Футбол • 19 Ақпан, 2024

Трансфер: 14 жылда – 25 млн еуро

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда отандық «Vesti.kz» сайты ел футболына қатысты қы­зықты мақала жариялады. Ол жерде 2010 жылдан бері Қа­зақстанның командалары транс­ферлік әрекеттер жүр­гізу арқылы қанша қара­жат жұм­сағаны жөнінде қызық­ты ақ­парат берілді. Енді сол ма­ғ­лұматтарға назар ауда­райық.

Трансфер: 14 жылда – 25 млн еуро

Кейінгі 14 жылда Қазақстан­ның Премьер-лигасындағы клубтар футболшыларды сатып алу немесе жалға алу мақсатында 25,039 млн еуро (қазіргі курс бойынша 12,271 млрд тенге) жұмсады. Ең көп шығындалған – «Астана». 2010 жылдан бері олар 13,731 млн-ды сарп етті. Мәселен, Данияның «Ко­пен­гагенінен» Пиерос Сотириуды және Словенияның «Домжалесінен» Не­манья Максимовичты өз қатары­на қосу үшін елордалық клубтың басшылары 2 млн еуроны шетелдіктер­ге шытырлатып тұрып санап берді. Нидерландтың «АЗ Алкамары» Дорин Ротариу үшін 1,5 млн сұрады. Ал «Астанаға» біресе келіп, біресе кеткен ганалық форвард Патрик Твумасидің бұрынғы клубтарының есепшоттарына елордалықтардың тарапынан 2,2 млн аударылды. Олардан бөлек, Ласло Кляйнхайслер (100 мың жалға + 750 мың трансфер), Марин Томасов (500 мың), Ян Вороговский (400 мың), Нұрбол Жұмасқалиев (400 мың), Макс Эбонг (250 мың), Фокси Кетевоама (70+120), Бахтиер Зайнутдинов (46 мың) және тағы басқа барлығы 23 аяқдоп шеберлері үшін «Астананың» бюджетінен 14 млн еуро бөлінді. Биыл қыста олар гвинеялық вингер Усман Камараны 350 мыңға сатып алды.

Қазақстан футболының флагманы «Қайратты» күшейтуді мақсат тұтқан олигархтар ақшаны оңды-солды шашты. Олардың шығыны – 7,87 млн еуро. 2017 жылы Георгий Жуков пен 2020 жылы Яцек Гуральски үшін Екатеринбургтің «Уралы» мен Разградтың «Лудогореці» 1 млн-нан сұрады. Олардың сұранысын алматы­лықтар толығымен қанағаттандырды. Сондай-ақ Еркебұлан Тұңғышбаев (870 мың), Штерли Мамба (700 мың), Маки Баньяк (500 мың), Гафуржан Сүймағамбетов (450 мың), Еркебұлан Сейдахмет (300 мың), Гүлжігіт Алықұлов (180 мың) және Виктор Васин де (100 мың) «Қайратқа» арзанға түскен жоқ.

Көп шығындалған клубтардың үштігін «Ақтөбе» түйіндеп тұр. Олар өзбекстандық Марат Бикмаев (500 мың), босниялық Дарко Малетич (200 мың), Қарағандының тумасы Аслан Дарабаев (200 мың), литвалық Артурас Жулпа (175 мың) және басқа да ойыншыларды өз қатарына қосуға 1,175 млн еуро жұмсады.

«Ордабасы» мен «Тобыл» да қымбат футболшыларды сатып алуға құмар. Шымкенттіктердің шығыны – 547 мың еуро. Босниялық жартылай қорғаушы Мирзад Механович үшін олар 2018 жылы 400 мыңды еш ойланбай төледі. Қостанайлықтардың шығыны – 535 еуро. 2010 жылдан бері «Тобыл» 10 аяқдоп шеберіне «құда түсті. Солардың арасындағы ең құндылары – Сенин Себай (Кот-д’Ивуар, 100 мың), Альберт Габараев (Ресей, 80 мың) және Эссьен Эдедема (Нигерия, 70 мың).

«Шахтер» 460 мың еуроға үш трансфер жасады. Осыдан 10 жыл бұрын олар аустралиялық Михрет Топчагичті 400 мыңға сатып алды. 51 матчта қарсыластар қақпасын 16 мәрте дәл көздеген жасыл құрлық­тың өкілі қарағандылық команданың жақсы нәтиже көрсетуіне біраз үлес қосты. «Ертіс» 381 мың еуроға шы­ғындалды. Ең қымбат трансфер – Боривое Филипович. 2010 жылы сербиялық шабуылшы 250 мыңға бағаланды. Бірақ бұл ақша желге ұшты десе де болады. Өйткені павлодарлық клубтың сапында жарты жыл ғана ойнаған Филипович 13 бәсекенің бірде-біреуінде мергендік таныта алмады.

Сондай-ақ ТОП-10 клубтың қа­та­рында «Жетісу», «Атырау» және «Оқ­жетпес» бар. Бірақ олар­­дың жұм­саған қаржылары жоға­ры­да аталған командалармен салыс­тыр­ғанда түкке де тұрмайды. Бұл ретте тал­дықорғандықтар 155 мыңды Мартин Тошев үшін ғана берді. 29 жастағы болгариялық шабуылшы «Жетісудың» жейдесін киген бір жылда 29 мәрте жасыл алаңға шығып, 13 допты қақпаға тоғытты. Атыраулықтар небәрі 83 мың (сер­бия­лық Йован Джокич – 47 мың, бела­русьтік Филипп Рудик – 36 мың) және көкшетаулықтар 25 мың еуроға ғана шығындалды. Бұл соманың барлы­ғын «Оқжетпес» жалғыз ғана литва­лық қорғаушы Георгас Фрейдгеймасқа жұмсады.