Саясат • 19 Ақпан, 2024

АЭХА: Қазақстан теңдігін қайтаруға мүдделі

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венада Словенияның төрағалығымен 17 достас ел тобының екінші кездесуі өтті. Бұлар – өңірлік топтарға кірмейтін, тиісінше Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басқарушы органдарына сайлау құқығынан айырылған елдер.

АЭХА: Қазақстан теңдігін қайтаруға мүдделі

Қазақстан СІМ баспасөз қыз­меті хабарлағандай, кездесу Атом энергиясы жөніндегі ха­лық­ара­лық агенттігі (АЭХА) Бас­­қару­шылар кеңесінің наурыз айын­дағы сессиясының алдында өтті.

Достас елдер тобының негізгі мін­деті – өңірлік топтарға кірмей­тін және тиісінше агенттіктің басшылық органдарына сайлау құқығынан айырылған АЭХА-ға мүше мемлекеттерді тиісті өңірлік топтарға кіргізу. Топ­тың мандаты 2023 жылғы қыр­күйекте Қазақстанның бастамасымен ұсынылған және басым көпшілік дауыспен қабылданған АЭХА Бас конференциясының қарарымен бекітілді.

Іс-шараға АҚШ, РФ, ҚХР, Канада, Ұлыбритания, Еуро­па­лық одақ елдері, Аустралия, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Кувейт, Әзербайжан, Оң­түс­тік Африка және басқа да мүше мемлекеттердің дип­ломатия­лық миссияларының ­басшылары қатысты. Қатысу­шылар Қазақстан, Израиль, Непал, Бах­рейн, Орталық Азия және Азия – Тынық мұхиты өңірінің елдерін қоса алғанда 17 мүше мемлекетті тиісті өңірлік топтарға әділ және жылдам кіргізудің ықтимал критерийлері мен қағидаттарын талқылады.

Өз сөзінде Қазақстанның Тұрақ­ты өкілі Мұхтар Тілеу­берді мүше мемлекеттердің өңір­лік топ­тардағы мүшелігін ілге­рілетумен айналысатын 8 өңір­лік топтың әрқайсысында бейтарап елдер­дің арасынан «фасилитаторларды» тағайындау туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Достас елдер тобының арасында кең қолдау тапты.

Дипломатиялық миссия­лар­дың басшылары өз сөзінде Қазақ­стан мен Словенияға АЭХА-да егемендік теңдікті қал­­пына келтіру мәселесін бел­сенді ілгерілеткені үшін алғыс айтты. Қазақстанның атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пай­далану саласындағы бел­сенді қызметі, оның ішінде Аустра­лиямен бірлесе отырып, биыл 20–24 мамырда АЭХА-ның Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына (ICONS-2024) төрағалық ету бойынша миссиясы ерекше аталып өтті.