Пікір • 15 Ақпан, 2024

Цифрландыру сақтандыруды дамытады

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы сақтандыру саласы технологиялық өзгерістерге бейімделіп жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда салалық белсенділік 2,5 есе өсті. 2023 жылдың екінші жартысында сақтандыру нарығының көлемі 2,4 трлн теңгені құрады. Қазір ел көлемінде сақтандыру сыйақыларының көлемі 2,5 еседен артып, 577,8 трлн теңгеге жетсе, сақтандыру шарттарының кө­ле­мі екі есе өсіп, 9,3 млн-ға ұлғайды. Оның 86 пайызы жеке тұлғалармен жа­салған. Соңғы 5 жылда сақтандыру төлемдерінің көлемі 2,5 есе өсіп, шамамен 141 млрд теңге болды.

Цифрландыру сақтандыруды дамытады

Сақтандыру нарығы өсімінің негізгі факторы жеңілдетілген автонесие және ипотекалық несиелендірудің мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру екені белгілі. Сонымен қатар саланы цифр­ландыру үрдісі де жанама түрде дамуға әсер етті. Қазір сақтандыру нарығында цифрландыруды дамытудың 3 бағыты бар: Insurtech, Regtech және Suptech. Егер RegTech және SupTech қадағалау мен реттеуді цифрландыруға қатысты болса және оны негізінен сақтандыру ұйымдары сезінсе, онда Insurtech тұтынушы мен сақтандырушы арасындағы тікелей қарым-қатынасты цифрландыруға бағытталған.

Сақтандыру нарығында 25 компания бар. Олардың 90 пайызына үйден шықпай-ақ онлайн сақтандыру полистерін ұсынуға мүмкіндік берілген. Автокөлікті сақтандыру, пәтерді сақтандыру, өмірді сақтандыру, саяхатты сақтандыру немесе медициналық сақтандыру болсын, кез келген полисті онлайн тіркеу қазір бірнеше минутты алады. Ал қашықтан төлегеннен кейін сатып алушының электрондық пош­тасына құжат жіберіледі.

Биылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған цифрлық инновациялардың бірі жазатайым оқиғадан кейін сақтандыру төлемін жылдам алу құралы – Еурохаттама болды. Оның көмегімен жол-көлік оқи­ғасына қатысушылар енді полиция ша­қырмай-ақ, сондай-ақ сот органдарының қатысуынсыз жазатайым оқиғаны реттей алады. Еуропалық хаттаманы мына жағдайларда қолдануға мүмкіндік бар:

  • ЖКО қатысушылары жарамды сақтандыру полисі бар 2 жүргізуші болса;
  • Жазатайым оқиғадан келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен аспаса (369 200 теңге);
  • Жазатайым оқиғаға қатысушылар кімнің кінәлі, кімнің жәбірленуші екенін өз бетінше анықтап, келіссе;
  • Жазатайым оқиға үшінші тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян кел­тірмесе.

Қазақстандағы барлық жол-көлік оқиғасының 40 пайызға жуығында келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен (369 200 теңге) аспайды, сондықтан бұл механизм көптеген көлік иесіне жеңіл жазатайым оқиғаларды тіркеуді жеңілдетеді. Жаңа қызметтің тағы бір артықшылығы – көлік кептелісін азайту. Енді полиция қызметкерлерін күтудің қажеті жоқ. Мәселенің бәрін өзіңіз шеше аласыз.

Сондай-ақ сақтандыру компаниясы жол-көлік оқиғасының әрбір қатысу­шысына (жыл сайын 200 мыңнан астам жүргізуші жол-көлік оқиғасына ұшы­райды) сақтандыру өтемақысын қағаз­бастылыққа ұрынбай және жылдам алу мүмкіндігін беруді көздейді. Бұл сақ­тандыру төлемдерін реттеу үдерістерін цифрландыру арқылы ғана мүмкін болды. Биыл сақтандыру компаниялары саланы цифрландыруды жалғастыруды жоспарлап отыр. Мысалы, Freedom Insurance ерікті автокөлікті сақтандыруды цифр­ландыру бойынша жұмысты жалғастыра береді. Цифрландыру және жасанды интеллектіні пайдалану Freedom Finance-ке өткен жылы сату көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік берді. 2023 жылы компания активтерін 100 млрд теңгеге дейін ұлғайтты (2022 жылдың соңында – 33,65 млрд теңге). Жыл ішінде меншікті капитал 5,27 миллиардтан 20 миллиардқа дейін өсті. Компанияның сатылымы бір жылда екі есе көбейді: 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша олар 21,5 миллиард теңгені құрады.

 

Азамат КЕРІМБАЕВ,

сарапшы