Футбол • 19 Ақпан, 2024

«Ордабасы» мен «Тобыл» – финалда

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін де біз Қазақстан Футбол федерациясы (ҚФФ) жаңа маусым қарсаңында отандық клубтар арасында турнир ұйымдастырылғалы жатқаны жөнінде жазғанбыз.

«Ордабасы» мен «Тобыл» – финалда

Жүлде қоры 100 млн теңгені құрайтын сол доп додасы басталып та кетті. Түркияның Билек қаласындағы «Титаник Делюкс» стадионында ел чемпионы «Ордабасы» мен Бірінші лиганың жеңімпазы «Елімай» кездесті. Осы ойында шымкенттіктер семей­ліктердің қақпасына жауапсыз төрт доп соқты – 4:0. Бұл голдардың авторлары – Сергей Малый, Асхат Тағыберген, Владислав Васильев және Всеволод Садовский. Көп кешікпей Премьер-лиганың қола жүлдегері «Ақтөбе» мен Қазақстан кубогінің иегері «Тобыл» жасыл алаңға шықты. Бәсеке барысында Ахмед әл-Мессауди мен Ислам Чесноков қостанайлықтарды екі мәрте алға шығарғанымен, көп ұзамай ақтөбеліктердің сапындағы қос легионер – ресейлік шабуылшы Ыдырыс Умаев пен нигериялық қорғаушы Уче Анри Агбо таразы басын теңістірді. Одан кейін «Тобыл» қарқынын күрт күшейтті. Соның нәтижесінде сербиялық жартылай қорғаушы Игорь Иванович үшінші допты қақпаға тоғытса, кезінде Марокко құрамасының сапында ойнаған әл-Мессауди кездесудің соңғы нүктесін қойды – 4:2.

«Ордабасы» мен «Тобыл» арасындағы финалдық сайыс 21 ақпанда Астана уақыты бойынша 20:30-де өтеді. Осы турнирде бас жүлде алған команда 60 млн-ды олжаласа, екінші орынды иеленген ұжым 40 млн-ды еншілейді.