнитуда – ғылыми термин, ол жер сілкінісі ошағынан бөлінген энергия мөлшерін сипаттайды, ал балл сілкіністің жер бетіндегі әсерін сипаттайды. Әрбір жер сілкінісінің бір магнитудасы болады және әр жерде әртүрлі балмен анықталатын күші болады. «Ал зілзала апатын осы күнге дейін неге алдын ала болжауға болмайды деген сұраққа мен былай жауап берер едім. Бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені жер сілкінісі ошағы көзден тыс, жер қойнауында, яғни ондаған мың шақырым тереңдікте орналасқан. Сол ошақ аумағында қандай физикалық және химиялық үдеріс жүріп жатқанын біз білмейміз. Жер бетіне арнаулы аспаптар қондырып, тек солардың көрсеткіштерін ғана талдаймыз, Ол көрсеткіштер сол жер қойнауындағы үдерістерді дұрыс сипаттай ма, ол да нақты белгісіз нәрсе. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жер қойнауының құрылысын, құрамын және құрылымын әлі де нақты білмейміз, тек теориялық-тәжірибелік ізденістердің көмегімен жалпылама ғана деректер бар», дейді профессор.
Осыдан 100 жыл бұрын ғарышқа ұшу қиял-ғажайып болып көрінген. Бүгінгі таңда осы саладағы ғылым мен техниканың даму деңгейі қалталы азаматтардың бәріне ғарышқа саяхаттап келуге мүмкіндік беріп тұр. Ал жер қойнауына бүгінде кеме түгіл, қарапайым дрон да жібере алмайсың. Сейсмология саласында іргелі және қолданбалы ғылым салаларының дамыту – өте маңызды. Мақсат – жаңағы айтылған екі мәселені жан-жақты зерттеу. Алдағы жылдары осы бағытта ғылым мен тәжірибелік зерттеулерді қарқынды жүргізу қажеттігін айтады. «ТЖМ – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, және т.б. салалардағы басшылықты жүзеге асыратын мекеме», дейді профессор.
Кеңес одағы тәжірибесіне сүйенсек (мұндай жағдайлар кездесетін), сейсмологияның ғылыми-зерттеу бөлігін, яғни институтты Ғылым академиясы құрамына, ал өндірістік бөлімін, яғни экспедицияны ТЖ министрлігіне беріп, араларын арнайы келісімшарттармен байланыстырса, бұл менің ойымша, дұрыс шешім болар еді. Қазіргі жағдайдың, өзі де ақсап тұрған ғылыми зерттеулер ТЖ министрлігіне өткеннен кейін, тіпті жойылады. Ғылыми зерттеу жұмыстарынсыз сейсмологияның алға басуы мүмкін емес. Профессордың айтуынша, Мемлекет басшысының көңіл аударған мәселелерінің бірі – қалада «жер сілкінісін ерте ескерту жүйесінің» дер кезінде жұмыс істемегені. «Жер сілкінісін алдын ала болжау емес, ерте ескерту жүйесі сейсмикалық және дыбыстық толқындардың таралу жылдамдықтарының ерекшелігіне негізделген. Оның негізін ықтималды жер сілкінісі ошақтары аумағында орнатылған сейсмикалық тербеліс датчиктері (сейсмоқабылдағыштар) құрайды. Осы сейсмодатчиктер жүйесі сілкініс ошағынан таралған алғашқы сейсмикалық толқынды тіркеп, тез арада оған сараптама жасап (толқын жер сілкінісі ошағынан тарады ма, әлде басқа тербеліс көзінен бе), автоматты түрде қосымша радиосигнал тарататын қондырғыны іске қосып, қаладағы төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан Орталық серверге жібереді. Одан әрі алдын ала бекітілген схема бойынша радиосигнал объектілерге таралып, оларды электр жүйесінен айырады және т.б. Алғашқы сейсмикалық қума толқынның таралу жылдамдығы шамамен 6 км/сек, ал дыбыс толқынының таралу жылдамдығы 300000 км/сек яғни сілкініс ошағынан таралған радиосигнал Орталық серверге сол мезетте жетеді, Егер сілкініс эпицентрі Алматы қаласынан 60 км қашықтықта орналасты десек, онда сейсмикалық толқын қалаға шамамен 10 секунд уақытта жетеді, ал Орталық сервер сілкініс жайлы сол мезетте біледі. Сонымен, 10 секунд арасында қаладағы аса жауапты объектілер жүйеден ажыратылып, тұрғындарға сақтану шараларын қолдануға мүмкіндік туады. Бұл жерде бүкіл жүйенің әрбір бөлігінің сенімді жұмыс істеуі аса маңызды», деп сөзін түйіндеді профессор.
P.S. Осы мақаланы жазу барысында Алматыда сейсмокүшейткіш орнататын компаниялардың қызметіне сұраныстың өскенін байқадық. Апта басында әр шаршыға көрсеткен қызмет ақысы 100–150 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті. Ал қаланың таулы аймағындағы коттедж үйлерге көрсететін қызмет түрі бұл сомадан бірнеше есе жоғары.
Қалада тұрғын үй кешендерінің кем дегенде 70 пайызы әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынған. Олардың сейсмикалық қауіпсіздігіне кім кепілдік береді?
АЛМАТЫ