Аймақтар • 20 Ақпан, 2024

Майқайың фабрикасының тоқтауына не себеп?

216 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Майқайыңалтын» АҚ-ға қарасты кен байыту фабрикасы 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтатады. Фабриканың уақытша кідіруіне қалдық қоймадағы шикізаттың таусылуы себеп болған. Ал алтын кенішіндегі жұмыс апат күнінен бері қаңтарылып тұр.

Майқайың фабрикасының тоқтауына не себеп?

Бүгінде «Майқайыңалтын» АҚ-да штаттағы қызметкерлер саны 933 адам­ды құрап отыр. Оның ішінде 143 адам – жыл сайынғы еңбек демалысында, 30 қызметкер – бала күтіміне, 42 қызметкер – уақытша еңбекке жарам­сыздығына байланысты демалыста. Тағы 5 ер азамат  Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеп жүр.

Кеніштегі апат пен оның маңындағы үйлердің мәселесін прокуратура құрған тергеу тобы зерделеп жатқанына байланысты шахтадағы кен қазу жұмыстары 4 қаңтардан бері қаңтарулы. Қазір жала­қысының 50 пайызы төлене отырып 153 қызметкердің жұмысы тоқтап тұр. Олар – шахтаның 109 қызметкері және тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейтін 44 адам.

Енді осы аптаның ортасынан, яғни 22-23 ақпаннан бастап алтын кенішіне қарасты кен байыту фабрикасының да жұмысы уақытша тоқтайды. Бұл туралы Павлодар облысы Еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абы­лай Сабыров хабарлады.

– «Майқайыңалтын» АҚ жұмыс берушісінің ауызша түсіндірмесіне сәй­кес қазіргі уақытта кәсіпорын фабрика жұмысын тоқтатуға дайындық жүргізіп жатыр. Шамамен биыл 22-23 ақпанынан бастап тоқта­тылады деп жос­парланып отыр. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы­сының 50 пайызы төленетін болады. Жұмысы уақытша тоқтатылатын қыз­мет­керлердің саны туралы ақпаратты кәсіп­орын пы­сықтау үстінде. Нақты санын «Май­қайың­алтын» АҚ басшылығы осы ап­таның соңына дейін хабарлауы керек. Жұмыс берушінің ақпараты бойынша қызметкерлерді толық жұмыстан босату мәселесі қарастырылмаған. Фа­брика биыл 1 сәуірден бас­тап қайтадан іске қосылады, – дейді Абылай Ақанұлы.

Белгілі болғандай, фабрика 4 қаң­тарда шахта жұмысын тоқтатқанына бай­ланысты осы уақытқа дейін қалдық қоймадағы шикізатты пайдаланып келген. Кеніштегі апаттың себеп-салдары толық зерделеніп біткенше шахта жабық болады. Соған сәйкес фабрика да өз жұ­мысын жалғастыра алмай отыр.

Бұған дейін Майқайың кенішінің «Шанхай» ауданында тұратын халық әр күнін үреймен өткізіп келе жатқаны туралы жазған едік. Алтын кеніші бұл жерден 300-400 метрдей жерде орналасқан. Кеніште жер жару жұмыстары жүргі­зілгенде, үйіміз жер астына опырылып түсіп кетіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба деген қорқыныш бар жұрт­­тың бойында. Парламент Мәжілі­сіндегі «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол» және «Respublica» партияларының Май­қайың кентіндегі мәселе бойынша жолдаған депутаттық сауалдарына Бас прокурор Берік Асылов жауап берді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай хабарлады.

Бас прокурордың мәлімдеуінше, прокуратура органдарының үйлестіруімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы (По­лиция департаменті, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызмет, Экономи­калық тергеп-тексеру департаменті) құрылып, 4 процестік прокурор тағайындалды.

«Тергеп-тексеру барысында «Қара­ғандыгипрошахт» ЖШС-мен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласын­дағы маман тартылды (кеніштің құлау се­бептері туралы қорытынды беру жəне шахтада жұмыс жүргізу кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтау үшін). Сон­дай-ақ уəкілетті мемлекеттік орган­дардың (Мемлекеттік кірістер депар­та­­менті, Өнеркəсіптік қауіпсіздік де­пар­таменті, «Центрказнедра» РММ, Эколо­гия департаменті, Санита­р­лық-эпидемиологиялық бақылау де­пар­таменті) мамандары жұмылдырылды. Қыл­мыстық іс бойынша бірқатар тергеу əре­кеттері (тінту, алу, сараптама, жауа­п алу жəне т.б.) жүргізіліп жатыр, олардың қоры­­тындысы бойынша кəсіпорынның жауапты тұлғаларының, сондай-ақ уə­кілетті мемлекеттік органдардың лауа­зымды адамдарының əрекеттері мен əре­кетсіздігіне құқықтық баға бері­летін болады. Тергеу жалғасып жатыр», деп жазылған жауапта.

Сонымен қатар осы оқиға бойынша Еңбек жəне халықты əлеуметтік қор­ғау министрлігінің Еңбек жəне əлеу­меттік қорғау комитеті құрған комис­сия жұмыс жүргізіп жатқаны айтыл­ған. Оның құрамына «Авариялық-құт­қару қызметтері қызметкерлерінің жер­гі­лікті кəсіптік одағы» ҚБ өкілі енген. Қо­­рытындысы іс материалдарына қоса тіркелді.

Өз кезегінде, Павлодар облысы əкім­дігі жанындағы өңірлік жедел штаб (құрамына облыстың құқық қорғау, ар­наулы жəне өзге де мемлекеттік орган­дары кіреді) Майқайың кентінің тұр­­ғындарына кəсіпорын өндірісінің əсерінен туындауы мүмкін тəуекелдерді зерделеп жатыр. Кəсіпорынның өнер­кəсіптік алаңы 10 мыңға жуық тұрғыны бар Майқайың кентінің жанында ор­наласқаны анықталды. Санитарлық-қорғау аймағының шекарасы 500 метр, ауданы 17 гектардан астам, Павлодар облысы əкімдігінің 12.02.2013 жылғы №39/2 қаулысымен айқындалған. Ай­маққа 206 жер учаскесі кіреді, оның ішінде 311 адам тұратын баспана ғи­ма­раттары орналасқан 103 учаске бар.

«Прокуратура органдары аталған учас­­келер бойынша жергілікті атқарушы орган­ның əрбір актісінің заңдылығын зерделеп жатыр. Анықтама ретінде бар­лық архив­тік материалдар, оның ішін­де жер-ка­дастрлық істер талап етіл­ді, өйт­кені көп­теген құрылымдар жыл­жы­май­­тын мүлікті заңдастыру бойын­ша заңдастырылған, яғни құқықтары сани­тария­­лық-қорғау аймағы белгілен­генге дейін айқындалған», деп жазылған жауапта.

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы жəне тексеру шаралары бақылауда. Қазір Майқайың кеніші аумағындағы іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірше ойық түбіне техника өздігінен жү­ріп баратындай қауіпсіз жол салынып жатыр. Бұл іске «Майқайыңалтын» АҚ жауаптанды.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті