Аймақтар • 15 Ақпан, 2024

Кереку жылқысы неге жұтады?

191 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Керекудің Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары мен Екі­бастұз ауылдық аймағында жылқы қырылып жатыр деген әңгіме желдей есіп тұр. Өткен аптада жауған жаңбырдан соң айналаның бәрін көк мұз құрсап, жануарлар тебіндей алмай қалған. Ауылдағылар жылқыдан күй кете бастады, шетінен ұстап қораға қамап жатырмыз дейді.

Кереку жылқысы неге жұтады?

Қыс ортасында табиғаттың аяқ астынан кілт құбылып, жаңбыр жаууы – Павлодар өңірі үшін аса сирек құбылыс. Бірақ биылғы қыс қытымырлығын ерте бастан-ақ бай­қатып тұр. Желтоқсанның ортасына дейін өңірде жаңбыр сорғалады да тұрды. Енді, міне, ақпанның әдет­тегі ақтүтек күндері біресе қарға, біресе жаңбырға ұласып жатыр. Өткен аптада қалың жауған қардың соңы жаңбырға ұласып, қазір көп ауданда жайылымдық жерлердің барлығын көк мұз басып қалды. Жылқы тебіндейтін жер сирек. Кейбір өңірлер ауыр трактормен қар аршып, жануарларға тебін болатындай жағдай жасап жатыр. Жылқы иелерінің көбі қысқа азық қорын жасамаған. Қазір облыс бойынша қатты аяз тұрып, алдағы тәуліктерде күн райы -38 градусқа дейін суытады деген болжам бар. Қыстың соңы осылайша құбылып әрі созылып кетер болса, жылқы малы үшін жұтқа айналады деп алаңдайды ауылдағылар.

Осы аптаның басында Ақтоғай­дың Шолақсор, Шұға елді мекен­дерінде, Екібастұзға қарасты Ақкөл Жайылмада жылқы өліп жатыр деген қауесет тарап кеткен еді. Жал­ма-жан елдегі азаматтарға хабар­ласып, жағдайды сұрастырып көр­дік. Расында ел ішінде жылқы ұс­тап отырғандардың табынында бірен-саран өлім-жітім бар көрі­неді. Көтерем тай-жабағылар қыс­тың қаһарына шыдас бермей, қазір­ден өле бастаған. Облыста 2012 жыл­ғыдай жылқының жаппай қырылуы, яғни жұт болуы мүмкін деген болжам бар.

Ақтоғай ауданы Басқамыс ауылында тұратын Берік Қабылқанов жуықта өз ауылдастарымен бірге жылқы табынынан жануарларды алып келгенін жеткізді. Айтуынша, әкелген жылқыларының күйі қаш­қан, соған орай үйде біраз жемдемек ойы бар. Ал қоңдыларын өрісте қалдырыпты. «Егер жағдай қиындайтын болса, үй маңайында жаздай үйген шөбім бар, жылқы­ны көктем шыққанша қыстатуға әле­уе­­тім жеткілікті», дейді шаруа иесі.

Ақтоғай ауданының басшысы Қаршыға Арынов жергілікті жерде жылқының қырылуы бойынша ресми ақпарат тіркелмегенін нақтылады. Облыстың тұрақтандыру қорынан жемшөп сатып алу үшін 87,5 тонна мал азығына тапсырыс берілген. Тебінде 15 мыңнан аса жылқы барын, көп жерлерді мұз басқандықтан жайылымға қатысты мәселе туындап отырғанын жеткізді.

Ал өлім-жітім тіркелді деген Ақ­көл ауылдық округінде де жағдай қалыпты көрінеді. Округтің әкімі Ерлан Қабылтаев аумақтағы ахуалды жергілікті жауапты мекемелермен бірге бақылап отырмыз деп сендірді.

– Әу бастағы мамандығым зоо­техник болғандықтан, жылқы ма­лы­ның жағдайын жақсы біле­мін. Қазір бұл төңіректегі қыл­құй­рықтылардың қоңы орташа дер едім. Айналаның барлығы көк мұз, мал тебіндейтін жерлер өте сирек. Соған орай округтегі 6 200 жылқының тең жартысын ха­лық қазір қорада ұстап отыр. Жұрт­шы­лық қолда бар техникасымен, «Камазбен», трактормен жануарларды әлі де артып әкеліп жатыр. Өзгесін жылқышылар ауылға қарай біртіндеп жақындата түсуде. Егер алдағы уақытта тебіндердегі ахуал жақсармаса, оларды да қораға қамауы мүмкін. Біздің округке Ақ­көл, Зеленая роща, Жақсыат елді мекендері қарайды. Қыс басынан бері жұртшылықтың қолындағы екі-үш жас мал шығын болды деп естідік. Малдың шығынсыз болмайтыны түсінікті. Дейтұрғанмен, шаруа баққан адамдардың биылғы қысқа қамы жаман емес, жемшөпті жеткілікті жинап алдық деп отыр. Оларға қосымша көмек болсын деп қазіргі күні сырттан 30 тонна арпа жеткізуге сұраныс жасадық. Тиімді бағамен әкеліп сатуы керек. Ірі шаруа қожалықтарын 30-40 жылқы ұстап отырған мал иелеріне шөпті арзан бағамен беруге көндірдік. Алдағы күндері қатты аяз жалғаса берсе, жылқыны біраз жүдететіні анық. Бірақ жұт болады деп ойламаймыз, – дейді ол.

Биыл Ертіс ауданында өзге өңір­лерге қарағанда, қардың жамылғысы қалың, кейбір жерде жарты метрге дейін жетеді. Соған орай жылқы малы жайылатын аумақтарда жа­йылым мәселесі өзекті болып тұр. Жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғожиновтің сөзінше, бұл төңіректе 20 мыңдай жылқы ұсталады. Екі мыңдап табын ұстап отырған азаматтар да баршылық.

«Жылқы қыста көбіне қыр жақта, Сілеті өзені бойы мен Қызылқақ көлінің аумағында бағылады. Бұл жақтарда қар аз түседі, қысы жай­лы. Мал иелері азығымыз жеткілік­ті, қыс аяғы созылса, жылқыға біраз уақыт шөп шашып ұстап тұруға болады деп отыр. Мал шығыны жоқ», деп жауап берді ол.

Железиндегі жұрттың да жағ­дайы оңып тұрған жоқ. «Веселая ро­ща» ауылының тұрғыны Аманжол Хамит биыл қыстың соңы жұтқа ұрын­дырады деп болжап отыр. Айтуын­ша, былтыр қуаңшылық сал­дарынан көпшілік жемшөп­ті жеткілікті жинай алмаған. Сал­дарынан күзде ауыл халқы қолдағы малының 70 пайызын сойып, сатып жіберуге мәжбүр болыпты.

«Кейбір отбасылар азық қорын әзірлей алмай амалсыздан малын толығымен сатып жіберді. Қой етінің килосын 1 400 теңгеден бер­дік, ол базарда 2 500 теңгеден саты­лып жатыр. Қызығын алыпсатарлар көрді. Ауыл адамдары қолда қал­ған аз ғана түлігінің өзін биылғы қыс­тан аман алып шыға қояты­ны­на сенімді емеспін. Себебі азық қоры тапшы, сатылатын шөп жоқ. «Веселая рощада» мыңның үстінде адам бар. Түнеугүнгі жаңбырдан айналаның барлығы қатып жатыр. Жылқыны жинап, үйде ұстауға мәжбүр болдық. Биелердің бар­лы­ғы құлын тастап жатыр. Бұл жұт емей, немене? Шөп тіптен шақ келер емес. Ауылда менің үйімде ғана шынжырлы трактор бар, сонымен далада қалған аз ғана шөмелелерімді жиыстырып алып келдім. Оның қашанға жететіні тағы белгісіз», деп қынжылды отағасы.

Өңірлік ауыл шаруашылығы бас­қармасындағылар аймақ бойын­ша алаңдатарлықтай ахуал жоқ деп отыр. Мекемедегі бөлім басшы­сы Қайырболат Байсариновтің мәліметінше, облыста 83,5 мыңдай жылқы бар. Ақтоғай ауданында он шақты жылқының шығын бол­ғаны туралы деректер расталды. Об­лыстың тұрақтандыру қорында сақ­талып тұрған 5 мың тонна мал азы­ғынан аудандарға жемазық бөліп, өңірлерде жедел штабтар құрылып, күн сайын мәліметтерді жеткізіп отыр екен.

Атап өтерлігі, сәрсенбі күні Мә­жіліс депутаты Нұржан Әшім­бетов «Amanat» партиясы фракциясы­ның депутаттарының атынан Үкі­метке депутаттық сауал жолдады. Онда халық қалаулысы Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малының өлу оқиғалары орын алып отырғанын хабарлады.

«Өткен жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірде егіндік жерлер ғана емес, шабындықтар да зиян шекті. Сондықтан бүгінде жем-шөптің аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау қиын болып тұр. Соған орай облыстарда жедел штабтар құрып, қажет болса, жергілік­ті аумақтарда төтенше жағдай жариялауды сұраймыз. Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-тү­лік корпорациясының» жемшөп қор­ларындағы жемшөпті де пайдалануды ұйымдастыру керек. Бұған қоса мал тебіндейтін жерлердегі қар бетін бұзу үшін механикалық өңдеу жасауға көмек көрсетілсін», деген мәселе көтерді Н.Әшімбетов.

«Жұт жеті ағайынды» дейді халқымыз. Ел шетіне жұттың бірі ілінсе, өзгесі ілесе жүретіні айқын. Осыдан бір мүшел бұрын, 2012 жылы облыста жылқының жаппай қырылғанына куә болғанбыз. Қоян жылының соңы жақсы болмайтындай. Табиғаттың қолайсыз құбылыстары үдейе түссе, күні мал­ға қарап отырған ауылдағылардың халі мүшкілдене бермек. Ендеше, жауапты органдар қазірден бастап атқа қонып, ауылдағы жұртқа қол­ұшын беруі керек. Ықтимал апаттың алдын алсақ игі.

 

Павлодар облысы