12 Маусым, 2010

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА

1223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Отанымыздың астанасында өтеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім сапасын көтеруге, талантты балаларға қамқорлық көрсетуге көп мүмкіндік жасап келеді. Соның бір айқын дәлелі, өзінің арнайы Өкі­мі­мен Білім және ғылым  министр­лігі жанынан “Дарын” респуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығын құруға ұйытқы болуы дер едік. Осы уақыт ішінде Ота­нымыздың дарынды балалары төрткүл дүниеде өтіп жатқан білім сайысына қатысып, жеңіс төрінен көрініп келді. Соның ең бастысы деп осыдан 51 жыл бұрын Румы­нияда тұңғыш рет оқушылар ара­сында математикадан болған ха­лықаралық олимпиаданы атауға болады. Бұл халықаралық математика­лық олимпиада (ХМО) жыл сайын ірі мемлекеттердің бірінде, жоғары сынып оқушыларының арасында болатын білім жарысы. Оның негізгі мақсаты – төрткүл дүниеде өмір сүріп жатқан елдердің дарын­ды жастарын анықтап, оларды ынталандыру, математиктер ара­сында достық қарым-қатынасты нығайту, әлемдік деңгейдегі оқу бағдарламалары мен оқыту тәжірибесінен ақпарат алмасуға мүмкіндік беру, математиканы жалпы ғылым ретінде дамытуға жағдай жасап, соған тірек болар жас ұрпақты баулу болып табы­лады. Бұл аталмыш олипиадаға біздің еліміз 1992 жылы бақылаушы ретінде қатысса, 1993 жылдан бері толық құқылы мүшесі болып есеп­телінеді. Бұл жарысқа Отанымыз­дан қатысқан 62 оқушының 8-і алтын, 17-сі күміс, ал 37-сі қола ме­дальға ие болған. Осы олим­пиаданы ұйымдастырудың басы-қасында жүрген “Дарын” орталы­ғының директоры Т.Битуованың айтуынша, олимпиаданың біздің елде өтуіне мемлекетіміздің ха­лықаралық беделінің өсуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, Отанымыздың жас дарындарының халықаралық математикалық олим­пиадада жеткен жетістіктері еске­ріліп, 2007 жылы олимпиаданы ұйымдастыру комитеті 2010 жылы болатын 51-ші білім сайысын Қазақ елінде өткізуге шешім қа­былдаған екен. 2009 жылы Гер­манияда өткен 50-ші олимпиадада Қазақстан ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет ең беделді интел­лек­туалдық сайыстың ту-эстафетасын қабылдап алған болса, енді, міне, осы олимпиадаға бір жылдан бері дайындық жүргізіп келеміз. Әлемнің барлық елдерінен 600-дей талапкер қатысады деп күтілуде. Ту-эстафетаны Отанымызға алып келгеннен кейін халықаралық олимпиаданы қарсы алу жөнінде арнайы он күндік белгіленіп, эстафета туы Президент Нұрсұлтан Назарбаев білім алған мектептен бастап таныстырылды. Қазір елі­міздің барлық аймақтарында бол­ған бұл ту олимпиада қарсаңында елордаға жеткізілді. Жақында халықаралық математикалық олимпиаданың консультативтік кеңесінің төрағасы, профессор Йозеф Пеликан елімізге келген еді. Білім және ғылым министрлігінде және өзге де мекемелерде болып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, Бурабайдағы “Бал­дәурен” оқу кешенінен, Алматы­дағы атқарылып жатқан жұмыс­тармен танысып, оның жоғары дәрежеде ұйымдастырылып жат­қа­нына дән риза екенін алға тартып, ең бастысы білім сайысының Тәуелсіздік сарайында ашыла­ты­нын білгенде талантқа құрмет көрсетудің үлгісі осындай болу керек, деп ағынан жарылды, – деді бізбен әңгімесінде орталық директоры. Сүлеймен МӘМЕТ.