Білікті мамандар шалғай өңірдегі өнер ұжымының қойылымдарымен танысты. Сондай-ақ жастарға ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеді.
Алатаудың баурайынан келген білікті мамандар апталықтың алғашқы күні Д.Урбанның «Тышқандар» ертегісі мен Р.Кунидің «Әзәзіл ақша» комедиясын тамашалап, қойылымның кем-кетігі мен ұнатқан тұстарына тоқталып, сахна шеберлігі, режисердің шешімі жөнінде өз пікірлерін айтты.
«Бүгінгі таңда шалғайдағы театр ұжымы қалай жұмыс істеп жатыр? Репертуарлық бағыты қалай? Спектакльдер қалай ойналып жатыр? Міне, біз осындай сұрақтарға жауап табу үшін бірталай жұмысты қолға алып жатырмыз. Жалпы, қазіргі кезде қазақ театрлары әлемдік театр контексінде үлкен белесті бағындыра алатынын көрсетіп отыр. Бағыт-бағдарлары да жақсы. Жастардың жаңа серпінмен алға басып бара жатқаны қуантады. Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының тынысынан да хабардармыз. Қара шаңырақты ұстап отырған өнер ұжымының да еңбегі зор. Алыс аймақтарда өнер шаңырағын ұстап тұру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені кадр мәселесін шешу, актерлер мен режиссерлерді жұмысқа тарту, оларды осында келуге қызықтыру, көрерменді баурап алу – оңай дүние емес. Театрдың тамыры бүлкілдеп соғып, спектакльдер қойылып жатыр екен. Енді бұл ұжымның алдында үлкен мақсат тұр деп есептейміз. Бұл – өнер шыңына шарықтап көтерілуге ұмтылыс жасайтын театр бәйгелеріне қатысу. Біз кейінгі он жыл уақыт көлемінде үнемі республикалық театрлар фестивалі қазылар алқасының мүшесі болып жұмыс атқарып келеміз. Театр фестивальдарына қатысып, өздерін көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді», дейді белгілі театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс.
Апталық аясында Арқалық театрының ұжымы Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», Г.Хугаевтың «Қара шекпен», Ә.Айтуардың «Туған күніңізбен, анашым!», А.Дударевтың «Кеш» спектакльдерін сахналады.
Қостанай облысы,
Арқалық қаласы