Шаруашылық • 19 Ақпан, 2024

Ғарыштық суреттер арқылы егістікті бақылау: отандық фермерлер заманауи технологияны пайдалана ма?

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Agritech саласы (агротехнология) Қазақстанда 2020 жылдан бастап кеңінен тарала бастады. Бүгінде Қазақстан фермерлеріне ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі туралы ақпаратты қосымшадан автоматты түрде алып отыру мүмкіндігі бар. Egistic фермерлер қолданбасының негізін қалаушы Жандос Керімқұлов технология егістіктердегі проблемаларды шеше ала ма және фермерлерге қай жағынан пайда береді деген сұрақтарға жауап берді.   

Ғарыштық суреттер арқылы егістікті бақылау: отандық фермерлер заманауи технологияны пайдалана ма?

Қуат Әуесбай

Egistic - ауыл шаруашылығын басқарудың отандық ERP жүйесі, телефон арқылы егістіктердің жай-күйін бақылауға көмектеседі. Құрылтайшы компанияның атауын қазақшалап «егін алқабы, егіс даласы» мағынасындағы егістік сөзімен байланыстырып қойды. Әрине оны ағылшынша оқыса да екінші мағына шығады - E-GIS. Сервис қосымшасында егістікпен айналысушылар өсімдік жапырақтарындағы ылғал мен азот мөлшері, дақылдардың пісетін уақыты, арамшөптердің немесе аурулардың пайда болуы сияқты маңызды әрі қажет ақпаратты ала алады және оны алдын алуға жақсы мүмкіндік туады. Сонымен қатар техниканың жұмысын және оның нақты уақыттағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік бар, оған қоса әр егістікте дақылдар тарихын сақтауға, қоймалардағы қорларды қадағалауға оңай әрі ыңғайлы болады.  

Шаруалар барлық ақпаратты аэроғарыштық суреттерден алады: «Ғарыштық суретте инфрақызыл канал бар, ол жерден шағылысқан кезде фотосинтез процесінің тығыздығын көрсетеді. Бұл фермерлерге проблемалық аймақтарды анықтауға, егістік аналитикасын ретроспективада алуға және биылғы жылы қанша өнімге сенуге болатынын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сіз әртүрлі егістіктердегі егіс нәтижелерін салыстыра аласыз және осылай жақсы нәтижеге қандай технологиялар сізге жақсы әсер еткенін зерделей аласыз», деп түсіндірді Жандос Керімқұлов. 

Құрылтайшының айтуынша, бүгінде фермерлер үшін үлкен проблема - егістіктердің бүкіл кешенін бақылау. Орташа бір алқап 2*2 шақырым аумақты алып жатыр, олардың саны 20-30 бірлікке жетуі мүмкін. Технология үдерістерді едәуір жеңілдетуге және шешім қабылдауды тездетуге көмектеседі. Алқаптардың иесі кез-келген уақытта қосымшаға кіріп, техниканың қай жерде екенін, бір ауысымда қанша гектар өңделгенін көре алады. Қол еңбегі айтарлықтай босатылады, қара күшті басқа қажеттіліктерге бағыттауға болады. Мысалы, осындай қосымшаны пайдаланушылардың бірі 1 жыл ішінде ішінде шамамен 50 миллион теңге үнемдегенін айтты. 

Қызметті қазірдің өзінде 5000-нан астам фермер пайдаланады. Олардың көбі Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан екен. Біздің жүйе ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшылары, агробизнесмендер арасында да танымал. Компания басшысының айтуынша, кәсіпорындар бүгінде жаңа технологияларды енгізіп, уақытпен қатар жүріп дами беру керек. 

Болашақта технология аймақтағы су тапшылығы сияқты өткір проблемаларды болжай білетін болады және оны алдын алуға қатысты жолдарды көрсете алады. Мәселен, сервис өткен жыл фермерлер үшін өнімдік пен түсімдік тұрғысынан қиын болғанын көрсетті. Жазда жауын-шашынның жеткіліксіз болуы және күзде артық мөлшерде жауғаны өндірілетін өнім сапасының нашарлауына әкелді: «Егер бұрын фермерлер өз астығын 120-160 мың теңгеге сатса, бүгінде олар тоннасын 50-70 мыңнан сатады. Осындай қиын жағдайларға тап болмас үшін бүгінде фермерлер шаруашылықты басқарудың оңтайландырылған әдістерін пайдалануы керек».

Жандос Керімқұлов басында компанияның дамуына акселерация және инкубация бағдарламаларына қатысу оң әсер ететінін атап өтті: «Біз Kazakhstan Digital Accelerator-ға қатысқан едік. Бастапқы кезеңдерде сіз жалғыз немесе шағын командаңыз ғана болса және идеяны бірге жүзеге асыру, дұрыс бизнес-процесті құру, құжаттарды жинау, серіктестермен танысу қажет болған жағдайда, осындай белгілі жобаларға қатысу компания үшін трамплинге айналады, өсуге себепші болады.

Мысалы, біз Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелгенбіз. Мұнда тіркелгеніміздің басты артықшылығы – осы арқылы инвесторлармен мәміле құрып, келісімге келе алдық. Егер шетелдік инвестор сіздің компанияңызға инвестиция салғысы келсе, бұл Орталық сіз үшін барынша қауіпсіз юрисдикция саналады, өйткені мұнда инвесторлардың құқықтары мен компания құқықтарын қорғайтын әлем бойынша мойындалған жүйе жұмыс істейді. Өз мәмілелерін құрылымдайтын Қазақстанның көптеген стартаптары, менің ойымша, көп жағдайда АХҚО-ны таңдайды». 

Елдің ауыл шаруашылығы саласының сапасын жақсарту мақсатында Еgistіc қызмет қосымшасын кредиттеу және агроқұрылым бойынша финтех-сервиске трансформациялау жоспарланып жатыр. Барлық функциялар бір жүйеде біріктірілетін болады. Пайдаланушы бірыңғай платформа арқылы сақтандыруға немесе кредиттеуге өтініш бере алады, бұл жұмысты банктер мен қаржы институттары үшін ашық етеді: «Бүгінде біздің сервисте соған қосылған ашық кадастрлық деректер базасы бар. Біз де агроскоринг жүргізе аламыз, яғни белгілі бір пайдаланушының соңғы 5 жылдағы өнімділігі қалай өзгергенін, технологияның қаншалықты қарқынды қолданылатынын және т.б. ретроспективада көре аламыз», деп түсіндірді сервис жетекшісі. 

Компания басшысы банктердің агробизнесмендерге несие беруге немесе мемлекеттен қаржы алуға көбірек мүмкіндік беру үшін ақпараттың осы түрін қабылдауға дайындығын өзекті мәселе деп атады: «Қазақстан астығын сататын нарықтар болған Иран, Ауғанстан сияқты көптеген елдердегі сатуды бүгінде Ресей иеленіп отыр, сондықтан біздің ауылшаруашылық өкілдерін қорғау және экспорттық әлеуетті арттыру туралы ойлану керек». 

Компанияның басты жоспарына фермерлерге арналған супер қосымшалар бағытын дамыту кіреді. Оның ішінде маркетплейсті, техниканы жалдау ісін, консультацияларды, HR-сервисті және т. б. енгізу бар. 

Қуат Әуесбай