Спорт • 19 Ақпан, 2024

Әбибаның Әзербайжандағы қоласы

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дзюдодан Әзербайжанның астанасы Бакуде өтіп жатқан Grand Slam турнирінің алғашқы күні ерлер екі және әйелдер үш салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. Еліміздің жеті балуаны татамиге шықты. Солардың үшеуі ширек финалға дейін жеткенімен, тек біреуінің ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ол – сол баяғы қазақтың әйелдер дзюдосын өрге сүйреп жүрген қаршығадай қызымыз Әбиба Әбужақынова.

Әбибаның Әзербайжандағы қоласы

Алғашқы кезеңде бос бол­ған 48 кг салмақтағы Әбу­жақынованың келесі кезеңде Африка чемпионы, мав­рикалық Присцилла Мо­раннан мерейі үстем бол­ды. Ширек финалда ол Швецияның жас жұлдызы, қыздар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Тара Бабулфатхқа жол берді. Бұл бәсекенің тағдырын «шидо» шешті. Үш ескерту алған Әбиба бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырылды. Сол 18 жасар Скан­динавия түбегінің сұ­луы Баку­дегі жарыста қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Одан кейін жас­өспірімдер Олимпиадасы мен Дүниежүзілік Универ­сиа­даның жүлдегері, әзер­байжандық Лейла Әлиева мен бельгиялық Лоис Петит­тің аяғын көктен келтірген Әбиба қола медальді мойнында жарқыратты.

60 кг салмақ дәрежесін­дегі Дәурен Сүйкенов ал­ғашқы айналымдарда ита­лиялық Самуэль Аверса мен үндістандық Виджай Ку­мар­ды қапы қалдырғанымен, ши­рек финалда грузиялық Темур Носадзеге есе жіберді. Жұбаныш кездесуінде ол өзбек Камолоддин Бах­тие­ровадан ұтылды. 66 кг сал­мақтағы Сұңғат Жұбатхан­ның филиппиндік Кодо На­кано мен израильдік Тал Флитчерге әлі жеткенімен, испандық Альберто Мартин Гайтероға қарсы айқаста осал­дық танытты. Жұбаныш сайысында қандасымыз ре­сей­лік Руфат Әләскеровке жол берді.

Бауыржан Нарбаев (60 кг) тұсаукесер кезде­суін­де тәжікстандық Мұхам­мед­салах Қуватовтан, Алмас Ға­лымов (66 кг) испаниялық Ньето Чинарродан, Ғалия Тын­баева (48 кг) аустриялық Катарина Танцерден, Бал­нұр Әбдешова (52 кг) хор­ватиялық Ана Виктория Пу­лизден, Толғанай Әбе­уова (52 кг) италиялық Одет­те Джуффридадан және Бал­нур Құсақбаева (57 кг) фин­ляндиялық Пихла Салоннен алғашқы кездесулерінде-ақ ұтылды.

Жарыстың екінші күнін­дегі ең үздік нәтижеміз – 73 кг салмақ дәрежесінде күрес­кен Жансай Смағұлов пен Бақыт­жан Әбдірахмановтың үшінші кезеңге дейін жетуі. Алғашқы екі қарсыласын жеңген Жансай көп кешік­пей әзербайжандық Рашад Мамадәлиевке жол берді. Бірінші айналымда бос бол­ған Бақытжан екінші кез­десуін ұтқанымен, үшін­шісінде франциялық Бенд­жамин Габаға тізе бүкті. Ал Айбол Нысаналы мен Аң­сарбек Гайнуллин (81 кг), Зарина Сарипова мен Есмигүл Куюлова (63 кг) және Екатерина Токарева (70 кг) «шу» дегенде сүрінді.

Кейінгі күні де Қазақстан құрама командасының мү­шелері көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады. Әл­бина Жангелдина мен Мар­гарита Гриценко (70 кг), Ермахан Әнуарбеков пен Мұха­медәли Мавлидов (90 кг), Әділет Сапарғалиев (100 кг) және Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев (+100 кг) алғашқы айналымнан аспады. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта айқасқан Кәмила Берліқаш үшінші ке­зеңде сүрінсе, 20 жастағы Карина Такиева жұбаныш бә­секесінде жеңіліс тапты. Со­лардың арасынан тек Ислам Бозбаевтың жеңіс тұғыры­на көтерілуге жақсы мүмкін­дігі болды. 100 кг салмақ дәрежесінде күш сынас­қан қазақ балуаны бастапқы бәсекелерде кипрлық Геор­гиос Круссианиотакис пен бразилиялық Рафаэль Аугус­то Бузакариниден басым түсті. Ширек финалда оған грузиялық Илья Су­ла­манидзе сан соқырып кетті. Жұбаныш белдесуде Ислам сербиялық Божан До­сенді тізе бүктіргенімен, үшін­ші орын үшін тартыс­та нидер­ландтық Майкл Коррелге шамасы жетпеді.