Үкімет • 16 Ақпан, 2024

Жергілікті қамту мәселесі талқыланды

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесті.

Жергілікті қамту мәселесі талқыланды

Тараптар жаңа өндіріс нысандарын іске қосуды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергі­лікті қамту үлесін ұлғайтуды, мұнай-газ саласы мен мұнай химиясын дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысын талқылады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республикада ауқымды экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Олар ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 6%-ға және одан да жоғары өсімін қамтамасыз етуге тиіс.

«Үкімет инвесторларға инвестиция­лық жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайды және қажетті қолдау көрсетеді. Өз кезегінде біз серіктестерімізден жергілікті әлеует­ті барынша пайдалануды, технологиялар трансфертін, шикізатты терең өң­деу­ді көздейтін бірлескен жоспарларды уақ­тылы іске асыру бойынша белсенді іс-қи­мылдарды күтеміз», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Теңіз кен орнында сағалық қысымды басқару және болашақ кеңейту жобаларының сәй­кесінше 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Сонымен қатар Премьер-министр Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеруге үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл ретте мұнай мен конденсат өндіруді жылына ең кемі 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру – негізгі басымдық.

«Қарашығанақта қуаты жылына 4 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру туралы тұжырымдамалық шешім кен орнының болашақ дамуы үшін маңызды екенін атап өткім келеді», деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр экономикалық саясаттың басым­дық­тарының бірі жергілікті қамтуды дамыту екеніне назар аударды.

«Операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынас қажет. Бұл ретте егер елде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда біз осы өндірістерді алдағы 2-3 жылда Қазақстан аумағында локализациялау жөніндегі нақты жоспарларды көргіміз келеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты қайта қарауды өтінемін», деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Дерек Магнесс «Шев­рон» компаниясының Қазақстан­мен бар­­лық мүдделі бағыт бойынша ын­ты­мақтастықты нығайтуға әзір екенін растады.

«Біз бірге жұмыс істеп, арадағы серік­тестікті дамытуға мүдделіміз. «Шеврон» Қазақстанның экономикасын дамыту үшін жұмсалып жатқан күш-жігерді қолдайды. Бүгінде инвес­ти­циялар мен жаңа жобалар үшін жақсы жағ­дайлар жасалып жатыр. Өзара серік­тес­тікке негізделген болашақтағы даму мүмкіндіктерін көріп отырмыз», деді ол.