Аймақтар • 20 Ақпан, 2024

Қазақстандағы 217 ауылда су тасқыны қаупі жоғары - Премьер-министр

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов елде көктемгі су тасқынына қарсы атқарылуы тиіс 218 тапсырманың 92 -сі әлі күнге орындалмай отырғанын айтты. Сондай-ақ Премьер-министр қазірдің өзінде республикадағы кей ауылдар мен көшелердің су басқанын баса айтты. Жауаптыларды жұмысқа селқос қарамауға шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстандағы 217 ауылда су тасқыны қаупі жоғары - Премьер-министр

Фото: gov.kz

Олжас Бектеновтің дерегінше биыл көктемде су тасқыны қаупі жоғары. Соның ішінде 217 елді мекенді су басу ықтималдығы жоғары. Тасқынның болуына көктемгі жаңбыр мен қар суының әсерін ескерген Үкімет басшысы ауыл ішіндегі қарды тазалауға жеткілікті қаржы бөлмеген өңірлерді сынға алды.

«Мысалы, Павлодар облысында қар шығаруға бөлінген 4,5 млрд теңгенің 900 млн теңгесі ғана ауылдық жерлерге көзделген. Қарағанды облысында 5,4 млрд теңгенің 700 млн теңгесі ауылдарға арналған. Ақтөбе облысында – небәрі 100 млн теңге. Өңір әкімдері қарды, әсіресе ауылдық жерлерде уақтылы шығару үшін шаралар қабылдауы қажет. Айта кету керек, елді мекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірде жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр», деді Олжас Бектенов.

Ол Төтенше жағдайлар министрлігіне көктемгі тасқынға дайындық барысын пысықтайтын жұмыстардың форматын ауыстыруды ұсынды. Сонымен қатар Премьер-министр қар суы құрсауында қалу қаупі жоғары ауылдарды бақылауды күшейтуді тапсырды. 

«Жолдардың су басып қалуына байланысты Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Әкімдіктер бұл проблемаларды біле тұра, ешқандай шара қабылдамайды. Біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты. Сондай-ақ арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етулері қажет», деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов су тасқынының алдын алу жұмыстарын жандандыру мен бақылауды орынбасары Роман Склярға жүктеді.