Пікір • 15 Ақпан, 2024

Жол қадірін жүрген білер

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл мен қала арасындағы дамыл таппайтын қарым-қатынаста қара жолдың маңызы зор. Алайда тіршіліктің күретамырына айналған жол сапасы әлі күнге көңіл көншітпейді. Айта-айта жауыр болған аспантау аясындағы Райымбек, Кеген аудандарына апаратын асфальттың «жыры» бүкіл елге мәлім.

Жол қадірін жүрген білер

Фото: ru.sputnik.kz

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол мәселесіне айрықша көңіл бөлді. «Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың барлығы сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес», деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жағдайы мәз емес жолдың бірі – жоғарыдағы шекаралы аймаққа жеткізетін «Алматы-Кеген-Түп» бағытындағы рес­публикалық маңызға ие ойдым-ойдым жолдан жолаушы жүйкесі түгілі, тоң­қаң­даған көліктің де темірі тозып болды. Темір­дің тозғаны былай тұрсын, сапасыз жол талайдың тағдырын тас-талқан етіп, дәм-тұзын тауысты. Таулы өңір тұр­ғын­дарының жанайқайына халық қалау­лы­лары да қарап қалмай, өзіндік үн қосып келеді.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан Көлік министрі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік басшысына жолдаған депутаттық сауалында сапасы сын көтермейтін жолдың бүгінгі ахуалын атап айтты. «Бұған дейін де Мемлекет басшысы Қазақстандағы жолдарды «құрақ көрпеге» теңеген еді. Әлі күнге дейін жол саласында салғырттықтар аз емес. «Жол азабын жүрген біледі», осы орайда сол азапты күндерді бастан кешіп жатқан Алматы облысы Кеген, Нарынқол, Ұйғыр аудандарындағы елдің жанайқайын жеткізгім келеді. Бұрын да айтқанмын, тағы да айтуға тура келіп тұр. Өйткені нәтиже жоқ», деген мәжілісмен сапасыз жол салып, миллиардтарды желге ұшырған «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясын сынға алды.

Жолаушылар төзімін тауысып, сыздауықтай солқылдатып тұрған жол мәселесіне Мемлекет басшысының баса назар аударуы, депутаттардың қозғау салуы жылдар бойы жанға батқан мәселелердің түйінін тарқатуға, өңіріміз­дегі жол жағдайының жақсаруына ықпалы тиер деген үміттеміз.

 

Сабыр ДОСЫМБЕКОВ,

Кеген аудандық ардагерлер

кеңесінің төрағасы

 

Алматы облысы