Басылым • 15 Ақпан, 2024

Бізге құнды Бичуриннің кітабы

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған саяси және экономикалық-әлеуметтік өзгерістер баспа мен баспасөздің дамуына айтарлықтай әсерін тигізді. Өйткені елімізге сол ғасырда арнайы экспедициямен келген түрлі шетелдік ғалымдар, ақын-жазушылар, саяхатшылар, зерттеушілер аз болған жоқ. Солардың ішінде әйгілі орыс ғалымы Никита Бичуринді ерекше айтуға болады.

Бізге құнды Бичуриннің кітабы

Шығыстанушы ғалымның «Ежелгі дәуірде Орталық Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» атты кітабы өз заманында ұзақ уақыт сирек кездесетін библиографиялық еңбек деп бағаланды. Бүгінге дейін бұл туынды тарихшылар үшін құнды дерек көзі саналады. Себебі онда ежелгі дәуірдің тарихы барынша шынайы жазылған.

Содан болса керек, кезін­де­­ Н.Н.Мик­­лухо-Маклай атын­да­ғы­ Этно­гра­фия институты кітаптың ма­ңы­зын ескеріп, оның жарық көргеніне 100 жыл толуына орай 1951 жылы тарихи жинақты қайта басып шығарды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы кітап мұражайында осы еңбек сақталған.

Кітап мазмұнына қажетті нақ­тылаулар енгізіп, бірінші басы­лым­ның қателері түзетіліп, дерек­көздерге сілтеме жасалып, түсініктеме берілді. Қытай дереккөздерінен алынған деректер аудармасымен көрсетіліп, оның ішінде тайпалық, географиялық атау­лар, тарихи және арнайы терминдер қоса ұсынылды.

апр

Негізі, Н.Бичуриннің ұлты – чуваш. Чуваштар түркі тектес халық бол­­ға­нымен православие дінінің бір тар­ма­ғын қабылдағандықтан, олардың тілінде орыс және угро-фин тілдерінің әсері көп байқалады.

Айтулы ғалымның аталған еңбегі көрнекті жазушы Әкім Таразидің аудар­масымен қазақ оқырманда­рына жетті. 2008 жылы «Аударма» баспасынан «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» деген атаумен жарық көрген кітапта тарихи деректер мен танымдық мағлұмат өте мол. Өйткені ғалым Орта Азияны мекендеген халықтардың мыңдаған ғасырдан бері сақталған салт-дәстүрінен басталған тарихты жазып қалдырған. Жазушы Ә.Тарази оны көркем әрі жатық аударған.

1923 жылы көрнекті түр­ко­лог ғалым Б.В.Бартольд: «Бичу­­рин­нің еңбектері тұтас бір ғылыми зерттеу институтының ондаған жылғы зерттеу еңбегіне пара-пар», деп баға берген.

Өмірінде қиянаттан көз ашпаған ғалымның еңбектері әлі күнге дейін тиісті бағасын алған емес. Ол Орта Азия­­ны мекендейтін халықтардың шынайы тарихы Қытай жылнамаларында өте анық жазыл­ған­дығын баяндаған. Сон­дай-ақ ел арасындағы көне аңыз­дар­дың шығу тарихы, қисса-дастандардың бас­тау негізі осында берілген. Кіндік Азия мен Оңтүстік Сібірдегі жер атау­ла­­рының тарихи негіздері және көк түрік ұғымының пайда болуы мен оның ғы­лыми термин болып қалыптасуы тура­лы да тың дерек көрсетілген. Қытай жылнамашыларының тарихи дерек­терді жазу ерекшелігі қазіргі еуро­па­лық­тардың тарихты жазу ереже­сіне еш ұқса­майды.

Қысқасы, шығыстанушы ғалымның бұл еңбегі тарихымызды тереңнен тану­ға темірқазық болатын бағалы еңбек.

 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,

Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері