Құқық • 19 Ақпан, 2024

Қылмыстық істі тергеу өзгерістері

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Енді қайта қылмыс жасағандар алғаш рет сотталғандармен бірге отырмайды. Бүгінде құзырлы орган 6 мыңға жуық сотталушыны осы қағидамен жекелеген абақтыға көшірген. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Жиында басқа да бірқатар маңызды мәселе көтерілді.

Қылмыстық істі тергеу өзгерістері

Іс-шара Әмбебап кезеңдік шолу ұсы­нымдары мен тергеу-қамауға алын­ғандардың, сотталғандардың конс­титуциялық құқықтарын және оларды пенитенциарлық мекемелерінде ұстау шарттарын қамтамасыз ету жөніндегі Ішкі істер министрлігінің қызметін талқылауға арналды. Отырысқа Әділет министрі Азамат Есқараев, Бас прокурор Берік Асылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, Азаматтық альянс президенті Бану Нұрғазиева, Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдар, мем­лекеттік органдар, адвокаттар алқасы, адам құқықтарын соттан тыс қорғау жөніндегі басқа да мекемелер, білім беру ұйымдары, халық және бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық және өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиында комиссия төрағасы Игорь Рогов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнін­дегі кеңесінде басқа мемлекеттердің Әмбебап кезеңдік шолу рәсімінен өту тәртібін сөз етті. Ол Әмбебап кезеңдік шолудың бірегей механизм екенін атап өтті. Ал Әділет министрі ӘКШ аясында қолдау тапқан 214 ұсынымның орындалу барысы туралы айтты.

«Кейінгі бірнеше жылдың ішінде елде БҰҰ ұсынымдарының басым бөлігін жүзеге асыруға мүмкіндік берген құқықтық реформалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін 214 ұсыныстың 30%-ы орындалды. Мәселен, өлім жазасын жою туралы хаттама ратификацияланды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл омбудсмен институты нығайтылды. Өңірлерде омбудсмен­нің өкілдері құрылды, қаржылық тәуел­сіз­дік қамтамасыз етілді. Мүмкін­дігі шектеу­лі азаматтардың құқығын қорғауда да ілгерілеу бар. Яғни мүгедек­тердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттама ратификацияланды», деді Азамат Есқараев.

Жалпы, Қазақстан БҰҰ-ның тиісті шарттық органдарына жүргізілген рефор­малар мен қол жеткізілген нәтижелер ту­ралы мерзімді ұлттық баяндамаларды жү­йелі түрде жіберіп отырады. Бұл баяндама­лар әйелдерге қатысты кемсітушіліктің, нәсіл­дік кедергілердің барлық нысанын жою туралы, азаптауларға және басқа да қа­тыгез, адамгершілікке жатпайтын не­месе қадір-қасиетті қорлайтын қа­рым-қатынас пен жаза түрлеріне қарсы, бала­ның құқықтары туралы конвенциялар­ды, азаматтық және саяси құқықтар тура­лы халықаралық пактілерді, БҰҰ конвен­цияларының ұсынымдарын іске асыру жөніндегі еліміздің экономикалық, әлеу­меттік және мәдени құқықтар бағы­тында қабылдайтын жоспарларын көрсетеді.

Талқылау барысында омбудсмен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты жүргізіп жатқан реформалар, адам құқықтары саласындағы отандық құжаттар туралы айтып, Ұлттық алдын алу тетігінің рөліне тоқталды.

«Қазақстанда ҰАТ мандатын алған 3 434 ұйым мен мекеме бар. 2023 жылы ҰАТ қатысушылары қоғамнан уақытша оқшаулау және бас бостандығынан айыру орындарын, әлеуметтік мекемелерді қам­титын 461 профилактикалық тексеріс жүр­гізді. Профилактикалық іс-шара­лардың қоры­тындысында уәкілетті органдарға 3 мың­нан астам ұсыным жіберілді. Өт­кен жылы бізге 5 мыңға жуық өтініш түсті, оның төрттен бірі қылмыстық қуда­лау органдарының әрекетіне қатысты. Тұр­ғын­дар көбіне тексеру актілерін алып қоюға қа­тысты шағымданады. Демек бұл – мә­селе, өйткені бұл үшін ешқандай сан­кция қажет емес. Осы мәселе бойынша жұм­ыс істеуді ұсынамын», деді Артур Ластаев.

Сондай-ақ елімізде қылмыстық істерді электронды форматта тергеу көрсеткіші 95 пайызға жетті. Қазір жылына 130 мыңға жуық іс электрондық үлгіде қаралады. Демек материалдарды бұрмалау, ондағы деректерді ауыстыру сияқты әрекеттердің бір­тіндеп жолы кесіліп келеді. Әрі барлық мүд­делі тараптың істі бірдей қарауы арқы­лы уақыт үнемделіп жатыр. Бұл – 2019 жылы басталған реформаның нәтижесі.

Кеңесте қолдау тапқан тағы бір ұсы­ным – жақында ратификацияланған бала құқықтары. Яғни Қазақстанда бала құқығы бойынша әділетсіздікке тап болғандар шағым түсіре алады. Ол үшін баланың заңды өкілі БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне арыз жазуға тиіс. Осылайша, баланың құқықтары халық­аралық деңгейде қорғалады.

Негізі Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері бас-аяғы 200-ге жуық норма ұсынған. Арасында тұтқындарды жұмысқа орналастыру мәселесі де бар. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазір түрмеде отырғандардың жартысына жуығы жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, кейінгі онжылдықта алғаш рет арнайы көлік, тексеру кешені мен ұялы байланысты тежейтін аппараттар сатып алыну жоспарланып отыр. Азаптаулардың алдын алу мәселелері және осы бағытта Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстар да кеңінен талқыланды.

«ӘКШ жекелеген ұсынымдарын имплементациялау және азаптау мен қатыгездікке қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты күшейту, сондай-ақ сотталғандар мен тергеу-қамауға алынғандардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде бірқатар нақты ұсыным енгізді. Бірінші рет сотталғандар мен түрмеге қайта түскен азаматтардың жазалау орындарын бөлуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл 80 пайыз қылмыскерді тұрғылық­ты жеріне орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай жаза басып, бірінші рет түрмеге түскендер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыға жабыла­ды. Ал бұрын істі болғандар қауіпсіздігі қатаң сақталатын мекемелерде жазасын өтейтін», деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Қожаев.

Айта кетейік, БҰҰ барлық мүше мемлекетті әр төрт жарым жыл сайын адам құқықтары саласындағы жағдайды сараптамалық бағалауға шақырады. Ендігі басқосу жоспарға сәйкес қазан айында өтеді.