Пікір • 15 Ақпан, 2024

Салалық банк қажет

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы мен ауылды өркендетуге қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Соның ішінде ауылдарды жайылыммен, сапалы ауызсумен қамту мәселелерінің әлі де болса шешім таппай отырғанын орынды айтып өтті.

Салалық банк қажет

Президент ауыл шаруашы­лығы саласын дамытуға екі есе қаржы бөлу керек деді. Мемлекет ауыл шаруашылығын ешқашан қолдаусыз қалдырған емес. Бірақ Мемлекет басшысының кейінгі жылдары үрдіске айналып бара жатқан қуаңшылық пен қымбатшылықты ескере отырып қабылдаған оң шешімі шаруалардың еңсесін көтеріп тастағаны шындық.

Өткен жылдың ауыртпалы­ғына қарамастан, биыл өңір шаруашылықтарына түгел жете­тін тұқым бар. Шаруалардың бәрі алдағы көктемде қалай болса да дән себуге дайын отыр. Ауыл адам­дары төзімді, шыдамды, тех­никасын балғамен де жөндеп жүре береді, бәрі шебер. Ең бас­тысы, биыл себілетін тұқымның сапасын ай сайын тексеріп отыру керек. Сапасыз бидайды тұқымға жібермеген дұрыс. Тұқым дұрыс болса, күз берекелі болады.

Субсидия ережесі де жыл сайын өзгереді. Шаруалар шаршады. Осыдан 10 жыл бұрын агробанк ашу керек дегенді айтып едік, ол әлі жоқ. «Даму», «Аграрлық несие корпорациясы» секілді толып жатқан неше түрлі қаржы институттарының басын біріктіріп, бір банк ашса, одан артық ештеңе керек емес.

Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімінің түсімін көтеру туралы ойы көптің көңілінен шықты. Осы орайда айтарым, ол үшін тыңайтқыш мәселесін шешуді мықтап қолға алу керек. Тыңайтқышты арзандатып, шағын шаруалардың да қолы жететіндей ететін амалдарды қарастырған жөн. Өнімді тыңайтқыш көтереді. Мысалы, Батыс елдері тыңайтқыштың арқасында жоғары өнімге қол жеткізіп жатыр. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен жер­гілікті атқарушы билік осы мәселеге назар аударғаны жөн.

Көзімізді ашқалы ауыл ша­руа­шылығы саласында еңбек етіп келдік. Сондықтан ауылды көркейту үшін, ең алдымен, инфрақұрылымды жақсарту керек. Кейінгі жылдары ауыл-ауылға ауызсу құбыры тартылып, жолдар салынып, қыруар шаруа атқарылып жатыр. Алайда ауыл­ға газ келмей, жағдай тұрақ­талмайды, адамдар көше береді. Қандай жағдай жасасақ та кете береді. Осы мәселенің де басшы­лардың қаперінде жүргені дұрыс.

 

Сайран БҰҚАНОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

 

Қостанай облысы,

Меңдіқара ауданы,

Қарқын ауылы