Тұлға • 18 Ақпан, 2024

Кенжеғали Сағадиев: «Ғылым мен білім – адами капиталдың негізі»

137 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда біз білім беру жүйесінің көрнекті рефор­маторларының бірі, қазақстандық жоғары мектеп пен ғылымды ұйымдастырушы Кенжеғали Сағадиевті сағынышпен еске аламыз. Ғалым-экономист, академик, педагог Кенжеғали Әбенұлы көзі тірі болса, биыл 18 ақпанда 86 жасқа келер еді.

Кенжеғали Сағадиев: «Ғылым мен білім – адами капиталдың негізі»

Ғалымның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Білімге ерте қадам басып, ғылымның да көкжиегіне ертерек бойлады. Қандай ауырт­пашылық кезеңде де жаспын деп жасымады. Мектепті үздік бітіріп, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекет­тік университетіне оқуға түсті. Сту­дент шағында универ­ситеттің атаулы стипендиясының иегері атанды. Жоғары оқу орнынан алған қызыл диплом болашақ ғалымды Мәскеуге жетелеп әкелді.

Кенжеғали Сағадиевтің өмірге деген биік парасатты қа­ғи­­даты ғылыми қызметте берік те адал реформатор әрі ин­но­ватор ұстанымына ұласты. Қол жеткізген жетістіктері – мыз­­ғымас табандылық пен қа­жымас шығармашылық ізде­ністің мәуелі жемісі.

Еліміздің білім беру жүйе­сінде жоғары мектеп пен ғы­лымның ұйымдастырушысы бола білген Кенжеғали Сағадиев экономист қана емес, тәжірибелі педагогтігімен де дараланды. Ғалымды әрқашан ерекше болмыс-бітімі, ұлттық рухы биік­тетіп тұратын. Ол батыстың бі­­лім беру стандарттарына на­­зар аударып, оқу үдерісін то­лығымен өзгертті. Реформатор басшы ескіліктен бас тартып, оқу орындарын дамудың жаңа сатысына көтерді. Оқу-әдістемелік кешендерді, кафедраларды жа­ңартып, мамандықтарды заман талабына қарай үйлестірді. Академик тек институтта мо­дульдік жүйені енгізу идеясына ие тұлға ғана болып қалмай, елімізде алғашқылардың бірі болып оқытуды ғылыммен және өндіріспен ұштастырды. Осылайша, жоғары білімге тың серпіліс әкеліп, оқу орындары жаңашыл қадамдар жасады.

Кенжеғали Сағадиев мемле­кетіміздің экономикасын жа­ңа­шыл бағытта дамытудың негізгі факторы – адами капитал, ол қазіргі қоғамның басты құн­дылығы екенін айқындап берді. Әлеуметтік өзгерістер мен инновациялар әлеуметтік капи­тал мен адами капиталдың әрекетінің тікелей бөлігі ретінде араларында орасан зор байланыс барын дәлелдеді. «Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті әр ел тек өзінің жер-суының, өндірісінің, жалпы эконо­микасының дең­гейі­мен ғана емес, сол елдің азаматтарының дүниетанымы, білімі мен білігі, іскерлігі, жаңашылдығымен, қорыта айт­сақ, адами капитал деңгейімен анықтай алады», деген еді ол.

Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде Кенжеғали Әбенұлының қызмет жолында жаңа көкжиектер ашылды. Жоғары оқу орнының оқу және ғылыми саласының дамуына, ең алдымен, адами ресурстарға баса назар аудара отырып, қыз­меткерлердің кәсіби білімі мен әлеуметтік жағдайын қолға алды. Ресурстарды тиімді жос­парлау мен дұрыс бөлудің нә­­ти­­­жесінде жаңа кафедралар мен институттар ашылып, инно­­ва­­циялық оқу жоспарлары әзір­ленді.

Кенжеғали Сағадиев елдегі ең ірі бес оқу орнын басқарды. Олардың қайсысындағы болсын қызметінде дамуға мұқтаж нәрсенің бәрін жетілдіре отырып, соңында бірегей із қалдырды. Көрнекті ғалым жасаған барлық жұмыс әлі де жаңа идеялар мен әзірлемелерді құрудың негізі және барлық шәкірттері – ізбасар зерттеушілер мен оқытушылар үшін үлкен мектеп болғаны анық.

Академик Ұлттық ғылым академиясының президенті болып істеген жылдарда жетекші академиялық қауымдастыққа жаңа өзгерістер енгізді. Бұл кезең еліміздің нарықтық эко­номикаға көшу жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, ағымдағы жағ­дайды ескере отырып, табанды да тәуекелді ше­шімдерге баруына тура келді. Сол кезде ғылымды көпшілікке насихаттай отырып, Кенжеғали Әбен­ұлы Қазақстандағы ғы­лыми кадрларды сақтау мен қолдауға баса назар аударды. Осы кезеңде ғылыми кадрлар тұрақтап, диссертация қорғауды ынталандыруға, ғылыми қыз­меткерлерді әлеу­меттік қол­дауға, зияткерлік мен­шікті қор­ғауға байланысты салмақты ше­шімдер қабылданды. Ол көр­некті ғалымдар мен талантты жастарға мемлекеттік сыйақы тағайындау сияқты игі істің бас­тауында тұрды. Отандық ғы­лымды дамытуға шын жү­ректен терең қы­зығушылық танытқан академик БҰҰ-ның Ұлттық ғылым академиясының қызметі жөніндегі сараптамалық комиссиясын өткізуге де бастамашы болды.

Ғылымды көпшілікке насихаттау мақсатында Кенжеғали Әбенұлы ғылым саласында адами капиталды сақтау мен дамытуды белсенді түрде қолдады. «Адами капитал және әлеуметтік алға даму – қоғамдастықтың күшті бірлігін қамтамасыз ететін ма­ңызды мәселе. Екі фактор да өз кезегінде әлеуметтік капитал тудыратын үдерістердің нәтижесі. Сондықтан әлеуметтік капитал адами капиталды құруға мүмкіндік беретін жеке ресурс болып саналады». Осындай қағиданы ұстанған ғалым өз зерт­теулерінде адами капитал білім мен адам ресурстарының арқасында пайда болатын капитал екенін дәлелдеді.

Ол өзінің ғылыми қызығу­шылығының барлық саласына көп уақыт пен күш-жігер жұм­сады. Жаһандану жағдайында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қосты.

Академик Кенжеғали Саға­диев III және IV шақырылым­дардағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, төменгі Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы міндетін атқарды. Сол жылдарда қаржы және банк салаларындағы халықаралық тәжірибені егжей-тегжей зерделей отырып, мем­лекеттік бюджетті жоспарлау әдіснамасын дамытуға баса назар аударды. Еліміздегі дағ­дарысты салаларға, кешенді мәселелерге байланысты ұсы­ныстарын жасап, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту ісінің маңыздылығын көр­сетіп берді. Фермерлік ша­руа­­шылықтарды, шаруа қожа­­лық­тарын біріктірудің өзектілігін алға тарта отырып, стратегиялық жоспарлаудың келешегін болжап берді.

Кенжеғали Сағадиев Халық­аралық бизнес уни­верситетін ашып, студенттердің шын мә­нінде маңызды практикалық білім алуымен қатар, ғылыми базаны қалыптастыру мен же­тілдіруді үйлестіре отырып, отан­дық білім беру жүйесінде тағы бір үлкен серпіліс жасады. Атап айтқанда, ол біздің елде «Ақыл-ой конвейерін» іске қосты. Оның мәні мынада – үздік студенттер үздік оқы­тушылардан білім алады, ғы­лыми қызметпен айналысады және жобаларды үнемі же­тілдіруге, батыл іске асыруға деген қызығушылығымен бөлі­седі.

Академиктің жетістіктері халықаралық аренада да жақсы танымалдылыққа ие болды. Ол құрған ғылыми мектепте ғұлама ғалым бастаған жұмысты одан әрі жалғастыратын көптеген жоғары білікті кадр тәрбиеленді.

Бүгінде көрнекті ғалым негі­зін салып кеткен ғылымның жаңа бағыттары отандық өндіріс­тің игілігіне айналып отыр. Мем­лекет тарапынан Кенжеғали Әбен­ұлының еліміздің ғылым мен білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Оның ардақты есімі халық жадында, тәуелсіз Қазақстан тарихында ел экономикасының жаңа­шыл бағытта дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі ретінде сақталады.

Жоғары мектеп пен ғы­лым­ның талантты ұйым­дас­тырушысы бола білген мемлекет және қоғам қайраткері Кен­жеғали Әбенұлы Сағадиевтің ғиб­ратқа толы өмір жолы жас ғалым­дарға, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала беретіні анық.

 

К.Сағадиев атындағы

Халықаралық бизнес университетінің ұжымы