Таным • 16 Ақпан, 2024

Мағжан Жұмабаев: Өмір – от үстінде салынған көпір

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бернияз Күлеев, Мағжан Жұмабаев ойларын ұсындық.

Мағжан Жұмабаев: Өмір – от үстінде салынған көпір

Фото: Egemen.kz

(XX-XXI ғғ.)

Сұлтанмахмұт Торайғыров

1) Сөзің – өзің.

2) Дүние – қызықтырған қызыл киік,

Бар адам қуған соны көңілі сүйіп.

Көпшілігі далақтап жете алмай жүр,

Азшылығы кенелген қолға тиіп.

3) Дүниеде қызық бар ма өлмегендей.

4) Тарих ғылымының пайдасы алдыңғылардың жіберген қатесін кейінгінің қайталамауына көмектесетіндігінде жатыр.

5) Арманың болсын, арманға қоса дәрменің болсын.

6) Ар азығы дегеніміз – әділдік.

7) Адамды бақытты қылатын ар азығының ер жетуі.

8) Тау басында тұрғанды жарға итерме.

9) Өлер жерден кеттік біз!

Осы күнге жеттік біз!

Жасайды алаш, өлмейміз!

 

Бернияз Күлеев

1) Көңіл – дария, ой – дауыл.

2) Бүйтерін кім біліпті бұл жалғанның,

Сендім де, ал дегенін қабыл алдым.

Жолымнан жауыз тағдыр жаңылдырды,

О, дүние ай! Мезгілімнен қапы қалдым.

 

Мағжан Жұмабаев

1) Осы күні түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.

2) Ердің елге бағасы – қаны бір болуынан емес, жаны бір болуында.

3) Алтын үміт үзілді, тәтті қиял бұзылды.

4) Өмір – от үстінде салынған көпір.

5) Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па!

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)