Инновация • 19 Ақпан, 2024

Кәсіптің үдесінен шығу

184 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек», деген келелі ой айтты. Осы ойдың аясында «Өзгелерден жетік болу үшін озық ойлы ұлттың ұғымы қандай болуы керек, не нәрсеге назар аудармай жүрміз?» деген сұрақ туады.

Кәсіптің үдесінен шығу

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Индустрияның кемелденуіне мұқтаж заманда әр қазақ баласы технологияның қыр-сырын меңгеріп, сапалы білім алуы маңызды. Білім-ғылымның дамуы өркениеттің қарқынына тікелей байланысты. Кейінгі онжылдықта білім беруде алдыңғы мың жылдыққа тең көптеген өзгеріс болды. Өзгерістердің негіз­гі факторы – ғылыми-техникалық үде­ріс және қоғамдық цифрландыру. Цифр­лық технологияларды дамыту және телекоммуникациялық жүйелер, жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер, психология, санаға қонған білім таным­ды түбегейлі өзгертеді. Ұлттық, мәде­ниетаралық, жаһандық білімге ілесіп отыру да – өркениет кеңістігіндегі білім арасындағы шекараны бұзбақ. Де­мек озық ойлы ұлт озық мемлекеттің іргетасын қалайды.

Осы жаңа кезең шығармашылық, сыни және икемді ойлау, эмоционалды интеллектіні дамытумен байланысты жаңа кәсіби дағдыларды қажет етеді. Мәселелерді әділ бағалау және кешенді шешу, шешім қабылдау, басқалармен үйлестіру, қызмет көрсету бағыты да жаңа дәуір адамына сай. Бұл тізім Давос­тағы Дүниежүзілік экономикалық форумда белгіленген. Мемлекет басшысы да «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бас­таманы құптап, талапты жастарды әр кез қолдайтынын айтты. Жаңа леп туралы Президент былай дейді: «Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күту­дің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктің тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге Оңтүстік Африкадан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында «Илон Маск феноменін» қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлем­нің дамушы елдері болсын, қай жер­де жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қала­сыздар» деп айттым».

Бүгінде жүйеге көптеген жанашыл­дық енгізіліп жатыр. Мемлекет жаһан­дану заманына төтеп бере алатын өс­келең ұрпақтың заманауи қабіле­тін шыңдауға баса назар аударып жүр. Соның ішінде пәнаралық сипаты мол «Кәсіпкерлік және бизнес негіз­дері» пәні еліміздің мектеп пен колледж­дерінде оқытылып жатыр. Оны 2019 жылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі енгізді. Білім мен істің арасындағы алшақтықты жою мақсатында осы оқу бағдарламасын құрастырдық. Кәсібін адаспай тапқан, ел ісіне бел шеше кірісетін сапалы маман қалыптастыру мектептен бастау алады. Мысалы, Қостанайдағы колледжде қазақ тілінде білім алатын топ аштық. 100-ден астам студент жұмысшы мамандығын ана тілінде оқып жатыр. Яғни студент өзінің кәсібін үйреніп қана қоймай, оны қалай жетілдірудің және шағын бизнес көзін ашып, әрі қарай үлкен кәсіпке айналдырудың жолын үйренеді.

Жақында ғана Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «еліміздегі оқушылардың оқу сауаты тө­мендеп барады» деген пікір айтты. Бұл жастардың білікті маман бо­луы­на айтарлықтай қауіпті. Осы мәсе­ле­нің алдын алу үшін көшбасшы елдер­дің тәжірибесін негізге ала оты­рып, Ұлттық бағдарлама әзірлеу ұсыныл­ды. «2023 жылдың желтоқ­санында біз ЭЫДҰ PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың жаңа әдісін алдық. Біздің мектеп оқушыларының нә­тижелері бойын­ша өсу динамикасының болмауы көңілге кірбің ұялатады. Кей­бір көр­сет­кіш бойынша жағдайдың нашар­лап бара жатқанын байқауға болады. Атап айтқанда, оқырмандық сауат­тың төмендеуі ерекше алаңдатып отыр. Біздің оқушылар өзге елдердегі қатарластарынан 3 жылға қалып барады. Жалпы, оқу сауатының төмендеуі жүйелі мәселелерді көрсетеді. Ол бүгінде оқу­шы­лардың әлеуметтік желі­лерге тым әуес екенін білдіреді», деді Сенат спикері. Осыған қатысты жеке тәжірибеммен бөлісетін болсам, «Кәсіпкерлік және бизнес негіз­дері» оқу бағдарламасы аясында бала­ларға арналған арнайы топтарды ашып, колледжде жұмысшы мамандарды оқы­тып, оқулықтармен қам­тамасыз етіп келеміз. Яғни «Soft skills» дағдыларын қалып­тастырып жа­ты­р­мыз. Ол үшін арнайы бизнеске арналған кітаптар қорын да дайын­дадық. Одан қалды оңтүстік өңірдегі оқушыларды да осы бағыт бойынша оқыту ойымызда бар. Жоба бойын­ша ірі компаниялар студенттерді таң­дап алып, оларды қайта даярлайды.  Кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, инно­ва­циялық білім ұсынбасақ, мәселе ушы­­ғып кетеді. Оқыту барысында біз геймо­фикация әдісін қолданамыз, яғни Z ұрпақтың тек сол арқылы әр нәрсеге қызығушылығын арттыруға болады. Оқу бағдарламасы жасөспірімнің психоло­гиясына, жас ерекшелігіне бағытталған. Бұл пәнді оқыту аясында тек бизнеспен айналысу дегенді білдірмейді, ізденгіштік қасиеттерін және өнертапқыш, оқуға деген қызығушылығын арттыру дегенді білдіреді.

Оқыту бағдарламасының авторы ретінде бизнес өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеу маңызды екенін айтқым келеді. Қазір қарқынды жұмыстың нәти­жесі де біліне бастады, халық көңілін өсіріп отыр. Мемлекет тарапынан барлық жағ­дай жасалған, бірақ жаhандану заманында кәсіпкерлер өз тәжірибесін мобильді түрде бөлісе алуы керек. Ха­лық­аралық тәжірибені зерттей келе, осы тұжырымның жеміс беретінін түсіндім. Мысалы, Дания мемлекетінде кәсіпкерлікті білім беру саласында балабақшадан бастайды екен. Бастамаға бизнес өкілдері де мемлекеттен тыс белсенді араласады. Үкіметтің Данияны жетекші кәсіпкерлік қоғамға айналдыру мақсаты 2006 жылы жаһандық экономикадағы стратегияны әзірлеуінен басталды. Дания кәсіпорындары мен мемлекеттік органдар әлемдегі ең жаңашылдардың бірі болуы керек деген талап қойылды. Тіпті кәсіпкерлікті оқытатын қор да құрылды. Қор ұлт­тық үйлестіру және қолдау арқылы кәсіп­керлікке оқытуды қолдайтын тұрақ­ты инфрақұрылым ретінде жұмыс істейді. Оқу бағдарламалары, кәсіпті дамы­ту, таланттарды тану, білімді тарату, халықаралық бастамаларға қатысу және жал­пы кәсіпкерлік мәдениетті қалыптас­тыру сияқты түрлі міндет басты орын­ға шықты. Бұл үрдіс бізге де керек.

Жұмысшы мамандықтарға жіті көңіл бөлінуі шарт. Біз айтып отырған пән аясында мықты идеялары бар жас­­тар­ды анықтауға мүмкіндік бар. Елі­­міз­де біршама бизнес өкілі түрлі жо­ба­ға белсене араласады. Бірақ нақ­ты ел есінде қалатын инновациялық идея­­ларды қол­дап, іске асыру жағы ақсап тұр. Көбіне мұның бәрі тек ірі қала­ларда жүреді, шалғай елді мекендерде жоқтың қасы. Ал зерттеуші ретін­де айтсам, бұл туралы жалпыәлем­дік ғылыми теория бар. Йозеф Шум­петер: «Инновация – кәсіпкерліктің туын­дысы, ал кәсіпкер инновацияны жасаушы», дейді. Ол «инновациялық үде­ріс» ұғымын қалыптастырып, ғылы­ми айналымға енгізді. Мұндағы бизнес және кәсіпкерлік ұғымдары екі түр­лі мағына береді. Кәсіпкерлікті өн­діріс факторларының жаңа комбинацияларын құруға байланысты ин­но­вациялық-экономикалық және ұйым­дастырушылық қызмет деп түсінсек, ал бизнес – пайда табуға бағытталған қазірдің өзінде қалыптасқан экономикалық құрылым. Біздің елімізге тек бизнесмендер емес, кәсіпкерлер де қажет. Сол мәселені шешу көздері жоғарыда жазылған пәнде жатыр.

Әлихан Бөкейханның «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпасақ, керек-жарақты осы заводта істетпек» деген сөзі бар. Бұл сөздің осы кезеңге де қатысы бар. Біз әлі де кәсіпорындарға мұқтажбыз. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы да қазақ жастары технарь болуға тиіс деген ойын айтқан болатын. Осы олқылықтың орнын толтыруға жоғары аталған оқу бағдарламасы титтей де болсын септігін тигізе алады. Біздің елде жұмысшы мамандықтарға «төменгі санаттағы» мамандық деп қарайды. Ал дамыған елдер кәсіптік-техникалық білім беру сапасына баса назар аударады. Міне, экономикадағы айырмашылық осы жерден шығады. Еліміздегі кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының маңызды талаптарына сәйкес келмей жатады. Қазіргі кезде дамыған елдер қатарынан ойып тұрып орын алу үшін нарық пен өндіріске қажетті білікті кадр даярлап, техникалық және кәсіптік білім беруді жүйелеуіміз керек. Германияда 10 күн жүріп, 8 қаланы аралап, жұмысшы мамандықты оқытатын колледждерді зерттедім. Ол жақта мамандар жан-жақты, цифрлық тұрғыдан дамыған. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында атап өткендей, біз кәсіптік білім берудің барлық жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қалыптастыруға қайта бағыттауымыз керек. Кәсіпкерлердің жаңа толқынын даярлау күн тәртібінде. Сондықтан да «Кәсіпкерлік негіздері» пәні білім берудің барлық деңгейінде зерделенуге тиіс. Осыған байланысты мектеп қабырғасынан қалыптасуға тиіс жас кәсіпкерлерді тәрбиелеу маңызды міндет болып қала береді. Білім беру мекемелерінде базалық білім алып, дағдыларды үйреніп қана қоймай, өздерінің дүниетанымдық ұстанымдарын қалыптастырып, қа­рым-қатынас жасауды және командада жұмыс істеуді, шешім қабыл­дау­ды, жауапкершілікті өз мойнына алу­ды үйренуі қажет. Осының бәрін «Тәлім­гер» қорының «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу бағдарламасына енгіздік. Мақсат – кәсіпкерлік білім беру саласындағы сапаны жақсарту, мұға­лімдерге арналған оқыту курстары арқылы олардың бастамаларын жандандыру және қолдау, кәсіби қоғамдастық құру, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту. Тағы бір маңызды бағыт – экономика саласында ұлттық контентті дамыту. Яғни мемлекеттік тілді кәсіпкерлік пен өндіріске бейімдеу.

Біз жоспарлап отырған орталықтарда бейімділікті анықтап, кәсіпкерлік қабі­летті 11 жастан 18 жасқа дейін дамытуға болады. Жалпы алғанда, оқушыларға озық ойлы ұлттың ұғымын барынша сіңіруге жұмыс істейміз.

Хаос теориясында «Көбелек қана­тын қақса, әлемнің екінші бөлігінде дауыл ­тууы мүмкін» деген ұғым бар. Яғни кіші­гірім өзгерістер үлкен массивтік эффект тудыруы мүмкін, әр істің салдары болады. Бұл ұғымды Эдвард Лоренц алғаш рет 1973 жылы ғылымға енгізген. Дәл осылай кішігірім іс-әрекеттер әлемде жақсы немесе жаман өзгеріс тудыруы мүмкін. Бұл эффект мемлекет ісінде нақты көрініс табады. Озық ойлы ұлт ұғымын кәсіппен байланыстыра білсек, ел іргесі берік болып, талай асулардан кідірмей өтер едік.

 

Айгүл АХМЕТОВА,

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқу бағдарламасының авторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының докторанты